Батыс Қазақстан облысында 6 қаңтарда ереуілге шығып, жалақыларын кемінде 50 пайызға көбейтуді талап етіп, аштық жариялаған мұнай сервистік компания жұмысшыларына басшылық инфляцияны ескере отырып, жалақыларын өсіруге уәде берді.
8 қаңтарда Bonatti S.p.A компаниясының таратқан хабарламасында жұмыс берушінің осы айда - "жалақыны қазіргі инфляция деңгейін ескере отырып, есептеуге", келесі айда бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы тағайындауға уәде бергені жазылған. Мұндай шешім 7 қаңтар компанияның бас директоры Кристиан Буриццемен онлайн-кездесуден кейін қабылданған.
Хабарламада жұмысшылардың жалақысын 50 пайызға өсіру талабы қаңтар айының ортасында Қазақстанға келетін бас директормен бірге талқыланады деп жазылған.
6 қаңтарда Bonatti S.p.A компаниясының шамамен 300 жұмысшысы наразылыққа шыққан. Олар жалақыларын өсірмейінше аштық жариялайтынын айтып, видеоүндеу таратқан. Өндіріс орнында түсірілген видеоүндеу мессенжерлерде тарады.
"Біз, Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы Bonatti кенішінде істетін компания жұмысшылары жалақы мөлшеріне наразымыз. Бүгін, 6 қаңтарда үш сағатқа жұмысымызды тоқтаттық. Біз түскі асқа барған жоқпыз, кешкі асқа да бармаймыз. "Bonatti" компаниясы басшылығынан жалақы мөлшерін 50 пайызға көбейтуді талап етеміз" деді қызметкерлер.
Батыс Қазақстан облысы билігінің хабарлауынша, сол күні оқиға орнына әкімдік өкілдері барған. Бірақ келіссөз нәтижесі туралы ақпарат бермеді. Кездесу қорытындысы тек екі күннен кейін белгілі болды.
Bonatti S.p.A - Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінде істейтін сервистік компаниялардың бірі. 280 шаршы шақырым жерді алып жатқан ірі кеніш Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан. Оның операторы - шикізат өндіруге қатысатын Royal Dutch Shell, Eni, "Шеврон", "Лукойл" және "ҚазМұнайГаз" компаниялары құрған "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." компаниясы.
ПІКІРЛЕР