Accessibility links

Сот белсенді Әбішевтің жазаны жеңілдету өтінішін тағы қанағаттандырмай тастады


 Әсет Әбішев сот жиынында үкімді тыңдап тұр. 30 қараша, 2020 жыл.
Әсет Әбішев сот жиынында үкімді тыңдап тұр. 30 қараша, 2020 жыл.

Қапшағай қалалық соты бүгін 43 жастағы белсенді Әсет Әбішевтің қалған мерзімін бостандығын шектеу жазасымен алмастыру өтінішін тағы да қанағаттандырмай тастады. Әбішев қазір Алматы облысының Заречный ауылындағы жалпы режимдегі колонияда (қауіпсіздігі орта деңгейдегі ЛА-155/14 мекемесі) бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр. Бұл фактіні растаған мекеме өкілі Әбішевтің түрме мерзімі 2018 жылғы 5 шілдеде басталып, 2022 жылғы 16 наурызда аяқталатынын айтты.

Әсет Әбішевтің өтініші не себепті қанағаттандырылмағаны белгісіз. Сот отырысы онлайн режимде өтті. Жазасын өтеуші соттың бүгінгі шешіміне Алматы облыстық апелляциялық сотында наразылық білдіре алады.

Қазақстанның біренше құқық қорғау ұйымы Әсет Әбішевті саяси тұтқын қатарына қосқан. Төрт жылға сотталған белсенді бұдан бұрын да қамаудан мерзімінен бұрын босап шығуға әрекет жасаған. Бірнеше құқық қорғаушының пікірі бойынша, саяси ұстанымдары мен қамаудағылардың құқықтарын қорғау әрекеті үшін түрме басшылығы Әбішевке қырын қарап келеді.

Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деген күдікпен 2018 жылғы 5 шілдеде қамауға алынған. Оған шетелде тұратын оппозицияшыл саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысты деген айып тағылды.

2018 жылғы 30 қарашада Әсет Әбішев Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы және 266-бабының 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Адвокат Гүлнар Жуаспаеваның айтуынша, 2019 жылғы 23 сәуірде түрмеге әскер кірген кезде жазасын өтеп жатқан белсенді Әсет Әбішевті әлдекімдер соққыға жыққан. Алайда адвокаттың бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғату талпынысы нәтиже бермеді. Прокуратура Әбішевтің соққыға жығылғанын жоққа шығарады, дегенмен, әскер кіргізу оқиғасынан соң оған медициналық жәрдем керек болғанын мойындайды.

  • 2019 жылғы 27 желтоқсанда Қапшағай қалалық соты Әбішевтің түрме мерзімін жеңіл жаза түрімен ауыстыру өтінішін алғаш рет қанағаттандырмай тастаған. Бұған Әбішев әрекетінен түзелу ниетін байқалмайтыны негізі болған.
  • 2020 жылғы 12 ақпанда Қапшағай қалалық соты Әсет Әбішевтің түрме мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру өтінішін екінші рет қанағаттандырмай тастады.
  • 13 наурызда сот Қылмыстық кодекс нормаларының өзгеруіне байланысты Әсет Әбішевтің жаза мерзімін үш ай, 19 күнге қысқарту туралы шешім шығарды.
  • 6 сәуірде Әбішев мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш берді. Өтініш берген тұста ол түрмеде ешқандай ескерту алмаған. Дегенмен 7 сәуірде Әбшевтен "тыйым салынған зат" (ұялы телефон) табылып, жазасын өтеуші ескерту алып, 15 тәулікке тәртіптік изоляторға қамалды.
  • 8 сәуірде коронавирус пандемиясы кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту туралы талап қойғаны үшін Әбішевті карцерге қамағанын адвокаты хабарлады. Алматы облысының прокуратурасы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Карцерде жатқан Әбішев аштық жариялады.
  • 20 мамырда Қапшағай қалалық соты түрме әкімшілігінің өзіне қатысты заңсыз әрекеттері туралы Әбішевтің шағымын қарастырмастан кері қайтарды.
  • 5 шілдеде Қапшағай қалалық соты Әсет Әбішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Қазақстанның бірнеше құқық қорғау ұйымы Әсет Әбішевті саяси тұтқын деп санайды. Қазақстан басшылығы елде саяси тұтқын бар дегенді мойындамайды және билікке қарсы пікірдегі, өзгеше ойлы азаматтарды қудалау фактілерін жоққа шығарады.

Еуропарламент 2019 жылы қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

2020 жылғы маусымда Американың Демократиялық және Республикалық партияларының атынан өкілдік ететін 12 сенаторы Әсет Әбішевті және көзқарасын бейбіт түрде білдіргені үшін түрмеге қамалған өзге де азаматтарды қамаудан дереу босатуға шақырып, Қазақстан билігіне хат жолдады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазылған хат 30 маусымда сенаттың халықаралық қатынастар комитетінің тең төрағасы, сенатор Роберт Менендестің парақшасында жарияланды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG