Соңғы бірнеше айда Қытайда коронавирус қайта өршіген. Денсаулық сақтау органдары Пекинге жақын Хэбэй провинциясында 8 күн ішінде 364 адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын хабарлады. Бұл соңғы 5 айда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы 10 қаңтарда бір күнде анықталған 69 науқастың 46-ы Хэбэйде тіркелгенін хабарлады.
Бір жыл бұрын Қытайдың Ухань қаласында коронавирустан бір адам қайтыс болып, қала індет ошағына айналған. Қытай билігі демалыс күндері бұл датаны елемеді. Былтыр 11 қаңтарда қытайлық БАҚ 61 жастағы тұрғынның белгісіз вирустан қайтыс болғанын хабарлаған. Ол Уханьдағы ет сататын базарға барған. Вирус осы базардан белгісіз жағдайда тарады деп айтылады.
Қазір Ухань қаласы қалыпты тірлігіне оралған. Мұнда былтыр жыл басында екі ай бойы қатаң карантин енгізілгеннен кейін вирус азайған.
Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде кемінде 90 миллион адамға коронавирус жұққан. 1,9 млн адам қайтыс болған. Бұл дерек қоры әлем үкіметтерінің ресми мәліметіне сүйеніп жасалғандықтан шынайы көрсеткіш одан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Осыған дейін халықаралық қауымдастық Қытай билігін коронавирус қаупі жайлы айтқандарды қудалады, науқастар санын жасырды деп айыптап, өткір сынаған.
ПІКІРЛЕР