Түркістан облысы Келес аудандық соты "экстремистік ұйым жұмысына қатысқан" 44 жастағы Марат Дүйсембиевті үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Бұл туралы белсендінің туыстары хабарлады. Ақпаратты Келес аудандық соты да растады.
Келес аудандық сотының мәліметінше, Марат Дүйсембиев Қылмыстық кодекстің 405-бабының ("Экстремистік не террористік деп танылған ұйым жұмысына араласу") 1, 2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сот онлайн режимде өтті. Дүйсембиев үкімді Шымкент қаласындағы ИЧ-167/11 мекемесінде тыңдады. Сотқа оның туыстары қатыспады. Адвокаты Абдраман Аққұлов белсендімен сөйлеспейінше іс туралы пікір білдіре алмайтынын айтты.
Сот үкімі шыққан соң туыстары белсендіні қамау орнынан алып кетуге барған. Бірақ абақты әкімшілігі "сот үкімінің келмеуіне" байланысты Дүйсембиевті тек 23 желтоқсанда шығаратынын айтқан.
Іс сотқа 11 қарашада түскен. 27 қазан күні Дүйсембиевтің туыстары оған түрмеде қысым жасалғанын мәлімдеген. 30 қараша күні қазақстандық құқық қорғаушылар Марат Дүйсембиевті "саяси тұтқын" қатарына қосты.
Марат Дүйсембиевтің үстінен 5 тамызда Қылмыстық кодекстің 274-бабымен ("Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату") іс қозғалған. 17 қыркүйекте іс Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("Экстремистік не террористік деп танылған ұйым жұмысына араласу") қайта сараланып, белсенді күдікті ретінде екі айға қамауға алынған. Тергеуді Түркістан облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізген.
Дүйсембиев жұртты Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысы ұйымдастырған митингілерге шақырғаны үшін жазықты болған. Қазақстан соты шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер, билік сыншысы Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Әблязов сот шешімімен келіспейді және тыйымның саяси астары бар деп санайды. Қазақстан билігі ҚДТ ұйымын қолдаған белсенділерді қамап, айыппұл салып, жиі жазалайды.
ПІКІРЛЕР