Accessibility links

Болгария Навальный қорының еріктісіне саяси баспана берді


Евгений Чупов.
Евгений Чупов.

Болгария ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный негізін қалаған Жемқорлықпен күрес қорының еріктісі Евгений Чуповқа саяси баспана берді. Бұл ақпаратты босқындар ісі жөніндегі мемлекеттік агенттіктің шешіміне сүйенген Азаттықтың Болгар қызметі хабарлады. 41 жастағы белсенді Мәскеуде екі рет ұсталғаннан кейін Ресейден көшіп кеткен.

Ағылшын тілінен сабақ беретін Чупов Мәскеудің солтүстік-батысындағы шағын ауданның мәселелерімен айналысатын "Оборона Головино" ("Головино қорғанысы") атты қозғалыс құрған. 2014 жылы ол Мәскеу думасы сайлауына түскен Юлия Галяминаның сайлау кампаниясына көмектескен. Былтыр Жемқорлықпен күрес қорының директоры Иван Ждановтың сайлау кампаниясын да қолдап, атсалысқан.

Евгений Чупов Мәскеуде екі рет полиция қолына түскен. Ізінше оның елден кеткені белгілі болды. Белсенді бұған дейін құқық қорғау қызметкерлерінің бөлімшеде өзіне күш қолданғанын айтқан. Бұған қоса, ішкі істер министрлігінің экстремизммен күрес орталығы өкілдерінің де қоқан-лоқысына шағымданған. Белсенді "біреудің мүлкін бүлдіру" бабы бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалғанын да айтқан.

Былтыр тамыз айында ол Болгария билігінен саяси баспана сұрап, өтініш түсірген. Бірақ ресми София өтінішін қанағаттандырмай қойған. Кейінірек белсенді шешімді апелляцияға беріп, содан соң Болгария билігі шешімін өзгерткен.

Евгений Чупов Азаттықтың Болгар қызметінің тілшісіне саяси баспана алғанына қуанатынын жеткізген. Ол әйелімен бірге Болгарияда ағылшын тілінен сабақ бергісі келеді. Ерлі-зайыптының үш баласы да қазір жергілікті мектепке барып жүр, кіші ұлы балабақшаға барады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG