Accessibility links

Қалқаман ауруханасының қызметкерлері үстемақының тоқтап қалғанына наразы


Үстемақыларын даулап тұрған медицина қызметкерлері. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.
Үстемақыларын даулап тұрған медицина қызметкерлері. Алматы, 24 желтоқсан 2020 жыл.

24 желтоқсанда Алматыда N1 Қалқаман ауруханасының ондаған қызметкері үстемақыларын даулап, мекеме алдына жиналды. Медицина қызметкерлері қазан айында коронавирус жұқтырғандарды емдейтін қызметкерлерге төленуі тиіс үстемақылары тоқтап қалғанын айтып, қалпына келтіруді талап етті.

- Қазан айынан бері КВИ ақшасын алмадық. Біз коронавирус жұқтырғандармен тіке жұмыс істейміз. Екінші категорияға кіреміз. Бізде пульмонологиялық орталық бар. Бізге науқастар келеді. Оларды "фильтрге" жатқызамыз. Анализдерін аламыз. Екі-үш күн жатады. Коронавирус тесті оң шықса, инфекциялық ауруханаларға ауыстырамыз. Бірақ неге екені белгісіз, бүкіл қалада сондай қызмет көрсететін дәрігерлерге төленеді де, Қалқаманда төленбейді. Аурухана әкімшілігі бізге әкімдікке хат жібердік деп айтты. Оларға өкпеміз жоқ. Жоғары жақтағылардан осы мәселені дұрыстап қарап, шешуді талап етеміз, - деді зертхана қызметкері Қарлығаш Исабекова.

Айына 60-70 мың теңге алатынын айтқан мекеме қызметкерлері әлеуметтік жағдайларының нашарлығына шағымданды. "Үстемақы төлеуді талап етеміз" деп те айқайлады.

Сәлден соң олардың алдына аурухана басшысы Эрнест Қалиев шықты. Ол басында қызметкерлерге "тізім бойынша үстемақы төленіп жатқанын" айтса да, есепші келген соң пікірінен айныды.

Мекеме есепшісі Юлия Гречко қазан айынан бастап провизорлық аурухана қатарынан шығарылып, коронавирус күдігіне ілінгендерді ғана жатқызатын бөлімнің 80 қызметкерінің үстемақы алмағанын растады. Оның айтуынша, әкімдік "қауіпті аймақта көп адам жұмыс істейді" деп тізімді мақұлдамаған.

"Енді карантиндік стационар жасауды өтініп тағы хат жаздық" дейді ол.

Мекеме басшылығы медицина қызметкерлеріне "мәселе алдағы уақытта шешілуі тиіс" деді.

Қазақстанда осыған дейін де бірнеше қалада медицина қызметкерлері үстемақы ала алмай отырғанын айтып шағымданған. Қазақстанда заң бойынша коронавируспен күрескен медицина қызметкерлеріне үш категория бойынша үстемақы төленеді. Екінші категорияға енген қызметкерлерге 400-мыңнан астам үстемақы төленеді.

Ресми мәлімет бойынша, індет кезінде 13 мыңға жуық медицина қызметкеріне коронавирус жұққан, 200-ге жуығы қайтыс болған.

Қарай отырыңыз: Үстемақы мен өтемақы дауы жалғасып жатыр (21 желтоқсан 2020 жыл).

Үстемақы мен өтемақы дауы жалғасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG