Accessibility links

АЕ/АР Ресей билігінің бес азаматты "шетел агенттері" қатарына енгізгенін айыптады


Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы бас кеңсесі.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы бас кеңсесі.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Ресей билігінің бес азаматты "шетел агенті" ретінде танылған ақпарат құралдарының тізіміне енгізуін айыптады. Бес адамның арасында Азаттықтың Орыс қызметімен әріптестік орнатқан журналистер де бар. Әділет министрлігінің шешімі 28 желтоқсанда жарияланды.

"Ресейдің кәсіпқой журналистерді "шетел агенті" деп атауын айыптаймыз. "Север.Реалии" жобасымен айналысатын әріптестеріміз сөз бостандығынан бастап, жемқорлық, коронавирус құрбандарының артуы сияқты мәселелерді қамтып, ақпарат таратуға жауапкершілікпен қарады. Әділет министрлігі осындай шешім шығару арқылы фактілерді бұрмаламай, объективті ақпарат таратуды қылмыс көретінін айқын дәлелдеді. Ресей азаматтарына ақпарат таратып, қорғап, пікір айтуына мүмкіндік беруге тырысқан адамдардың үнін өшіру үшін ештеңеден тайынбайтынын көрсетті" деді АЕ/АР корпорациясының вице-президенті әрі бас редакторы Дэйзи Синделар.

Дүйсенбі күні Ресей әділет министрлігі бес адамды "шетел агенті міндетін атқаратын ақпарат құралдарының" тізіміне енгізген еді. Реестрге құқық қорғаушы Лев Пономарев, азаматтық белсенді Дарья Апахончич, Азаттықтың Орыс қызметімен әріптестік орнатқан журналистер Людмила Савицкая және Сергей Маркелов, "Псковская губерния" сайтының редакторы Денис Камалягин енген. Министрлік бес адамды қандай негізбен тізімге енгізгенін түсіндірмеді.

Осыған дейін Ресей билігі "шетел агенті" ретінде танылған ақпарат құралдарының қатарына Азаттықтың Орыс қызметі мен аймақтық жобалары, "Настоящее время" телеарнасы және Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының бірнеше бөлімін енгізген. Заң ақпарат құралдарын тұрақты түрде қаржылай есеп беріп отыруға, материалдарында "шетел агенті" статусы берілгенін көрсетіп отыруы тиіс.

Ресей билігі бұл шаралар редакцияның әкімшілік, техникалық параметрлеріне ғана әсер етеді, бірақ журналистердің шығармашылық еркіндігін шектемейді деп санайды. АЕ/АР медиакорпорациясының басшылығы Ресей билігінің "шетел агенті" туралы заңмен байланысты әрекетін журналистерді қудалауға бағытталған, тек Кремль мақұлдаған ақпараттардың тарауын көздейтін қауіпті талпыныс деп атады. АҚШ заңы АЕ/АР журналистерінің тәуелсіздігіне кепілдік береді және редакция саясатына саяси, цензуралық тұрғыда араласуына жол бермейді.

Азаттықтың Орыс қызметі Ресейде барған сайын танымал болып барады. 2020 жылы Азат Еуропа/Азаттықтың Орыс қызметінің сайтына бір айда шамамен 12 млн адам кірген. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген ең жоғары көрсеткіш. Youtube-тегі парақшасында оқырмандар миллионнан асады, Facebook-та 720 мыңға жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG