Accessibility links

Алматы соты белсенді Диана Баймағамбетованы екі айға қамауға рұқсат берді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

14 желтоқсанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 28 жастағы белсенді Диана Баймағамбетоваға бұлтартпас жазасын қолдануға рұқсат беріп, оны екі айға (2021 жылдың 12 ақпанына дейін) қамау туралы шешім шығарды. Баймағамбетова "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік топқа мүше болу" баптары бойынша күдікке ілінген. Соттан кейін қарауыл белсендіні Алматыдағы тергеу изоляторына алып кеткен. Бұл ақпаратты 14 желтоқсанда адвокат Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа хабарлады.

Диана Байғамбетова 12 желтоқсанда Алматыда ұсталған, сол күні уақытша қамау изоляторына қамалған.

Ол биыл үш рет әкімшілік жазаға тартылып, бәрін қосқанда 45 күн қамауда болған. Маусым айында ол - "субботаж" шарасы, тамыз айында - марқұм Дулат Ағаділдің ауылындағы "шеру", қазан айында Алматыдағы акцияға қатысқаны үшін әкімшілік қамауға алынған.

Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар. Бұл екі ұйымды Қазақстан соты "экстремистік" деп танығанмен Еуропарламент 2019 жылғы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған.

Қазан айында Еуропарламенттің 16 мүшесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, "Көше партиясын" да "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.

Биыл мамыр айында бас прокуратураның шағымы бойынша Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған. Прокуратура "Көше партиясы" елде "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санайды.

Ал белсенділер бұл ұйымның ҚДТ-ға қатысы жоғын айтады.

ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік деп таныған сот шешімі жарияланған жоқ. Екі қозғалыстың жақтастары Қазақстанда жиі қуғындалады.

Маусым айында Нұр-Сұлтан соты "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімді апелляцияға берген белсенділер шағымын қанағаттандырмады. Сот шағым түсірген бастама топ өкілдерінің "іске қатысы жоқ" екенін алға тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG