Accessibility links

Трансгендер әйелді зорлады деп айыпталған ҰҚК экс-қызметкерінің үкімі өзгермеді


Жәбірленуші тұтқын Виктория Берікқожаева сот отырысынан кейін. Алматы облысы Өтеген батыр ауылы, 6 наурыз 2020 жыл.
Жәбірленуші тұтқын Виктория Берікқожаева сот отырысынан кейін. Алматы облысы Өтеген батыр ауылы, 6 наурыз 2020 жыл.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы "трансгендер әйел Виктория Берікқожаеваны зорлады" деп айыпталған ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері С.А.-ның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Сот сонымен бірге жазаны күшейту туралы шағым түсірген Берікқожаеваның өтінішін де орындамады.

6 қазанда Алматы облысының Іле аудандық соты "азаптау" және "зорлау" баптары бойынша айып тағылған С.А-ны 5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Сот үкімі күшіне енді.

Апелляциялық сот отырысы онлайн режимде өтті. Айыпталушы оған Алматыдағы тергеу изоляторынан қатысты. Басқа іс бойынша сотталып, әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Берікқожаева процеске қатысқан жоқ. Сотта оның мүддесін адвокат Айман Омарова қорғады. Ол айыпталушыны барынша қатал жазалауды сұрады. Оның сөзіне қарағанда, бірінші инстанцияда шыққан "жұмсақ" үкім жәбірленушіге қосымша моральдық салмақ түсірген.

ҰҚК бұрынғы қызметкерінің адвокаты Серік Ноғайбаев "айыпталушының кінәсі дәлелденбегендіктен оны толық ақтауды" сұрады. Ол бүгінгі қаулыға кассациялық шағым түсіретінін айтты.

Прокурор үкімді өзгеріссіз қалдыруды өтінді.

Берікқожаеваны зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс 2019 жылы жазда қозғалған. Күзде "азаптау" айыбы да қосылды. Қазанда ҰҚК экс-қызметкері қамауға алынды.

Берікқожаева мен Омарова осыған дейін тергеу кезінде қатты қысымға ұшырағанын, істің сотқа жетуіне көп күш салғанын айтқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG