Accessibility links

Жоғарғы сот ОСК қаулысына қатысты түсірілген 32 шағымды кері қайтарды


Орталық сайлау комиссиясының қоршалған ғимараты. Нұр-Сұлтан, 10 желтоқсан 2020 жыл.
Орталық сайлау комиссиясының қоршалған ғимараты. Нұр-Сұлтан, 10 желтоқсан 2020 жыл.

Қазақстан жоғарғы сотының мамандандырылған сот алқасы орталық сайлау комиссиясының (ОСК) даулы қаулысына қатысты түскен шағымдарды қарай бастады. Бұл туралы жоғары соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов Facebook-тағы парақшасында хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, осыған дейін ұзын-ырғасы 35 шағым түскен. 32 арыз "құжаттарды рәсімдеуге қатысты талаптарды сақтамағандықтан" қайтарылған. Қалған үшеуі "шағымдану мерзімінің өтуіне байланысты" қаралмаған.

"Өтініштердегі түрлі қателіктерге" тоқталған баспасөз хатшысы көптеген арыздардың бір-бірінен айнымайтынын, оған "ұйымға қандай қатысы бары белгісіз" адамдардың қол қойғанын атап өткен.

"Осы жайттарға қарап, бұл әрекеттер өтініш берушілердің құқықтық білімі жоқ және кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінбей [өтініштерді] рәсімдеген" немесе сайлау процесі төңірегінде теріс қоғамдық пікір қалыптастыруды көздейді деп тұжырымдауға негіз береді" деп жазды баспасөз хатшысы.

Айдос Сәдуақасов шағымдары кері қайтарылған ұйымдардың бірі ретінде Ирина Медникованың "МИСК" қоғамдық қорын атап, сотқа құжат қор атынан жіберілсе де, оған Медникованың өкілетін растамай өзі қол қойғанын жазған.

Алайда Ирина Медникованың өзі бұл жауаппен келіспейді.

- Біздің арызымызды "арыздану мерзімі өтіп кеткен" деп кері қайтарды. Бірақ мұнымен келіспедік, себебі шағым беруге он күн мерзім бар. Ал МИСК директоры ретінде өз электронды қолыммен (ЭЦП) қол қоямын, себебі өз ұйымым атынан арыздану үшін маған сенімхаттың керегі не? - дейді ол.

Азаттық Айдос Сәдуақасовтан арыздары қаралып жатқан үш ұйым туралы сұраған еді. Бірақ ол "сот тәуелсіздігі мен тараптардың құпиясына" сілтеме жасап жауап беруден бас тартты.

4 желтоқсанда ОСК "2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген Қазақстан Республикасы парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының құзыретін жүзеге асыру мәселелері туралы" қаулысын жариялаған. Кандидаттардың сенімді тұлғалары, бақылаушылар мен ақпарат құралы өкілдерінің құқықтары мен міндеттері көрсетілген қаулы үкіметтік емес ұйымдар тарапынан сынға ұшырады.

Ал қаулыда бұл құжат халықаралық құжаттарға "сәйкес келеді" деп жазылған. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев қол қойған қаулыда оның "Сайлау туралы" конституциялық заң негізінде әзірленгені көрсетілген.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG