АҚШ-тың Азаттық радиосы жұмысын үйлестіретін агенттігі "Америка дауысы" радиосының бұрынғы журналисі Тед Липиенді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті етіп тағайындады.
АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігінің (USAGM) басшысы Майкл Пэк Азат Еуропа/Азаттық радиосының басшысымен қатар Кубаға хабар тарататын бюро директорын да тағайындады. Майкл Пэк осыдан бір апта бұрын, 9 желтоқсан күні, "Америка дауысы" радиосының бұрынғы директорын осы радионы басшысы етіп қойған.
Тағайындаулар сериясын жасаған Пэктің өзі қызметіне жарты жыл бұрын бекітілген. АҚШ президенті ұсынып, сенаторлар мақұлдаған USAGM басшысы Майкл Пэк қызметіне кірісе сала Азат Еуропа/Азаттық радиосының, Азат Азия радиосы, Таяу Шығысқа хабар тарату желісі мен Кубаға хабар тарататын бюроның басшыларын қызметінен алған.
Тағайындаулар сериясы АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденнің қызметіне кірісуіне бір ай қалғанда жасалып отыр. Қазіргі президент Дональд Трамптың USAGM басшылығына консерватор Пэкті алып келуі демократтардың ызасын тудырған.
Байден мен оның транзиттік командасы Пэктің қызметін толықтай саралайтынын айтып, оның қызметінен алынуы мүмкін екенін меңзеді. Бірақ оның тағайындаулары еңсеріле ме, жоқ па белгісіз.
Липиен "Америка дауысы" радиосына 1973 жылы жұмысқа кіріп, Польша қызметін басқарған. Кейінірек жаңалық және маркетинг жөніндегі бас маманы болып тағайындалған, осы қызметте 2006 жылға дейін болған. Қызметкерлерге жолдаған сәлемдемесінде Липиен коммунистік Польшада өткен балалық шағында Азат Еуропа радиосын тыңдағанын айтты.
"АҚШ халықаралық хабар тарату қызметінің көпжақты жұмысы мен миссиясын Тедтен артық түсінетін адам санаулы" деді Пэк Липиенді таныстыра отырып.
АҚШ-тың хабар тарату қызметінен кеткеннен кейін Липиен "Америка дауысы" радиосы мен USAGM басшыларының ашық сыншысына айналды. Кейін агенттік басшысы болып тағайындалған Пэкті мақтаған.
"Маған осындай тарихы терең ұйымның цензураға төтеп беріп, үнсіздің үнін шығаруды жалғастыру жұмысын сеніп тапсырғаны үлкен мәртебе" деп жазды Липиен Facebook-парақшасында.
Майкл Пэк Кубаға хабар тарату бюросының басшылығына Джефри Скотт Шапироны тағайындады. Ал 9 желтоқсан күні "Америка дауысы" радиосының жетекшілігіне Роберт Р. Рейлиді қойды. Рейли "Америка дауысын" 2001-2002 жылдары да басқарған.
Пэктің бұл қадамдары Трамптың Ақ үйден кетуіне бір ай қалғанда жасалуы Вашингтонда USAGM жұмысына байланысты көптеген сұрақ тудыруы ықтимал.
Демократтар мен кейбір республикашылдар Пэк АҚШ-тың объективті болуға заңмен міндеттелген хабар тарату қызметтеріне біржақты саяси көзқарасты таңуы мүмкін деп алаңдайды.
Қараша айында АҚШ федералды судьясы Пэктің жаңалық тарату мен редакция алқасының жұмысына қатысты әрекеттері конституцияға қайшы деп тауып, қол сұғуды тоқтатуды және журналистердің "Бірінші түзетуде көрсетілген құқықтарын" (АҚШ конституциясына енгізілген түзетулер – ред.) бұзбауды бұйырды.
USAGM-нің тамыз айында қызметінен уақытша шеттетілген бес қызметкері Пэктің үстінен түсірген шағымында Пэк пен оның тағайындаған адамдары Бірінші түзетуге және АҚШ хабар тарату қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін нормативтік актіге қайшы әрекеттер жасады деп айыптады.
Пэк шағымды "негізсіз" деп атап, өзінің және өзі тағайындаған адамдардың шешімі "дұрыс және заңды" деді.
USAGM Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан журналисі, осы күнге дейін радио президентінің міндетін атқарып келген Дэйзи Синделардың радио вице-президенті әрі бас редактор қызметіне оралғанын мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР