АҚШ 9 тамыздағы президент сайлауына қатысты әрекеті үшін Беларусь билігіне санкцияны күшейтті.
Сәрсенбі күні АҚШ қаржы министрлігінің ресми сайтында жарияланған хабарламада осыған дейін жасалған санкция тізіміне тағы бір жеке тұлға мен төрт ведомствоның енгені жазылған. Олар "сайлау нәтижесін бұрмалауға және бейбіт шеруге қатысқандарды жазалауға атсалысқаны үшін" тізімге еніп отыр.
"Тізімдегі тұлғалар Беларусьтегі демократиялық процестер мен институттарға нұқсан келтіргені үшін жауапты" делінген хабарламада.
Санкция тізіміне орталық сайлау комиссиясы, мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қарасты "Альфа" бөлімі, арнайы жасақ, қалалық милиция және ішкі істер вице-министрі Геннадий Казакевич енген.
Санкция салынған шенеуніктер мен ведомстволардың АҚШ-тағы активтері бұғатталады. АҚШ азаматтарына олармен қарым-қатынас орнатуына да тыйым салынған.
"Белорус халқы негізгі азаматтық құқықтарын бейбіт жүзеге асыруға тынбастан ұмтылып келеді. Ал мемлекет оларды қудалауын доғарар емес" деді АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин.
9 тамызда өткен президент сайлауында Александр Лукашенко алтыншы мәрте президенттікке сайланды деп жарияланғалы бері елде наразылық толастамай тұр. Сайлау кезінде дауыстардың жаппай бұрмаланғанын айтқан оппозиция нәтижені мойындамайтынын мәлімдеген. Оппозиция жақтастары сонымен бірге биліктің шерулерді күшпен басып, белсенділерді қудалауын да айыптаған. Наразыларды күшпен тарату кезінде кемінде 5 адам қаза болған, 6 адамнан әлі күнге дейін хабар жоқ. Құқық қорғаушылар мәліметінше, шамамен 30 мың белорус қудаланып, қоқан-лоқы көрген.
Наразылар Лукашенконың отставкаға кетуін, барлық саяси тұтқындарды босатуды және жаңадан сайлау өткізуді талап етеді.
Еуроодақ пен АҚШ Беларусьтегі президент сайлауының нәтижесін мойындамады. Лукашенко сайлау нәтижесі бұрмаланғанын жоққа шығарған және наразылардың артында "шетелдік қуыршақтар" тұр деп тұжырымдаған.
ПІКІРЛЕР