Ресейдің жазаны атқару федералдық қызметі (ФСИН) оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдан 29 желтоқсанға дейін ведомствоның Мәскеудегі бөлімшесіне жолығып, тіркелуді талап етті. Ведомство әйтпесе саясаткердің шартты жазасы түрме жазасына айналуы мүмкін деп ескерткен.
Навальный адвокаты Вадим Кобзев Twitter-де осылай деп жазды.
Навальный қазір Германияда денсаулығын түзеп жүр.
ФСИН ресми сайтындағы хабарламада Lancet журналының 22 желтоқсан күнгі мақаласына сілтеп, Навальныйдың 20 қыркүйекте ауруханадан шығарылғанын атап өткен.
"Мақалаға сенсек, А.А.Навальный "Шарите" клиникасынан 20 қыркүйекте шығарылған, ал 12 қазанға таман құлан-таза айыққан. Осылайша шартты түрде сотталушы сот міндеттеген шарттарды орындамай, қылмыстық-атқару инспекциясы бақылауынан жалтарып жүр" делінген хабарламада.
ФСИН сотталушының қылмыстық-атқару инспекциясынан жалтарып жүргені расталса, шартты жазаны түрме жазасымен алмастыру туралы сотқа өтініш түсіре алатынын да ескерткен.
Ал Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыштың айтуынша, 30 желтоқсанда Навальныйдың бақылауда болу мерзімі аяқталады. Алайда ФСИН сотқа өтініш түсіріп, өтініші қанағаттандырылса, Навальныйға шынымен түрмеге қамалу қаупі төнеді.
"Ив Роше" деген атпен танылған іс бойынша Навальный 2014 жылы 30 желтоқсанда 3,5 жылға шартты түрде сотталған. Оған "алаяқтық" бабы бойынша айып тағылды. Навальный тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол істің саясиланғанын айтқан.
"ФСИН "Лансеттегі" мақалаға сүйене отырып, мені қамауды талап етейін деп жатыр. Бірақ кешіріңіз, мақала менің "Новичок" уымен уланғаным жайлы болатын. Демек, мемлекет ресми деңгейде уланғанымды мойындады. Ендеше қылмыстық іс қайда?" деп жазды Навальный.
Оның айтуынша, бұған дейін Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты Навальныйдың "Ив Роше" ісі бойынша құқықтары бұзылғанын растап, Ресейді өтемақы төлеуге міндеттеген.
Еуроодақ пен Ресей арасында коронавирусқа байланысты әуе қатынасы шектелген, сол себепті Навальныйдың 29 желтоқсанға дейін Мәскеуге баруы теория жүзінде де мүмкін емес дейді кейбір сарапшылар.
- Тамыз айында Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан Навальныйдың хәлі күрт нашарлап, есінен танып қалған. Пилот ұшақты жол бойындағы Омскіге жедел қондырып, әуежайға шақыртылған жедел жәрдем қызметі Навальныйға атропин дәрісін беріп, оны жергілікті ауруханаға жатқызған. Екі күннен кейін ес-түссіз жатқан Навальныйды арнайы медициналық ұшақпен Берлинге алып кеткен. Берлинде алынған биологиялық үлгілер Навальныйдың "Новичок" уымен уланғанын көрсетті. Бұл нәтижені басқа тәуелсіз зерттеулер де растаған. Ресей президенті Владимир Путин Навальныйда елден шығуға шектеу барын айтып, оны шетелге емдеуге жіберуге жеке өзі атсалысқанын айтқан. Ал Навальный шартты жазаға қарамастан өзінде шектеу жоғын айтқан.
- ФСИН сүйенген Lancet журналындағы мақалада Навальныйдың "құлақ-таза айығып кеткені" айтылмаған - 12 қазанда саясаткерде невропотология-психосоматикалық ауытқушылықтар білінбеді деп жазылған.
ПІКІРЛЕР