Accessibility links

Voices of Kazakhstan: Қазақстандағы сайлауды бақылайтын жаңа платформа пайда болды


Партиялардың плакаттарына арналған орын және тұрғындар. Алматы, 13 желтоқсан 2020 жыл.
Партиялардың плакаттарына арналған орын және тұрғындар. Алматы, 13 желтоқсан 2020 жыл.

Италияның Адам құқығы жөніндегі федерациялық қор (FIDU) президенті Антонио Станго мен АҚШ-та тұрып жатқан қазақстандық кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев жетекшілік ететін Freedom Kazakhstan қоры (FKF) алдағы парламент сайлауының нәтижелері туралы мәліметтер жариялап отыратын Voices of Kazakhstan бірлескен жобасы ашылғанын хабарлады.

Жоба Telegram чат-боттарының көмегімен жүзеге аспақ. Жобаны 23 желтоқсанда Facebook желісінде "Ашық диалог" қорының президенті Людмила Козловска мен "Уральская неделя" басылымының директоры Тамара Еслямова таныстырды.

FKF қорының жетекшісі Барлық Меңдіғазиевтің сөзіне қарағанда, жаңа платформа белорус белсенділерінің президент сайлауы кезіндегі тәжірибелеріне сүйеніп жасалған. "Ол барлық тәуелсіз бақылаушыларды біріктіруге мүмкіндік беруі тиіс".

- Індет кезінде халықаралық қауымдастық тарабынан көптеген бақылаушылар мен журналистер келе алмайтындықтан Антонио Стангодан сайлауды объективті бақылауға көмектесуін сұрағанмын. Ол қолдады. Басты талап - [сайлаушылар] бюллетеньдерді екі жағынан анық етіп түсіріп, жолдауы тиіс, - деді Барлық Меңдіғазиев.

Жобамен айналысып жатқан техникалық топ өкілдерінің айтуынша, сайлау аяқталғаннан кейін хабарламалар сұрыпталып, тез арада нәтижесі жарияланады. Жобаға барлық азаматтар, сайлауға түсіп жатқан партия өкілдері де қатыса алады.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Оған "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.

Желтоқсан айының басында орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз байқаушылар туралы қаулы қабылдаған. Құжатта сайлауды бақылауға құқығы бар ұйымдар ғана сайлау учаскесіндегі дауыс беруді қадағалай алатыны, ал фото-видеоға түсіру үшін сайлау комиссиясының рұқсаты керек екені айтылған. Тәуелсіз байқаушылар бұл талап заңға қайшы деген. Осыған дейін бірқатар белсенділер жоғарғы соттан "заңсыз қаулының" күшін жоюды талап еткен.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған. Былтыр өткен президент сайлауында да ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. 2019 жылы президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Құқық қорғаушылар сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды жосықсыз қудалап, жазалағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG