2020 жылды көбіміздің ұмытқымыз келер, бірақ биыл сүреңсіз хабарлардың көлеңкесінде қалып қойған, айтуға тұрарлық бірнеше жақсы жаңалық та болды.
ЖАҢА ҚУАТ КӨЗІ: ЯДРОЛЫҚ СИНТЕЗ ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТЕЙІН ДЕП ТҰР
Қалаларды электр қуатымен қамтамасыз ете алатын, таза энергия көзі саналатын термоядролық реакторлар арман болатын. Бірақ биыл тамызда Эммануэль Макрон Халықаралық термоядролық тәжірибелік реакторды (International Thermonuclear Experimental Reactor – ITER) құрастыру кезеңін іске қосып, әлгі арманның орындалуы бір табан жақындай түсті.
Ядролық синтез электр қуатын өндіруді түбегейлі өзгертуі мүмкін. Хиросимадағыдай реактоларда энергия ядроның шағын бөлшектерге бөлінуі негізінде алынса, ядролық синтезде керісінше, вакуумда қатты қыздырылған бөлшектер бірігіп, үлкен атом түзуі нәтижесінде алынады. Соңғысында климатты ластайтын заттар бөлінбейді, бірақ өнімділік жоғары. Ядролық синтез үшін көп отын қажет емес, соның өзі теңіз суынан алынады.
ITER жобасын алғаш болып 1985 жылы Совет Одағы басшысы Михаил Горбачев АҚШ президенті Рональд Рейганға ұсынған. Содан бері осы жоба бойынша түрлі халықаралық келісімдер жасалды. ITER жобасының алғашқы сынағы 2025 жылға белгіленген.
Баяу жылжыған жоба басқа, әлдеқайда жігерлі компанияларды өздері жасаған термоядролық камераларымен тәжірибе жасап көруге шабыттандырды.
Жобаның баяу жүруі сопақша пішінді термоядролық камераның түрлі нұсқасының пайда болуына ықпал етті. Алғаш болып 1950 жылы Совет ғалымдары сипаттаған бұл жоба болашақта энергетика проблемаларының шешімі болуы мүмкін.
ЧЕРНОБЫЛЬДЕГІ САҢЫРАУҚҰЛАҚ ҒАРЫШТЫҚ РАДИАЦИЯДАН ҚОРҒАЙДЫ
Тамызда Стэнфорд университеті мен Солтүстік Каролина университетінің зерттеушілері Чернобыльде өсетін зең саңырауқұлағы туралы мақала жариялады. Мақалада аталған саңырауқұлақтың ғарышкерлерге Марсқа жетіп, ол жерде қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасауға қолданылуы мүмкін екені айтылады.
Чернобыль АЭС-сіне барып қайтқан ғалымдар сұрықсыз қара түсті саңырауқұлақтың сәуле таралған аймақта өніп-өсіп тұрғанын байқаған.
Ғалымдар бұдан ары зерттеу жүргізіп, экстремофил (қоршаған ортаның қатаң жағдайларында өмір сүруге бейім) саңырауқұлақтың Чернобыльдің қараңғы жерлерінде радиацияны тіршілік етуге қажет энергияға айналдыра алатынын анықтаған. Ғалымдардың бірі радиацияны сіңіретін саңырауқұлақты Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) одан ары зерттеу жүргізуге жөнелтуді ұсынады.
Адамды Марсқа жеткізудегі ең үлкен қиындықтардың бірі – ғарыш радиациясы. Ғарышкерлер Жердің қорғаныш атмосфера қабатынан тыс кеңістікке шыққанда бойына ғарыш радиациясын өткізеді. Сол себепті, NASA радиацияны өзіне сіңіретін саңырауқұлақтың ғарышта қалай тіршілік ететініне қатты қызығушылық танытқан.
ХҒС ішінде радиация детекторының бетіне қалыңдығы 1,7 миллиметр болатын кладоспорий (Cladosporium sphaerospermum) саңырауқұлағы салынған.
Саңырауқұлақтың станцияға өтетін радиацияның шамамен 2 пайызын тұтып қалатыны анықталған. Бұл жаңалық елеусіз көрінсе де, 2020 жылы жарияланған мақалада жасалған тұжырым үлкен дүрлігіс тудырды. Зерттеу мақалада саңырауқұлақтың қалыңдығын 21 сантиметрге дейін жеткізсе, ол астронавтарға зиянды саналатын ғарыш радиациясының көп бөлігін сіңіріп алуы мүмкін деген қорытынды жасалады.
Бұл тұжырымнан көп үміт күтуге болады. Себебі, зеңді Марста, тіпті "Қызыл ғаламшарға" ұшып бара жатқан ғарыш кемесінің бортында өсіруге болады.
ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАН ПӘКІСТАНДЫҚТАР ТАЛ ЕКТІ
Пәкістанда 60 мың жұмысшы коронавирус пандемиясында жұмыссыз қалды. Карантинде торыққан олар жұмыстың жаңа түрін – тал егуді бастады.
Пәкістанда 2018 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта елдің ауқымды территориясына 10 миллиард түп тал отырғызу арқылы орманды қалпына келтіру бастамасы болған. Бірақ пандемия салдарынан ел экономикасының көптеген саласы сияқты бұл бастама да тежеліп қалды. Алайда үкіметтің ағаш отырғызу жобасын тоқтата тұру туралы шешімі шұғыл жойылып, жобаны тоқтатпау үшін жұмыстан босатылған жұмысшылар шақыртылды.
Ағаш отырғызу жөніндегі ауқымды бастама күнкөрісі қиындаған жұмысшыларға күніне 500 рупий көлемінде (3 доллар) жалақы төлеу арқылы жалғасын тауып отыр. Кәсіби тал отырғызушылардың бірі Reuters агенттігіне "Коронавирустан барлық қала жабылды, жұмыс жоқ. Күндік жұмыс істеп жүрген біз жанбаға алмай қалдық" деді. Дегенмен, ол ағаш отырғызу бастамасының арқасында "Қазір бәрімізге қайтадан күнделікті ақша тауып, отбасымызды асырауымызға мүмкіндік туды" дейді.
БОЯЛҒАН ЖЕЛ ТУРБИНАЛАРЫ ҚҰС ӨЛІМІН АЗАЙТАДЫ
Жел турбиналарының айналып тұратын қалақшалары жыл сайын мыңдаған құстың өліміне әкеліп отыр. Биыл Норвегия зерттеушілері осы мәселенің қарапайым шешімін тапқанға ұқсайды. Шілде айында Норвегиядағы Смёла жел электр станциясында жүргізілген зерттеудің қорытындысы жарияланды. Онда қалақшалардың бірі қара түске боялған соң, құстардың өлімі күрт азайғаны айтылады.
Жел турбиналарына қарсы ең бір эмоционалды уәждердің бірі де осы турбиналардың ұшып бара жатқан құстарды турап кетуі болатын. Турбина жылдам айналғанда оның қалақшалары "шайылғандай" әсер беріп, құстарды шатастырады. Олар турбинаны кедергі не қауіп деп көрмей, ұша береді. Бұлтты күндері ақ қалақшаларды аңғару тіпті қиындайды. Зерттеушілер барған Смёла станциясында аққұйрықты бүркіттер турбинаның қалақшаларынан жиі қаза табатын.
Құстардың өлексесін итпен іздейтін зерттеушілер Смёла турбиналардың қалақшалары қара түске боялған соң құс өлімі 70 пайызға азайғанын айтады. Құстар қара түске боялған қырлы қалақшаларды бұрынғыдан анық байқап, қауіп-қатерден жалтарып кете алады.
Бұл шешімнің басқа құстарға қалай әсер ететінін анықтау үшін Оңтүстік Африка мен Нидерландыдағы осыған ұқсас зерттеу жасалмақ.
ВЬЕТНАМ ХАЙУАНАТТАРДЫ ЗАҢСЫЗ САУДАЛАУДЫ ТЫЙМАҚ
Коронавирус пандемиясынан кейін Вьетнам жабайы хайуанаттардың заңсыз саудасын тоқтатуға кірісті. Көп адам коронавирус Қытайдағы хайуанаттардың етін сататын базарлардың бірінен тарады деп санайды. Ал Вьетнам жабайы хайуанаттар сататын базарларымен танымал және жануарларды заңсыз саудалайтын әлемдік орталық ретінде белгілі.
Шілдеде жетекші ақпарат құралдары таңқаларлық жаңалық таратып, Вьетнамның болашақта жаңа індеттің таралу қаупін сейілту үшін елдегі жабайы хайуанаттар саудасына "тыйым салатынын" хабарлаған.
Вьетнамдағы сарапшылар бұл ақпараттардың адамды шатастыратынын (немесе қиыстау таралғанын), үкіметтің қаулысы тек қолданыстағы заң талаптарын шынайы орындауға шақыратынын айтады.
Дегенмен биліктің пандемиядан туған бұл өкімі құрғақ сөзден гөрі нақты іске ұқсайды.
Табиғатты қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымның мәліметінше, Вьетнамда кейінгі екі жылда жабайы хайуанаттарды саудалауға қатысты тәркілеулер (немесе тәркіленген жабайы хайуанаттар) 44 пайызға ұлғайған. Ал 2020 жылы бұл тәркілеулердің 97 пайызы бойынша контрабандашылар тұтқындалған. Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан Вьетнамда сонымен қатар жабайы хайуанаттарды заңсыз саудалағандарды қудалау көрсеткіші де күрт артқан.
ПІКІРЛЕР