Accessibility links

Мәжілістен "Нұр Отан" - 76, "Ақ жол" - 12, ҚХП 10 орын алды


Нұр-Сұлтан қаласы. Қаңтар айы 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласы. Қаңтар айы 2021 жыл.

12 қаңтарда орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялап, парламенттің төменгі палатасында партиялардың қанша орын алғанын хабарлады. Оған сәйкес, жеті пайыздық межеден өткен "Нұр Отан" - 76, "Ақ жол" - 12, "Қазақстанның халық партиясы" (ҚХП) - 10 мәжіліс мандатына ие болған.

Сайлаудың түпкілікті нәтижесінің алдын ала қорытындыдан айырмашылығы жоқ:

  • "Нұр Отан" - 5 148 074 дауыс алған (71,09%);
  • "Ақ жол" - 792 828 дауыс алған (10,95%);
  • "Қазақстанның халық партиясы" - 659 019 дауыс алған (9,1%);
  • "Ауыл" партиясы - 383 023 дауыс алған (5,29%);
  • "Адал" - 258 618 дауыс алған (3,57%).

Қазақстанда заң бойынша, парламентке жеті пайыз дауыс алған партиялар өтеді. Парламенттің төменгі палатасындағы 107 депутаттың 98-і партиялық тізім бойынша сайланады, қалған тоғызын Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) сайлайды. 11 қаңтарда ҚХА атынан мәжіліске баратын 9 депутаттың аты-жөні анықталған.

ОСК мәліметінше, елде жалпы 1,9 млн сайлаушы бар, олардың 7 539 280-і (63,3%) сайлау күні бюллетень алған. 7,2 млн адам партияларға дауыс берген.

10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілді орган – мәслихаттар сайлауы өтті. Сайлауға оппозициялық күштер қатыстырылмады, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы мен билікшіл төрт партия қатысты.

Сайлау күні белсенділер мен тәуелсіз бақылаушылар көптеген заңсыздық тіркелгенін хабарлады. Тәуелсіз бақылаушылар түрлі себеппен сайлау учаскесіне жіберілмеді, кейбір учаскелерде бақылау камералары матамен бүркелді.

Бірнеше қалада "әділетсіз" сайлауға қарсылық білдірмек болған саяси күштер жақтастары ұсталды. Алматыда кейбір белсенділерді арнайы жасақ қоршап, 6-10 сағат аралығында аязда ұстап тұрды. Кейбір белсенділер ауруханаға түсті. Батыс ұйымдары полицияның әрекетін айыптады.

Билік сайлауда өрескел заңбұзушылық болмағанын мәлімдеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады және үгіт-насихат бәсекеге сай өтпеді, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады.

Қазақстандағы сайлаулардың ешқайсысын халықаралық ұйымдар "демократия талаптарына сай өтпеді" деп мойындамаған. Бұл – Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткелі Қазақстанда өткен алғашқы мәжіліс сайлауы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG