10 қаңтарда өткен парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы кезінде Қазақстанның әр түкпіріндегі сайлау учаскелерін аралаған Азаттық тілшілеріне түрлі кедергі жасалды. Кейбірі коронавирус инфекциясы жоқтығы жайлы ПТР тест нәтижесін талап етіп, сайлау учаскесіне кіргізбеді, ал басқа біреуі анықтама сұрамай-ақ кіргізді. Кейбір сайлау учаскелерінің басшылары "БАҚ өкілдерінің дауыс санау процесіне қатысуға қақысы жоқ" деп полиция шақырып, тілшіні учаскеден шығарып жіберсе, енді бірі процесті толық бақылауға мүмкіндік берді. Азаттық тілшілерінің сайлау күні басынан кешкендері.
"ШЫҚ!" ЖУРНАЛИСТІ КҮШТЕП ШЫҒАРЫП, "ӨТІРІКШІ" ДЕП АЙЫПТАУ
Аян Қалмұрат, Алматы қаласы:
Алматыдағы № 173 сайлау учаскесіне бардым. Сайлау комиссиясының төрағасы журналистік куәлігімді тіркеп алмақ болды. Артынша ПТР тест қорытындысын сұрады. "Журналиске қажеті қанша?" деп едім, қуа бастады. Камерамды жауып, қолымды қақты, мені "арандатушы" деді. Бақылаушының бірі мені видеоға түсіре бастады. Бірер сағаттан соң бақылаушының бәрі мемлекеттік БАҚ арқылы "Азаттық журналисі (мені айтады – А.Қ.) өзін агрессивті ұстады" депті. Ал қолымды қайырып, камерамды тартып алмақ болып, бірнеше рет итеріп жіберген Ысқақов видеоүндеу түсіріп, мені "өтірікші" деп атады. Оның сөзінше, учаскеге кіргенде мен өзімді бақылаушы ретінде таныстырған екенмін.
ТӨРАҒА "ШЫҒАРЫП ЖІБЕРЕМ" ДЕП ҚОРҚЫТЫП, ПОЛИЦИЯ ҚЫР СОҢНАН ҚАЛМАДЫ
Дилара Иса, Шымкент:
Шымкенттегі Ақжайық мөлтекауданында орналасқан мектептегі № 216 сайлау учаскесінің төрайымы мені учаскеге әрең жіберіп, жарты сағат сайын басшыларына мен туралы есеп беріп отырды. Сайлау біткенше тоғыз сайлау учаскесіне кірдім. Барлығының төрағалары осылай есеп беріп, кейбірі фото-видео түсіргенімді "мәдениетсіздікке" теңеді, "қазақылығымызды жоғалтпайық" деп ақыл айтты, енді бірі "тез-тез түсіріңіз де шығыңыз" деді.
№265 сайлау учаскесінде комиссия төрағасы менің фото, видеоға түсіргеніме ызаланып, "шығарып жіберемін" деп ескертті.
№79 сайлау учаскесінде комиссия төрағасы бақылаушының куәлігіндегі мөрге сенбей полицияға тапсырды. Бақылаушыны оннан астам полицейдің әкетіп бара жатқан сәтін суретке түсіргенімді көріп, әл-Фараби аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары телефонымды тартып алмақ болды. Белгісіз адам камераны көлегейлеуге тырысты.
Таңнан кешке дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің екі қызметкері кіммен сөйлескенімді, не түсіргенімді, қайда барғанымды аңдып, фото, видеоға түсірді. Сағат 23:30-де үйге кіргенімше ізімнен аңдыды. Неге ілесіп жүргендерін сұрағанымда, бұларын "журналисті қорғау" деп түсіндірді.
Дауыс санау кезінде "Еркіндік қанаты" ұйымынан бақылаушы қатысқан №228 сайлау учаскесінде болдым, санақ процесін бастан-аяқ бақыладым. Бақылаушылар мәліметінше, учаскедегі 2515 сайлаушының 289-ы ғана дауыс беруге келген.
ӘКІМНІҢ ЖУРНАЛИСКЕ ІЛЕСІП КӨРШІ АУЫЛҒА БАРУЫ
Нұртай Лаханұлы, Алматы облысы:
Талғар ауданы Жалғамыс ауылы мектебіндегі №893 сайлау учаскесіне бардым. Сайлау комиссиясының төрайымы - мектеп директоры, хатшысы – мектептің шаруашылық бастығы.
Осы мектептің бір мұғалімі мен кітапханашысы – "Нұр Отанның" бақылаушысы. Сәлден соң хатшы келіп, "Аумақтық сайлау комиссиясы бастығы ПТР тестісіз кіруге болмайтынын айтты" деп шығып кетуімді өтінді. Қазақстанның бас санитар дәрігерінің 29 желтоқсандағы қаулысында БАҚ өкілдерінің ПТР тест тапсыруға міндеттелмегенін айтып, шықпадым.
Осы арада сайлау учаскесінің жетекшілері кезек-кезек келіп "Жоғары жақ ПТР тестісіз кіруге болмайды деп жатыр" деп кетуімді талап ете берді.
Бұдан кейін Талғар ауданына қарасты Нұра, Өстемір, Туғанбай ауылдарындағы сайлау учаскелерін араладым. Өстемір мектебіндегі №1054 сайлау учаскесінің хатшысы "Журналист аралап жүргенін естідік" деп күлсе, Нұра ауылындағы №1052 сайлау учаскесінің жетекшісі "ПТР тестісіз бес минуттан артық жүруге болмайды" деп ескертті.
Бұдан соң Еңбекшіқазақ ауданы Шалқар ауылындағы №180 сайлау учаскесіне бардым. Бірде-бір бақылаушы жоқ екен. Комиссия жетекшісі "олар түскі ас ішуге кетті, қазір басқа бақылаушылар келеді" деді. Редакциялық тапсырма мен қызмет куәлігімді "басшыға есеп беремін" деп суретке түсіріп алды. Біршама уақыттан кейін ауыл әкімі Айбол Сайлаубекұлы келіп, ол да құжатымды сұрады.
Бұл әкім көрші Қырбалтабай ауылына менімен ілесе барды. Мұнда да мектеп мұғалімдері "Нұр Отан" партиясының бақылаушысы екен. №894 сайлау учаскесіндегі дауыс санауға қатыстым. Аудан әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі комиссия төрағасына айтқан соң ғана дауыс санауға қатыстырды. Дауыс санауға дейін екі бақылаушы, санақ кезінде төрт адам болды. Екі бақылаушы дауыс санауға құмбыл кірісті. Оларға "қой" деген ешкім болмады.
ГАЗ МҮҢКІГЕН ЗАЛДА ДАУЫС БЕРУ, ТОПТАП БЮЛЛЕТЕНЬ ТАСТАУ
Асылхан Мамашұлы, Алматы қаласы және облысы:
Алматы облысы Қарасай ауданы мен Жамбыл ауданының бірнеше сайлау учаскесіне бардым. Іргелі ауылдық орта мектебіндегі №452 сайлау учаскесінде алғаш дауыс берген адамға сайлау учаскесінің төрайымы бір қорапты елеусіз бере салды. Оның сөзінше, бұл – "алғашқы дауыс берушіге беру үшін өз ақшасына сатып әкелген сыйлық" екен.
Осы мектептің екінші жағында орналасқан сайлау учаскесіне алғашқы сайлаушы дауыс беру басталғаннан 45 минуттан кейін ғана келді. Комиссия өзі отырған залды газ баллонына жалғанған пешпен жылытып, зал ішін газ иісі алып кетті.
Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған мектебіндегі сайлау учаскесіне кіргізбеді. Комиссия хатшысы "коронавирусы жоқ" деген ПТР тест қорытындысымен ғана кіретінімді айтты.
"Індет кезінде тест нәтижесінсіз келгендерді кіргізбеу керек" деді "Нұр Отан" партиясы мен "Ауыл" партиясынан келген бақылаушылар. Қарасай ауданы Әйтей ауылында да осыған ұқсас жағдай қайталанды.
Қарасай ауданы Еңбекші ауылдық орта мектебіндегі №446 сайлау учаскесі ПТР тест нәтижесін сұрамай-ақ кіргізді. Бірақ "коронавирусқа байланысты" тез кетуді талап етті.
Еңбекшіге көршілес Жамбыл ауданы Қасымбек ауылындағы №324 сайлау учаскесінде сайлаушының бірі бюллетеньді топтап салғанын сондағы екі бақылаушының екеуі де байқамаған сыңай танытты. Кейіннен Азаттыққа бұл туралы видео жарияланған соң Шолаққарғалы ауылдық округі әкімдігінің фейсбуктегі парақшасында бюллетенді топтап салған әйелдің кешірім сұраған видеосы шықты.
Алматы қаласындағы №91 мектепте орналасқан №4, 5 сайлау учаскелері санақ процесіне қатыстырмады. Полиция шақырған комиссия төрайымының сөзінше, дауыс санау процесіне БАҚ өкілдері жіберілмейді. Аудандық сайлау комиссиясының басшысы да дауыс санауға қатысуыма қарсы болды. Осы учаскеде "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымынан келген бақылаушы таңнан бері қанша дауыс берілгенін санап тұрғанын, дауыс берушілер тізіміндегі адамдардың тек он пайызына жуығы ғана дауыс бергенін айтты.
ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫ САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕН ҚУДЫ
Жаңагүл Жүрсін, Ақтөбе облысы:
Ақтөбедегі №110 сайлау учаскесіне дауыс беру басталардан бір сағат бұрын келдім. Сайлау комиссиясының мүшелері де, бес бақылаушы да дайын отыр екен.
Бастапқыда мұны "мұғалімдердің тапсырмаға тиянақтылығы" деп ойладым. Пікірім әр учаскенің дәлізінде ішке кіре алмай тұрған тәуелсіз байқаушылар тобын көргеннен кейін ғана өзгерді.
Бақылаушылардың бірі Жазира Ілиясова №27 учаскеге сағат алты болмай келген. Сағат он жарымдарға дейін учаскеге кіре алмай жүрді.
№36 сайлау учаскесінің төрағасына наразылығын айтқан Самат Нұрбаевты полиция алып кетті. Тәуелсіз бақылаушылар Тарбия Алмышева мен Бағдагүл Диярованы №557, №554 учаскелерден күштеп шығарып жіберді.
Ақтөбедегі №28 учаске төрағасы Ержан Бақытбек сайлау комиссиясы мүшелерін бет-жүзін көрсетпей фото мен видеоға түсірмек болып едім, бұған тыйым салды. Төраға " тек урнаны ғана түсіріңіз" деген талап қойды. Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Күнбаеваға хабарлағаннан кейін ғана фото мен видео түсіруге рұқсат алдым.
ВИДЕОҒА ТҮСІРУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫП, ПОЛИЦИЯДАН ТІЛШІГЕ ХАТТАМА ТОЛТЫРУДЫ ТАЛАП ЕТТІ
Сәния Тойкен, Ақмола облысы және Нұр-Сұлтан қаласы
10 қаңтарда таңертеңгі сағат 8-де Ақмола облысы Қабанбай ауылына қарасты №645 сайлау учаскесіне келгенімде дауыс беруге келген сайлаушы аз екен. Бақылаушылардан "Нұр Отан" партиясы мен "Әкелер қауымдастығы" бірлестігінің өкілдері отырды. Сайлау комиссиясының төрайымы Мақпал Елубаева "Сайлау учаскесінде қанша адам дауыс беруі тиіс?" деген сауалыма жауап беруден бас тартып, сайлау комиссиясы мүшелерімен сөйлесуіме рұқсат етпеді. Себебін маған түсіндірген жоқ.
Бұдан кейін Нұр-Сұлтан қаласында сайлау күні полицияның азаматтық белсенділерді ұстағаны жайлы хабар дайындаумен он сағаттан артық жүрдім.
Өзім тіркелген Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданындағы №318 сайлау учаскесіне келгенімде дауыс берудің аяқталуына санаулы минут қалған еді. Сайлау комиссиясының төрайымы Валерия Степняковаға дауыс санағына қатысқым келетінін айтып, тиісті құжаттарымды көрсеткен соң мені тіркеді. Залдан бірнеше фото түсіргеннен кейін бақылаушылар кабинасы жанындағы орындыққа отырып, дауыс санағының басталуын күттім. Бірнеше минуттан соң комиссия төрағасы сайлау уақыты аяқталғанын хабарлап, есікті жабуды бұйырды. Содан соң бақылаушыларға қоса маған да орнымнан қозғалмай отыруымды ескертіп, фото мен видеоға түсіруге тыйым салатынын айтты. Сайлау комиссиясы мүшелері отырған үстелдерді дауыс жәшігінен 1 метр, бақылаушылар кабинасынан 3,5 метр жерге сайлау бюллетенін санауға әзірлеп қойды.
Арада он бес минуттай уақыт өтсе де дауыс санағына кіріспеді. Бюллетень салынған жәшікті ашпады. Ал залдың арғы түкпірінде, бақылаушылар кабинасынан шамамен 6-7 метр қашықтағы сайлау комиссиясы отырған үстелдің басында түсініксіз әрекет басталды. Комиссия мүшелері әлдебір қағаздарды жәшікке салып жатқандай болды. Не істеп жатқанын не бақылаушыларға, не журналиске ешкім түсіндірмеді.
Мен бюллетень санауға әкеліп қойған үстелдің тұсына келіп, ол жерден шамамен төрт-бес метр жердегі сайлау комиссиясының іс-әрекетін алыстан видеоға түсіре бастадым. Сол-ақ екен, жаныма жетіп келген комиссия төрайымы сайлауға кедергі келтіріп жатқанымды айтып, камераға түсіруді доғарып, бақылаушылармен бірге тыныш отыруымды талап етті. Мен журналист ретінде сайлау учаскесінде не болып жатқанын түсіруге заңды құқығым барын айтып, өзімнің кәсіби міндетімді атқаруыма кедергі жасамауын сұрадым.
– "Азаматтық кодекстің" 345-бабына сәйкес, сіздің әрекетіңіз заңсыз ("Талап етуді беру шарттары" деп аталатын бұл бап несие беруші мен борышқор қатынасы жайлы – ред.). Мені түсіруге құқыңыз жоқ. Полиция шақыртып, хаттама толтыруыма тура келеді. Оның үстіне сізде ПТР тест тапсырғаныңыз туралы анықтамаңыз жоқ. Мұндағы барлық адамдардың, бақылаушылардың да ПТР тест туралы құжаты бар. Сіз бізге зор қауіп төндіріп тұрсыз. Мен заңға сүйеніп айтамын. Орныңызға отырмасаңыз хаттама толтыртамын, – деді Валерия Степнякова.
Сайлау комиссиясы жетекшісінің шақыртуымен осы сайлау учаскесінің сыртында тұрған полиция қызметкері қасыма келді. Аты-жөнін айтпай, куәлігін жартылай көрсеткен полиция өкілі жеке мәліметімді жазып алған соң әлдебіреуге телефон шалып, кеңесе бастады. "Хаттама толтырамын ба, не істеймін?" деп сұрады ол.
Ал сайлау комиссиясының төрайымы мен видеоға түсіруді доғарып, бақылаушылар кабинасына кірмей сайлау учаскесінде дауыс санағы басталмайтынын айтты. Осы арада әңгімеге өзін сайлау комиссиясының мүшесімін деп таныстырған Гүлжәзира Артышева араласты.
Комиссия төрайымы мен мүшелері, полиция менің барлық құжатымды алып, әрқайсысы өз телефонына суретке түсіріп алды. Бұдан соң Артышева "Сайлау туралы" заң жазылған кітапшадан шетелдік журналистің сайлауға қатысу құқығы туралы бапты оқып, мені "сайлау комиссиясының жетекшісіне бағынбадың" деп кінәлады.
– Біз сізге берілген журналистік аккредитацияны жоюды талап ететін боламыз, – деді Гүлжәзира Артышева.
Мен сайлау комиссиясының жетекшісі көрсеткен бақылаушылар кабинасынан бар болғаны 50 см шығып тұрғанымды және дауыс санайтын орыннан 3 метр қашықта, ешкімге кедергі жасамай кәсіби жұмысымда атқарып тұрғанымды айттым.
Бірақ сайлау комиссиясының басшысы мен қалған мүшелері бұл уәжіме құлақ аспай, дауыс санаудан бас тартты. Сағат 21-ден асқанда Валерия Степнякова полиция өкілдерінен маған хаттама толтыруды талап етті. Алайда жанымда тұрған үш полицей хаттама толтырған жоқ, мені учаскеден сыртқа шығарып, есікті іштен кілттеп алды.
"НҰР-ОТАННЫҢ" "ҮНДЕМЕС" БАҚЫЛАУШЫЛАРЫ
Ақсәуле Әбітай, Тараз қаласы:
Тараздағы Қант зауыты ауданы мектебіндегі №5 сайлау учаскесіне таңғы 7-ден аса келдім. Кейінірек жақын маңайдағы 2, 4 учаскелерге де бардым. Құжатымды тексерді де кіргізді.
Кейбір учаскелерде "Нұр Отан" партиясының бақылаушылары не үшін жүргенімді, қанша учаскеде болатынымды қайта-қайта сұрады. Бақылаушылар сайлау кезінде де, процесс аяқталған соң да пікір айтқысы келмеді.
№5 сайлау учаскесінің төрағасы мені санақ процесіне қатыстырғысы келмей, әрең кіргізді. Сағат сегізде комиссия учаскені жауып, кешкі асқа кетті. Дауыс санауды тоғызда бастаймыз дегеніне бақылаушылар көнгісі келмей асыққан соң жарты сағаттан соң санаққа кірісті. Біз бюллетень санап жатқан үстелден бірнеше метр қашықта тұрдық.
Тараздағы №5 сайлау учаскесінде тіркелген 2480 сайлаушының 1096-ы дауыс беруге қатысты. Дауыс беру қорытындысы бойынша "Нұр Отан" 529, "Ауыл" 130, "Адал" 211, "Қазақстанның халық партиясы" 103, "Ақ жол" 102 дауыс жинады.
"ЖУРНАЛИСТІҢ КӘСІБИ ҚЫЗМЕТІНЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРГЕНДЕР ЖАЗАҒА ТАРТЫЛУЫ МҮМКІН"
"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева журналистердің басында болған бұл жағдайды "қоғамның сайлау барысы жайлы толыққанды, жан-жақты ақпарат алу құқығын бұзу" деп сипаттады. Оның айтуынша, бұл сайлау комиссиялары басшыларының "құқықтық сауатсыздығы, құқықтық нигилизм не жай білмеген сыңай таныту болуы мүмкін".
"Сайлаудан хабар таратып жүрген журналистен Covid-ке ПТР тест анықтамасын талап ету, әрине, заңсыз, бұл бірде-бір заңда не қаулыда қарастырылмаған. Журналистің сайлау учаскесінде видео- фототүсірілім жасауына кедергі келтіру де заңды өрескел бұзуға жатады" деп жазды Тамара Калеева Facebook парақшасында. Оның айтуынша, қашықтықты сақтап, санитарлық нормаларды орындап хабар таратып жүрген журналисті сайлау учаскесінен шығарып жіберген адам тілшінің кәсіби міндетін атқаруына кедергі жасағаны үшін әкімшілік не басқа жазаға тартылуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР