Accessibility links

Демократтар дүйсенбі күні Трампқа қарсы импичмент баптарын таныстыруы мүмкін


Трамп жақтастары Капитолийге шабуыл жасағаннан кейін пайда болған қоршау.
Трамп жақтастары Капитолийге шабуыл жасағаннан кейін пайда болған қоршау.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасындағы демократтар 11 қаңтарда президент Дональд Трампқа қарсы импичмент баптарын таныстыруы мүмкін. Бұл ақпаратты конгрессмен Тед Лью сөзіне сүйенген "Америка дауысы" сайты хабарлады.

9 қаңтар кешке конгрестің 190-нан астам мүшесі (барлығы да демократ) президентке импичмент жариялауды қолдаған. Импичмент баптары қалай құрастырылатыны белгісіз. Бірақ президентке 6 қаңтар күнгі Капитолийге жасалған шабуыл бойынша айыптар тағылуы мүмкін. Трамп жақтастарының шабуылы кезінде бір демонстрант пен бір полицей қаза болған.

Демократтар Вашингтондағы митинг кезінде Трамп сайлау нәтижесін мойындамай, Капитолийге баруға үндеу арқылы жақтастарын тәртіпсіздікке итермеледі деп санайды. Штурм кезінде Трамп шабуылды айыптамады, тек полицейлерге күш қолданбауға шақырды. Кейінірек жақтастарын сабырға шақырып, басып алуды айыптаған.

Трампқа 2019 жылдың аяғында да импичмент жарияланды. Ол кезде президент "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталды. Сенатта көпшілік болып отырған республикашылдар оны ақтап шығып, ізінше Трамп өкілетін жалғастыра берген. Бір жыл ішінде президентке екі рет импичмент жариялау АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған.

Трамп өкілетінің аяқталуына 10 күн қалды. Сайлауда жеңген Джо Байден 20 қаңтарда өкілетіне кіріседі. Соған қарамастан өкілдер палатасындағы демократтар келесі аптада процедураны аяқтауды көздеп отыр. Одан кейін іс сенатқа жіберіліп, сотқа ұқсас процесс тағайындалады. Мұның бәрі 20 қаңтарға дейін жүзеге асып үлгермеуі де мүмкін. Ондай жағдайда процесс Трамп өкілеті аяқталғаннан кейін жалғасады.

Трамп импичмент жариялау ықтималдығына байланысты түсініктеме бермеді. Жетекші әлеуметтік желілер 6 қаңтар күнгі оқиғадан кейін Трамптың аккаунттарын бұғаттап, кейбірін жойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG