ЖАҢАЛЫҚТАР
Шымкентте екі айға қамалған белсенді Мұхаммедов аштық жариялады

8 қаңтар күні Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деген күдікке ілінген 46 жастағы азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовті екі айға қамау туралы санкция берді. "Сәуле" мөлтекауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесінде қамауда жатқан белсенді өзіне тағылған айыппен келіспей, аштық жариялады. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әйелі Бағила Текебаева хабарлады.
Бағила Текебаева күйеуіне қатысты шығарылған сот қаулысын көрсетті. Қаулыда Қылмыстық кодекстің 405-бабымен күдікке ілінген Мұхаммедовті екі айға қамауға алу туралы тергеуші өтініш түсіргені жазылған. Ол "тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар қоғамдық ұйымның жұмысына қатысып, экстремизмді жүзеге асыруға ат салысты", "қоғамға ауыр санаттағы қауіпті қылмыс жасады" деген күдікке ілінгені айтылған.
Нұржан Мұхаммедовтің адвокаты Абзал Өмірәлімнің айтуынша, Мұхаммедов тағылған айыппен келіспей, 7 қаңтар күні таңғы сағат 08:00-ден бастап аштық жариялады. Ол бұл туралы тергеуші мен қала прокурорына хабарлап, арыз түсірген.
– Мұхаммедовтің кәмелет жасына толмаған бес баласы бар екенін, түзеу мекемесінде отыруға денсаулығы жарамайтынын айтсақ та, [сот мұны] ескермеді, – дейді адвокат.
6 қаңтарда полиция Мұхаммедовтің үйін тінтіп, өзін алып кеткен. Жақтастары оның бостандығын талап етіп, Қаратау аудандық полиция басқармасына жиналған.
Нұржан Мұхаммедов әйелі және кәмелет жасына толмаған бес баласымен бірге Шымкенттің Қаратау ауданындағы Қайнарбұлақ саяжайында пәтер жалдап тұрады. Ол бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық талап еткен" жиындарға қатысып, Қытай экспанциясына, жердің сатылуына қарсы шыққан. Сол үшін ол бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот Мұхаммедовті "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған. Қараша айында оған "полицияға тіл тигізді" деген айып тағылып, 220 мың теңгеден астам (80 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салған.
2019 жылы қараша айында белгісіз біреулер белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Нұржан Мұхаммедов бұл туралы полицияға арыз жазғанымен, қылмысты кім жасағаны әлі күнге анықталған жоқ.
Басқа да жаңалықтар
Черногорияда "Не Молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова ұсталды

Черногорияда қазақстандық "Не Молчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова (Тәңсәрі) ұсталған. Бұл туралы ол өзінің телеграм-арнасында айтты. Смайылованың сөзінше, қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Таңертең Қазақстанға экстрадициялау бойынша сот өтпек.
Смайылова құрған "Не Молчи" қоғамдық қоры Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқығын қорғаумен айналысады. Қор анықтаған зорлық-зомбылық оқиғалары Қазақстанда резонанс тудырған. "НеМолчи.kz" тұрмыстық және жыныстық зорлық көрген әйелдерге мыңдаған онлайн кеңес берген. Қор жұмысы нәтижесінде жыныстық зорлық көрсетті деп айып тағылған ондаған адам сотталды. Ондаған полицей әрекетсіздік және жұмысқа немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартылып, 200-ден астам полицей тәртіптік жазаға тартылды.
Ішкі істер министрлігі 2023 жылдың соңында Дина Смайылованың үстінен алты қылмыстық іс қозғалғанын, олардың арасында "алаяқтық", "көрінеу жалған ақпарат тарату" мен "жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу" баптары барын мәлімдеген. Прокуратура қор мен Смайылованың есепшоттарын бұғаттаған.
Смайылова үш жылдан аса уақыттан бері отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр. Қазақстан оған халықаралық іздеу жариялаған еді.
Смайылова бұған дейін әлеуметтік желіде "НеМолчи.kz" қорына ақша аударған қазақстандықтарды полиция тергеуге шақырып, алаяқтық туралы арыз жазуға көндіруге тырысып жатқанын айтқан. Оның ойынша, билік тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтерген қорды жапқысы келеді.
Ал Human Right Watch ұйымы "Биліктің Смайыловаға қарсы белсенді іс-қимылға көшуі − қылмыстық әрекетті жоюдан гөрі оның ұйымының заңды жұмысын қаралау әрекетіне көбірек ұқсайды" деп, істі әділ тергеуге шақырған.
Зеленский Трампты "Путиннің не істегенін түсіну үшін" Украинаға келіп қайтуға шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский америкалық CBS News телеарнасындағы "60 минут" бағдарламасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трампты Украинадағы соғысқа байланысты қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, "Путиннің не істегенін түсіну" үшін Украинаға келіп қайтуға шақырды.
"Біз сіздің ұстанымыңызды құрметтейміз. Бірақ, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын я келіссөз жоспарын құрғанға дейін, Украинаға келіп, адамдарды, бейбіт халықты, әскери қызметкерлерді, ауруханаларды, шіркеулерді, қаза тапқан немесе зардап шеккен балаларды көріп қайтыңызшы. Келіңіз, көріңіз, сосын соғысты қалай аяқтау туралы жоспар құрайық. Оның кім екенін сонда түсінесіз", – деді Зеленский Трампқа қарата айтқан сөзінде.
Сұхбат Украинаның Кривой Рог қаласында түсірілген, ол қалада биыл 4 сәуірде Ресейдің шабуылынан 20 адам қаза тапты, арасында 9 бала бар. Сұхбат жазылғаннан кейін, жексенбі, 13 сәуір күні, Ресейдің зымыран шабуылынан Сумы қаласында 34 адам қаза тапты. Биылғы жыл басынан бері бейбіт тұрғындар арасында ең көп адам өліміне себеп болған шабуылдар АҚШ соғысты тоқтату жөніндегі ұсынысы Украина тарапынан қолдау тауып отырған шақта жасалды.
Бірқатар БАҚ Зеленский бұған қоса, Ресеймен соғыс болып жатқан үш жылда 100 мыңдай украиналық сарбаз қаза тапқанын мәлімдеді деп хабарлады. Алайда бұл Зеленскийдің тікелей сөзі емес, CBS телеарнасының бағалауы. Телеарна сондай-ақ Ресейдің кең көлемді басқыншылығы басталғаннан кейін 13 мыңдай бейбіт тұрғын қаза тапқан, оның ішінде 600-ге жуығы бала деп хабарлады. Бұл мәліметтерді БҰҰ да растаған. Сарапшылардың бағалауы бойынша, қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Ресей басқыншылығы салдарынан кемінде 618 украиналық бала қаза тапқан

Ресей Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс бастағалы бері Украинада кемінде 618 бала қаза тапқан. Бұл ақпаратты 14 сәуірде Украинаның Бас прокуратурасы жариялады. Прокуратураның деректері бойынша, шамамен 1884 бала жараланған, деп хабарлады Азаттықтың Украин қызметі.
"13 сәуірде Сумы қаласына жасалған шабуыл салдарынан 11 және 17 жастағы екі ұл бала қаза тапты. Жараланған 15 баланың арасында 1-14 жас аралығындағы 7 қыз бала және 7-16 жас аралығындағы 8 ұл бала бар. 10 сәуірде Житомир облысы Озерное ауылына жасалған шабуылдан 13 жасар қыз бала жараланды. 10 сәуірде Днепропетровск облысы Никополь қаласына жасалған шабуылдан 16 жасар ұл бала жараланды", – деп жазылған 14 сәуірде Бас прокуратура кеңсесі жариялаған мәлімдемеде.
5 сәуірде Кривой Рог қаласына жасалған шабуылдан 9 бала қаза тапқан болатын.
Ресей басшылығы өз армиясы Украинадағы азаматтық инфрақұрылымдарды дәл көздеп атып, бейбіт тұрғындарды өлтіріп, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, энергетика мен сумен жабдықтау нысандарын қиратқанын мойындамай, жоққа шығарады.
Ал Украина билігі мен халықаралық ұйымдар бұл шабуылдарды Ресей Федерациясының әскери қылмысы деп бағалап, ол шабуылдар мақсатпен жасалған деп есептейді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтарынан наурызына дейінгі аралықта Украинада Ресей басқыншылығы салдарынан 413 бейбіт тұрғын қаза тауып, екі мыңнан астам адам жараланған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 30 пайыз артық.
Мәскеудегі моншаға полиция рейд жасаған соң Қырғызстан СІМ Ресейдің елшісін шақыртты

Мәскеудегі "Бодрость" монша кешенінде қырғыз азаматтарының жаппай ұсталуына байланысты 14 сәуірде Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бішкектегі елшісі Сергей Варкуновты шақыртып алып, нота тапсырған.
Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде Ресей тарапына сол елдің құқық қорғау органдарының аталған операцияны жүргізу себептерін, оған қоса, азаматтарға күш қолдану фактілерін түсіндіріп беруді, ал негізсіз күш қолданылғаны анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауды өтінгенін айтқан.
"Қырғыз Республикасы азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша тиімді шаралар қабылдауды және болашақта ондай жағдайларға жол берілмеуін қамтамасыз ету жөнінде өтініш айтылды", – деп жазылған құжатта.
Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 10 сәуір кешке Ресей полициясы негізінен қырғызстандық мигранттар жиі баратын моншаға рейд жасаған. Сол күні моншада болған қырғыз азаматтары еш себепсіз таяқ жегенін айтып берді.
"Тіпті кім ұрып жатқанын да көрмедік. Басымызды көтеруге де мүмкіндік бермеді. Олардың қолында таяқтар мен электрошокерлер болды. Бәрімізді асүйге жинады. Сол жерде шымыр денелі ер адамдарды бөлек алып кетті. Әлсіз әрі арықтарды бір бөлмеге, ал сақалы барларды басқа бөлмеге жинады. Бір жігіттің жарты сақалын сол жерде қырып тастады. Ол қарсылық көрсеткен еді, бетінен ұрды. Біз не үшін таяқ жеп жатқанымызды түсінбедік, тіпті құжаттарымызды да сұраған жоқ", – деп айтты моншада болғандардың бірі Азаттық радиосына.
Моншада адамдарды ұрып-соғып жатқан сәт түсірілген видео әлеуметтік желі тарады. Видеода полиция қызметкерлері мигранттарды қолын артқа қайырып жатқызып, кейбірін ұрып жатқаны көрінеді.
Рейд нәтижесінде, ресми деректер бойынша, 24 адам ұсталған. Олардың кейбіріне көші-қон заңын бұзғаны үшін айыппұл салынған. Төрт адамды Ресей аумағынан шығаратыны дүйсенбі күні белгілі болған.
Ресейде 300 мыңнан астам Қырғызстан азаматы көші-қон тіркеуінде тұр. Кейінгі кезде Ресейде көші-қон заңнамасы біртіндеп қатаңдай түскен.
Украина Ресеймен Қара теңіздегі қауіпсіздікті талқылау жоспары жоғын айтты

Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Киев пен Мәскеудің ресми өкілдері 15-16 сәуірде Анкарада Қара теңіздегі қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өткізбек деген ақпаратты жоққа шығарды. Украиналық ТСН телеарнасы Сибиганың "ондай кездесу жоспарланған жоқ" деген сөзіне сілтеме жасады.
Ресей мен Украина Қара теңіздегі қауіпсіздікті талқылайтын кездесу өткізуі мүмкін деген ақпаратты бұған дейін CNN Turk телеарнасы Түркия қорғаныс министрлігіндегі дереккөздеріне сүйеніп хабарлаған. Кейінірек министрлік Анкарада өтетін кездесуге "шетелдік мемлекеттердің әскери өкілдері қатысатынын, Қара теңізде бейбітшілікті сақтау үшін әскери жоспарлау мәселелері талқыланатынын" айтқан.
Ресей мен Түркия сыртқы істер министрлері Сергей Лавров пен Хакан Фидан өткен сенбіде Анталиядағы дипломатиялық форумда Қара теңіздегі кеме қозғалысы мәселелерін талқылаған еді. 2022 жылдың шілде айында Стамбұлда Ресей мен Украина әрқайсы жеке-жеке БҰҰ-мен астық келісімін жасасқан. 2023 жылдың шілде айында Ресей Батыс елдері келісім шарттарын орындамады деп, "астық келісімінен" шығып кеткен.
Биыл наурыздың аяғында Ресей билігі Қара теңіздегі атысты "Ресей ауылшаруашылық банкіне", ресейлік азық-түлік пен тыңайтқыш өндірушілері мен экспорттаушыларына қарсы салынған санкциялар алынып тасталғаннан кейін ғана тоқтатынын мәлімдеген еді. Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудің бұл мәлімдемелерін манипуляция деп атаған.
БАҚ: Иран санкция жұмсарған жағдайда ядролық бағдарламасын шектеуге дайын

Оман елінің астанасы Маскатта Иран мен АҚШ арасында Тегеранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздің бірінші раунды өтті. Екі елдің арасында мұндай жоғары деңгейдегі келіссөз 2018 жылдан бері алғаш рет өткізілді.
Екі тарап та Маскаттағы кездесуді конструктивті деп бағалап, келесі аптада екінші рет кездесуге келіскенін растады. АҚШ Тегерганмен "тікелей байланыс" орнату келісімге қол жеткізуде маңызды рөл атқарады деп мәлімдеді. Иран жағынан сыртқы істер министрі Аббас Арагчи, ал АҚШ тарапынан президент Дональд Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы елшісі Стив Уиткофф қатысқан.
The Wall Street Journal басылымы сүйенген дерек көздерінің айтуынша, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жаңа келісімге қол жеткізу үшін Тегеран өз ұлттық экономикасын тұсап отырған санкцияларды жеңілдетуді Вашингтоннан талап еткен. Бұдан бөлек, Иран шетелде бұғаттаулы жатқан миллиардтаған доллар қаржыға қол жеткізгісі келеді, оған қоса Қытайдың Ираннан мұнай сатып алуына АҚШ-тың қысым жасамауын талап етеді. Осы талаптар орындалған жағдайда Тегеран 2015 жылғы келісімде белгіленген уран байыту көрсеткіштеріне қайта оралуға дайын екенін білдірген.
Axios дерегінше, Трамп Иранға жаңа ядролық келісімді жасасуға екі ай уақыт берген. АҚШ президентінің басты талабы – Иран ядролық қару жасау жоспарынан толық бас тартуы керек.
Президент Трамп Иранмен келісім жасалмаған жағдайда Таяу Шығыстағы АҚШ әскерін көбейтуді бұйырған. Егер дипломатиялық келіссөздер сәтсіз аяқталса, Трамп Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауды немесе Израильдің шабуылдарын қолдауды бұйыруы мүмкін деген болжамдар айтылған.
Иран, по данным Axios, добивает заключения временного соглашения по ядерным вопросам, потому что не считают возможным согласовать всеобемлющий договор за два месяца.
Axios деректері бойынша, Иран ядролық мәселе бойынша уақытша келісім жасасқысы келеді, себебі Тегеран екі ай ішінде жанжақты кешенді келісімге қол жеткізу мүмкін емес деп есептейді.
Дональд Трамп АҚШ президенті лауазымына бірінші жолы сайланғаннан кейін, 2018 жылы Вашигтон Иран мен әлемдік державалар арасында 2015 жылы жасалған көпжақты ядролық келісімнен шығып кеткен. Бұдан соң Иран уран өндіруді қайта бастаған.
Батыс елдері Украинаның Сумы қаласына Ресей күштері жасаған шабуылды айыптады

Батыс елдері Ресей армиясының 13 сәуірде Украинаның Сумы қаласының орталығына зымыранмен шабуыл жасағанын айыптады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей күштерінің Сумыға шабуылын қателік деп атады. "Мен бұл сұмдық нәрсе деп ойлаймын, және маған олар қателік жасады деп айтты. Бұл сұмдық нәрсе деп есептеймін. Бүкіл осы соғыс – сұмдық деп санаймын", – деп мәлімдеген Трамп журналистер сұрағына берген жауабында.
Бұдан соң ол өзіне дейін АҚШ президенті болған Джо Байденді айыптаған. Трамп Ресей мен Украина арасында соғыстың басталуына Байден мен оның әкімшілігі кінәлі деп бұған дейін де мәлімдеген.
Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Ресей күштерінің Сумыға жасаған шабуылын айыптап, оны "зұлымдық" деп атады. Мұндай шабуылдар "қантөгіс жалғасып жатқанын қатыгездікпен еске салып отыр", бұған негізгі кінәлі – Ресей, деді ол.
"Президент Зеленский бейбітшілікке бейіл екенін көрсетті, енді президент Путин, Украина жасағандай, ешқандай шартсыз атысты толық әрі дереу тоқтату туралы келісімге келгені жөн", – деген Страмердің сөзін келтірген ВВС медиасы.
Франция президенті Эммануэль Макрон да Ресейдің Сумы қаласына жасаған шабуылы "адам өміріне деген шектен асқан немқұрайлықты" көрсетеді деп мәлімдеді.
АҚШ-тың Украина және Ресей бойынша арнайы елшісі Кит Келлог та Ресейдің Сумыға жасаған шабуылын айыптады.
"Ресей әскерінің бүгінгі, Жеңісті жексенбі күні азаматтық нысандарға жасаған шабуылы әдептілік шегінен шығып кетті. Ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты және жараланды. Бұрынғы әскери адам ретінде, нысана таңдау дегеннің не екенін жақсы білемін, ал бұл нысана таңдауы – дұрыс емес. Сондықтан президент Трамп осы соғысты тоқтатуға бар күш-жігерін салып жатыр", – деп жазды Келлог X әлеуметтік желісінде.
Ресей күштерінің Сумыға жасаған зымыран шабуылын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да айыптап, қаза тапқан адамдардың туыс-жақындарына көңіл айтты.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Сумыдағы қайғылы оқиғаны Украина жағы ешқандай шартсыз атысты тоқтатуға келісіп отырған шақта "шабуылдар күшейіп бара жатқанының жантүршігерлік мысалы" деп атады. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен де осындай мәлімдеме жасады.
Украина тарапының кейінгі ақпараты бойынша, жексенбі күні Ресей қарулы күштерінің екі зымыран шабуылынан кемінде 34 адам (екеуі бала) қаза тауып, 115 адам жараланған. Зардап шеккендер арасында 15 бала бар. Қаланың орталығында жолаушылар отырған троллейбус зымыран шабуылына ұшыраған.
Украина: Сумыда Ресейдің зымыран шабуылынан қаза тапқандар саны 30 адамнан асты

Жексенбі, 13 сәуір күні Ресей күштері Украинаның Сумы қаласына жасаған екі зымыран шабуылынан кемінде 34 адам (екеуі бала) қаза тауып, 115 адам жараланған. Украинаның Төтенше жағдайлар қызметі осындай ақпарат таратты. Кейінгі мәлімет бойынша, зардап шеккендер арасында 15 бала бар. Қаланың орталығында троллейбус зымыран шабуылы астында қалған.
Жараланған жетпіске жуық адам ауруханада жатыр, сегізінің жағдайы ауыр деп хабарлады Азаттықтың Украин қызметі.
"Ресейліктер Сумы қаласына атқан екінші зымыранның жарықшақ элементтері көп болған және ол қала көшелеріндегі адамдарды неғұрлым көбірек жою үшін әуеде жарылған сыңайлы. Алдын ала қорытынды бойынша, бейбіт адамдардың көбінің ажалы әлгіндей жарықшақтардан болған", – деп жазды Сумы қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Кривошенко. – [Екінші] жарылыс бірінші [зымыран] түскен жерден шамамен 200 метр қашықта, тұрғын үйлер, оқу орындары мен дүкендер орналасқан маңда болды. Террористердің мұндай іс-қимылы шабуылдар дәл сол азаматтық нысандар мен көшедегі бейбіт адамдарға қарсы жоспарланғанын көрсетеді".
Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы Ресей күштері 13 сәуірде Украинаның Сумы қаласына "Искандер-М" тектес екі зымыран атты деп хабарлаған. Шабуылды Ресейдің Воронеж облысында жайғасқан 112-зымыран бригадасы және Курск облысы аумағынан 448-зымыран бригадасы жасаған.
"Ресей нақ осындай террорды қалайды және бұл соғысты созып келеді. Агрессорға қысым жасамайынша, бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес. Баллистикалық зымырандар мен авиабомбалар ешқашан әңгімеге тоқтаған емес", – деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский телеграм-арнасында.
Сумы қаласының билігі Ресей әскері ракетамен соққы жасағанын мәлімдеді. Көп адам қаза болғаны хабарланды

Ресей әскері Украинаның Сумы қаласына ракетамен соққы жасады деп хабарлады қала мэрінің міндетін атқарушы Артем Кобзарь. Оның сөзінше, 20-дан астам адам қаза болған.
Қаза болғандар жөнінде Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак та айтты. Ол Сумы бірнеше шабуылға ұшырағанын жеткізді.
"Суспільне" арнасы қалада екі жерде жарылыс болғанын хабарлады. Журналистердің сөзінше, жараланғандар арасында бала да бар.
Украиналық телеграм-арналары оқиға орнынан фото-видео жариялады. Кадрда Сумы аудандарының бірінде ірі өрт болып жатқаны көрінеді. Кейбір украиналық БАҚ-тың жазуынша, қала орталығындағы троллейбус та соққыға ұшыраған.
Смартфондар мен компьютерлер АҚШ енгізген баж салығынан босатылды

Смартфондар, компьютерлер және өзге де тұрмыстық электроника, сонымен бірге чиптер, процессорлар, қатты дискілер, жады карталары және жартылай өткізгіш құрылғылары Дональд Трамп әкімшілігі бұған дейін енгізген бас салығынан босатылатын тауарлар қатарына енді. Бұларға АҚШ-қа импортталатын бірқатар тауар түрлері тәрізді 10 пайыздық баж салығы, Қытаймен күшінде 125 пайыздық қосымша салық та салынбайды.
АҚШ кеден және шекара қызметі жариялаған тізімге 12 сәуірде Bloomberg агенттігі назар аударды. Ақпаратты Reuters және өзге де ақпарат құралдары растады.
Кеден қызметінің хабарламасында қандай да бір тауар түрлері не себепті тізімге енгізілгені түсіндірілмеген. Ақ үй де түсініктеме бермеді.
Reuters-тің жазуынша, баж салығы Қытай импортына тәуелді Apple немесе Dell сияқты технологиялық компаниялардың өнімдеріне әсер етуші еді. Bloomberg-тің жазуынша, мұндай қадам тұтынушыларды "бағаның шарықтауынан" қорғау үшін жасалып отыр. Қымбатшылық президент әкімшілігінің саясатына наразылықты арттыруы мүмкін еді.
2 сәуірде Трамп АҚШ-тың сауда серіктестерінің басым көпшілігіне 5 сәуірден бастап сауда тарифтерін енгізетінін жариялаған. Атап айтқанда, ол ЕО-ға мүше елдерден келетін импортқа 20 пайыздық баж салығын енгізді. Ұлыбританияға – 10%, кейбір елдерге енгізілген салық шамамен 40 пайыз немесе одан да көп.
9 сәуірде Америка президенті 75-тен астам елге баж салығын енгізуді 90 күнге шегерді. Бірақ Қытайдан келетін импортқа салынатын салықты 125 пайызға дейін арттырды. Қытай да ізінше АҚШ-тан келетін тауарларға баж салығы көлемін 125 пайызға жеткізді. Еуроодақ та америкалық тауарларға енгізген 25 пайыздық салықты 90 күнге шегерді.
АҚШ президенті Дональда Трамптың әкімшілігі 90 күнде 90 сауда келісімін жасағысы келеді деді 11 сәуірде Трамптың сауда жөніндегі кеңесшісі Питер Наварро.
Reuters: қытай офицерлері Пекиннің мақұлдауымен Ресей әскерінің тылында болған

Қытай офицерлері соғыс тактикасын зерттеу үшін Пекиннің мақұлдауымен Ресей әскерінің тылында болды. Американың екі шенеунігі мен батыс елдеріндегі барлау қызметінің бұрынғы қызметкеріне сүйенген Reuters осылай деп жазды.
Агенттік дереккөзінің айтуынша, Ресей әскерінде Қытайдың шамамен 200 азаматы соғысып жүр. Олардың Қытай үкіметіне тіке қатысы жоқ тәрізді.
Америка шенеуніктерінің Reuters агенттігіне айтуынша, Қытай әскери қызметкерлерінің әскери дайындығы аз және Ресейдің әскери операциясына едәуір ықпалы жоқ.
- 8 сәуірде Украина президенті Владимир Зеленский украин әскері Донецк облысында Ресей әскері жағында соғысып жүрген екі қытай азаматын тұтқындағанын айтқан. Кейін ол украин арнайы қызметінде Ресей әскері жағында кемінде 155 қытай азаматы соғысып жүргені жөнінде дерек бар деп мәлімдеген. Қытай өз әскерін Украинадағы соғысқа жібермегенін мәлімдеген.
Times Келлог Украинаны "Берлин сияқты" бөлуді ұсынғанын жазды. Келлог сөзі бұрмаланғанын айтты

Британдық Times басылымы 11 сәуірде АҚШ президентінің Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлогпен сұхбат жариялады. Онда ол соғыс біткеннен кейін Украинаны уақытша үш жауапкершілік аймағына бөлуді ұсынған.
"Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Берлин сияқты көрінуі мүмкін, ол кезде ресейлік, француз, британ және америкалық аймақ болған" деп басылым Келлогтың сөзінен үзінді келтіреді.
Жоспарға сәйкес, Ресей қазір оккупациялап отырған аймақты бақылауда ұстамақ. Франция мен Ұлыбритания (және өзге де "еріктілер коалициясы") өзінің контингентін Днепрдің оң жағалауымен шекарадағы Украина аумағына орналастырады. Ал Украинаның қалған аймақтарында мысалы, Сумы мен Харьков облыстарында тек Украина күштері ғана болмақ.
Осы үш аумақ сызығында шамамен 30 шақырымға созылатын демилитаризацияланған аймақ құрылады.
Британдық газеттің жазуынша, Келлогтың жоспарына сәйкес, АҚШ "қазір Ресей бақылап отырған украин жеріне іс жүзінде бақылау жасағанды" мойындамаған болып шығады.
Трамптың арнайы уәкілінің пікірінше, Ресей президенті Владимир Путин "бақылау аймағы" туралы ұсынысты қабылдамауы мүмкін.
Times мақаласынан кейін Кит Келлог X желісінде өзінің сөзін бұрмалағанын айтты.
"Мен атысты тоқтатқаннан кейін Украинаның егемендігін қолдауға бағытталған тұрақтылықты қамтамасыз ететін күштер туралы айттым. Бөліну деген кезде одақтас күштердің (америкалық әскерді қоспағанда) жауапкершілік аймақтарын айттым. Украинаны бөлу туралы айтқан жоқпын" деді ол.
Қазақстан Голан жотасындағы әскеріне ротация жүргізді. Контингент БҰҰ миссиясына қатысып жатыр

Қазақстан қорғаныс министрлігі Голан жотасындағы Фауар базасына шоғырланған күштеріне ротация жүргізді. Бұл жөнінде ведомство 12 сәуірде хабарлады.
Ротация рәсіміне Қазақстан қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев қатысты. Бітімгер күштерінің командирлері Жігер Аипов пен Жәнібек Нұрланов басшылыққа әскери контингентті алмастыру жөнінде баяндады деді қорғаныс министрлігі өкілдері.
Министрліктің хабарлауынша, миссиясын аяқтаған әскери қызметкерлер Қазақстанға оралады. Олар Таяу Шығыс елдерінде бір жылдан астам уақыт болды.
139 адамнан құралған алғашқы әскери контингент Фауар базасына 2024 жылы наурызда барған.
"Бітімгерлер бақылау бекеттерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті, аумақты күзетті, гуманитарлық көмекті алып жүрді, эвакуация жүргізіп, жарылғыш заттарды жойды. Олардың жұмысын БҰҰ миссиясының қолбасшылығы жоғары бағалады" деп жазылған Қазақстан қорғаныс министрлігінің хабарамасында.
2015 жылы қабылданған "Бітімгерлік қызмет туралы" заңға сәйкес, әскери қызметкердің бітімгерлік операцияға қатысуы туралы шешім президенттен ұсыныс түскен соң парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, қабылданады. Бітімгерлік миссияға әскер жіберу туралы ұсынысты президент айтады. Үкімет әскердің құрамын, саны мен қызмет атқару мерзімін анықтайды. Былтыр Қазақстан парламенті Қазақстанның бітімгер әскерін Таяу Шығыс және Африкаға жіберуді мақұлдаған.
Голан жотасы - Израиль мен Сирия арасында жатқан жер. Ол жер 1967 жылы алты күндік соғыстан кейін Израиль бақылауына өткен. Даулы жердің басым көпшілігін Израиль ұстап отыр. Әлемнің көптеген елдері Израильдің Голан жотасын меншіктегенін мойындамайды. 2019 жылы АҚШ мойындаған.
Кейінгі 16 жылда Қазақстанның 600-ден астам жауынгері БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысқан. Былтыр Қазақстанның 19 жауынгері БҰҰ-ның Ливан республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго демократиялық республикасындағы және Орталық Африка республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүргені хабарланған еді.
Тәжік оппозициясы президент Рахмон мен айналасындағыларға қарсы Гаага сотына шағым түсірді

Тәжікстанда Эмомали Рахмон билігі тарапынан қыспаққа ұшыраған тәжік оппозициялық саясаткерлері Тәжікстан президенті мен ел билігі үстінен Гаагадағы халықаралық қылмыстық сотқа шағым түсірді. Оларға шетелде жүрген құқық қорғаушылар да қосылды: олар республика билігін адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптады.
Шағым түсіргенін Х желісіндегі парақшасында елде қызметіне тыйым салынған Тәжікстан ислам жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабири мәлімдеді.
"Ендігі шаруа халықаралық қылмыстық соттың қолында. Ол (Рахмон) тәжік халқына қарсы жасаған қылмысы үшін жақын арада жауап береді деп үміттенемін" деді саясаткер.
Шағым түсірілгенін әлеуметтік желіде заңгер Николя Линьёль (Nicolas Ligneul) де растады. Оның сөзінше, үш ұйым: халықаралық еріктілер украиналық қоры (FUVI), Freedom For Eurasia және Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы халықаралық қылмыстық сотқа жүгініп, тәжік билігінің қудалауын әшкерелегісі келеді. Онда осы анықтамаға сәйкес келетін 60-тан астам оқиға құжатқа түсірілген: арасында азаптау, зорлау, сотсыз дарға асу, елден күштен кетіру сияқты жайттар бар. Құқық қорғаушылар тергеу бастап, кінәлілерді тұтқындауға ордер беруді талап етті.
Мухиддин Кабири "Настоящее время" арнасына берген комментарийінде халықаралық қылмыстық сот шағымды қарап, қылмыстық істі ашу процедурасын бастайды деп үміттенетінін жеткізді. Бұған қоса, кінәлілерді тұтқындауға бұйрық беретін болар деді.
"Бастапқыда төрт жыл бұрын біз халықаралық заңгерлермен бірлесе отырып, аз айтып, бірақ тыңғылықты түре іс тындыру тактикасын таңдағанбыз. Қазір шағымымыз шамамен 250 парақ болды. Тағы бірнеше мың парақ бар – бұлар фактілер, видеоматериалдар, аудиоматериалдар, куәгерлердің жеке куәліктері және тағы басқа" деді ол.
Тәжікстан билігі әзірге халықаралық қылмыстық сотқа шағымға қатысты реакция білдірмеді.
Украина Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойған 360 қырғыз азаматының тізімін жариялады

Украиналық "Хочу жить" мемлекеттік жобасы Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойған 360 қырғыз азаматының аты-жөнін жариялады. Жоба өкілдері тізім толық емес екенін, шын мәнінде жалдамалылар саны бұдан да көп болуы ықтимал екенін ескертеді.
Тізімдегілердің ең жасы - 18-де. Ол кәмелетке толғаннан кейін бірден келісімшартқа қол қойған. Ең егдесі – 63-те.
Тізімдегі кемінде 38 адам опат болған. Жоба өкілдерінде олардың өлген уақыты мен жерленген жері туралы ақпарат бар. Соғысқа аттанған қырғыз азаматтарының бірі келісімшартқа қол қойған уақыттан кейін 12 күннен соң қаза болған.
Азаттықтың Қырғыз қызметі Донецк облысы Покровск ауданы Авдеевка қаласы түбінде қаза болған 57 жастағы азаматты да тізімнен тапты. Ол келісімшартқа қол қойған мерзімнен кейін бір айдан соң мерт болған. Туысының сөзінше, оның соғысқа аттануына не нәрсе түрткі болғаны белгісіз. Оны соғысқа қатысып, ақша алған таныстары үгіттеуі мүмкін деді ол. Туысының сөзінше, қазір оның бауырының отбасы Ресей уәде еткен ақшаны алуға тырысып жатыр. Әзірге, жартысы ғана қолдарына тиген.
Журналистер қаза болғандардың тізімінен Ресей түрмесінде отырып, соғысқа тартылған 35 жастағы қырғыз азаматын да тапты. Ол ұзақ уақыт Екатеринбургте тұрған, ал 2022 жылы адам өлтіру бабы бойынша айыпталып, 9 жылға түрмеге кесілген. Сол жылы 5 мамырда соғысқа барып, 20 мамырда опат болған.
Қырғызстан билігі әзірге "Хочу жить" жобасы жариялаған ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Бұған дейін "Хочу жить" жобасы Ресей әскері қатарында Украинада соғысқан қазақстандықтар туралы мәліметті де жариялаған. Тізімде 600-ден астам адамның аты-жөні бар. Қазақстан билігі журналистерге "әуелі ол мәліметтің рас-өтірігіне көз жеткізу керек" деп айтқан еді. Азаттық бұған дейін Ресей әскерінде соғысып жүрген қазақстандықтар туралы жазған. Тізімде олардың аты-жөндері де бар және ондағы деректер бір-бірімен сәйкес келеді.
"Хочу жить" жобасы Украина аумағында Ресей әскері қатарында соғысып жатқан ресейліктерге, шетел азаматтарына қауіпсіз түрде өз еркімен тұтқынға берілуге көмектеседі.
ПІКІРЛЕР