Accessibility links

Сайлау қарсаңында. Ақтөбе облысында белсенді Берік Ноғаевты 10 тәулікке қамады


Азаматтық белсенді Берік Ноғаев.
Азаматтық белсенді Берік Ноғаев.

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық соты азаматтық белсенді Берік Ноғаев 10 тәулікке қамады. Бұл туралы Азаттық Ақтөбе облыстық сотына сілтей отырып хабарлайды.

Облыстық сотының мәлімдеуінше, Ноғаевқа "Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзды" (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-тармағы) деген айып тағылған.

"Берік Ноғаев халықты 10 қаңтар күні Орталық стадион мен облыс әкімдігі алдындағы алаңға митингіге шақырған. Бұл хабарламаны 6 қаңтар күні Telegram желісінде "Дядя Боря" деген лақап атпен таратқан" деп хабарлайды Ақтөбе облыстық соты.

Сот хабарламасында "Ноғаев мұндай құқық бұзушылықты бір жылдың ішінде екінші рет қайталап отыр" деп көрсетілген.

Азаматтық белсенді Берік Ноғаев әуелі 6 қаңтарда ұсталған. Бұл туралы Азаттыққа Qaharman.kz адам құқықтарын қорғау қоры хабарлаған. Қордың мәліметінше, Берік Ноғаев Мұғалжар аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, үш сағаттан соң босатылған. Келесі күні оны полицияға повесткамен шақыртқан, әкімшілік іс қозғап, сол жерден уақытша қамау абақтысына отырғызған.

Ноғаев Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағаш қаласының тұрғыны. Ол – тұрғылықты қаласынан 100 шақырым жердегі Ақтөбе қаласындағы билікке қарсы митингілердің тұрақты қатысушысы. Қазақстандағы Қытай жобаларына, жердің шетелдіктерге жалға берілуіне қарсы шығып, бірнеше мәрте қамалған.

Азаттық Ноғаевтың ұсталғаны туралы полиция мен соттан екі күн бойы ақпарат ала алмады. 8 қаңтар күні кешкілік сот жолдаған хабарламадан белсендінің 10 тәулікке қамалғаны белгілі болды.

– Жалған аккаунттардағы жазбаларға Ноғаевтың еш қатысы жоқ. Белсенді азаматтық позициясы ұнамағандықтан билік оны сайлау қарсаңында әдейі оқшаулап отыр, – дейді Qaharman.kz адам құқықтарын қорғау қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Дана Жанай.

Қазақстанда 10 қаңтар күні парламент сайлауы өтеді. Жергілікті құқық қорғау ұйымдары және өзге де қоғамдық ұйымдар сайлау қарсаңында бақылаушы болуға ниет білдірген адамдарға қысым көрсетіліп жатқанын айтады.

Ресми Нұр-Сұлтан 2019 жылғы президент сайлауынан кейін бақылаушыларға деген талапты күшейтіп отыр. Парламент сайлауы белгіленген Орталық сайлау комиссиясы қаулы шығарып, онда бұрғынғыдай кез келген қоғамдық бірлестік сайлауға бақылаушы жібере алмайтыны, бақылаушылардың фото-видеоға түсіре алмайтыны қамтылған.

2019 жылғы президент сайлауында тәуелсіз бақылаушылар белсенділік танытып, жергілікті сайлау учаскелеріндегі нәтижелерді жариялады. Ол нәтижелер билік көрсеткен ресми сандардан ерекшеленіп отырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG