Мәжіліс және мәслихат сайлау өтетін күн - 10 қаңтарда дене қызуы бар азаматтар сайлау учаскесіне кіргізілмейді. 29 желтоқсан күнгі брифинг кезінде Алматы қаласының аймақтық сайлау комиссиясының төрайымы осылай деп хабарлады. Ал құқық қорғаушы "дене қызуы бар адамдарды дауыс беру құқығынан айыру - адам құқығын бұзу" деп санайды.
Алматы қаласының аймақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанованың айтуынша, 10 қаңтарда қаладағы сайлау учаскелерінің кіре берісіне келгендердің дене температурасын өлшеп тұратын арнайы жабдық орнатылады.
— Дене қызуы бар сайлаушы сайлау учаскесіне кіргізілмейді. Олар дауыс бермейді. Себебі, қазір коронавирус жұққандар артып барады, қауіп бар. Сайлау учаскесінде дене қызуы көтерілген адамдардан бөлек, денсаулығын қорғағысы келетін адамдар бар ғой. Сол себепті ережеге сәйкес, температурасы бар адамдар көпшілік орынға жіберілмейді, — деді Асанова.
Сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, денсаулығына байланысты немесе үйде науқас туысын қарап, учаскеге бара алмайтын адамдар түскі 12-ден кешікпей жазбаша өтініш жазып, сайлау комиссиясы мүшелерін үйге шақыра алады. Асанованың айтуынша, өтінішті сайлаушының өзі немесе сенімді өкілі тапсыруы тиіс. Телефон арқылы өтініш қабылданбайды.
— Температурасы бар кез келген адам сайлау учаскесіне барып, айналадағы адамдардың өмірін қауіпке тігеді деп ойламаймын, құқығым бұзылды деп дауламайды деп санаймын, - деді Асанова.
Ол маскасы жоқ адамдардың да сайлау учаскесіне кіргізілмейтінін айтты. Стационарларда коронавирустан емделіп жатқан адамдарға ауруханада арнайы учаскелер ашылады.
Liberty қоғамдық қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов дене қызуы бар адамды дауыс беру құқығынан айыру - адам құқығын бұзу деп бағалайды.
— Олардың дауыс беруге құқығы бар - бұл олардың ажырамас құқығы. Карантинге сілтеу де дұрыс емес. Мемлекет оларға балама мүмкіндік беруі тиіс қой. Егер адам дауыс беретін күні ауырып қалса, 12-ге дейін сайлау учаскесіне хабарласа алады, комиссия мүшелері жылжымалы жәшікпен келіп, дауыс беруіне жағдай жасауы тиіс. Адам температурасы бар екенін учаскеге келгеннен кейін бір-ақ білуі мүмкін ғой. Барлық сақтық шаралары сақталуы тиіс. ОСК қаулысымен әр комиссияда қорғаныш киім киген медицина қызметкерлері болуы керек. Бұл қызметкерлер жылжымалы жәшікпен сондай адамдарға қызмет көрсетуге міндетті. Өзге елдерде мұндай тыйым жоқ, — деді құқық қорғаушы.
Желтоқсан айының басында орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз байқаушылар туралы қаулы қабылдаған. Құжатта сайлауды бақылауға құқығы бар ұйымдар ғана сайлау учаскесіндегі дауыс беруді қадағалай алатыны, ал фото-видеоға түсіру үшін сайлау комиссиясының рұқсаты керек екені айтылған. Тәуелсіз байқаушылар бұл талап заңға қайшы деген. Осыған дейін бірқатар белсенділер жоғарғы соттан "заңсыз қаулының" күшін жоюды талап еткенмен өтініштері қанағаттандырылмады.
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді.
ПІКІРЛЕР