Accessibility links

Молдованың жаңадан сайланған батысшыл президенті "адал әрі ашық" болуға уәде берді


Майя Санду инаугурация кезінде. Кишинев, 24 желтоқсан 2020 жыл.
Майя Санду инаугурация кезінде. Кишинев, 24 желтоқсан 2020 жыл.

24 желтоқсанда Майя Санду Молдова президенті қызметіне кірісті. Парламент пен конституциялық соттың салтанатты отырысында ант қабылдаған Санду барлық молдовалықтардың "адал әрі ашық президенті" болуға уәде берді.

Гарвард университетінің түлегі, Дүниежүзілік банкте экономист қызметін атқарған, Батыспен тығыз қарым-қатынасты қолдайтын Санду өткен айдағы президент сайлауында қарсыласы Игорь Додонды басымдықпен жеңген.

Сайлауалды кампаниясы кезінде ол Еуропадағы ең кедей елдердің бірі – Молдовада етек алған жемқорлықпен күресетінін айтқан. Инаугурация рәсімі кезінде 48 жастағы Санду коронавирус індетімен күреске және экономикалық дағдарысты еңсеруге де көп күш жұмсайтынын айтты. Молдова тез арада коронавирус вакцинасын сатып алуы тиіс деді ол.

Санду сонымен бірге денсаулық сақтау жүйесін модернизациялау қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, індет кезінде денсаулық сақтау саласының кемшіліктері барынша айқын көрінген. Одан бөлек, сыртқы саясатта Еуропамен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейтінін жеткізді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Кейл Браун Молдова тарихындағы алғашқы әйел президент атанған Сандуды қызметке кірісуімен құттықтады. АҚШ Молдованың егемендігін нығайтып, территориялық тұтастық, заң үстемдігі, демократиялық реформаларды ілгерілету, экономикалық әл-ауқатты жақсарту мәселесі бойынша бірге жұмыс ісетуге дайын деді Браун.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG