Accessibility links

"Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы хаттамалар бойынша балама есеп жариялады 


Сайлау процесін қадағалап отырған бақылаушылар. Алматы қаласы, 10 қаңтар 2021 жыл. Көрнекі сурет.
Сайлау процесін қадағалап отырған бақылаушылар. Алматы қаласы, 10 қаңтар 2021 жыл. Көрнекі сурет.

"Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы мәжіліс және мәслихат сайлауы әділ өтпегенін, бақылаушыларға көп кедергі жасалғанын мәлімдеді. Бақылаушылар хаттамалар бойынша "сотқа арыз түсірдік, бірақ оны қабылдамай жатыр" дейді.

13 қаңтарда "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы сайлау күнгі жұмысты қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді. Ұйымның 173 бақылаушысы Алматы қаласы бойынша 8 ауданда орналасқан 76 сайлау учаскесін қадағалаған. Бақылаушылар 25 заң бұзу фактісіне хаттама толтырған. Қағазға тіркелмеген ескертулер бұдан бірнеше есе көбін айтады. Ұйым жетекшісі Арайлым Назарованың сөзінше, 51 бақылаушы кешкі сегізден кейін бюллетеньдерді санауға қатыса алмаған.

"Оларды учаскелік полицейді шақырып шығарып жіберді. Кейбіреуін дезинфекция жасаймыз деп алдап, қайтадан учаскеге кіргізбей қойған" дейді Назарова.

Сайлау комиссиясынан алынған 25 хаттама бойынша ұйым өкілдері қай партияға қанша пайыз дауыс берілгенін де жария етті. 25 сайлау учаскесі де Алматы қаласында орналасқан. Есеп төмендегідей:

  • Қазақстанның халық партиясы (ҚХП) – 10%
  • "Нұр Отан" - 45,8%
  • "Ауыл" - 9,5%
  • "Ақ жол" - 20,8%
  • "Адал" - 13,9%

Тәуелсіз бақылаушылардың балама есебі мен ресми деректе айырмашылық бар. Орталық сайлау комиссиясының есебінше, Алматы қаласы бойынша, ҚХП - 13,49%, "Нұр Отан" - 55,54%, "Ауыл" - 9,9%, "Ақ жол" - 15,21%, "Адал" - 5,86% қолдауға ие болған.

Тәуелсіз бақылаушылар есебінше, сайлаушылардың дауыс беру белсенділігі 15,3% құраса, ресми деректе бұл көрсеткіш 30,3 % деп тұр. "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы "сайлау процесін ұйымдастыру деңгейі төмен, реформаны қажет етеді" деп мәлімдеді. Билік әділ сайлауды мүдделі болмағандықтан, жаңа технологияларды енгізуге де ниетті емес дейді бақылау ұйымы өкілдері.

Қазақстанда парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау 10 қаңтарда өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 7 пайыздық межеден өткен үш партия: ҚХП (9,10%), "Нұр Отан" (71,09%), "Ақ жол" (10,95%) парламентке өтті. Үш партия өкілдері мәжілістегі 98 мандатты толтырады. Қалған 9 мандат Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған депутаттарға тиесілі. Мәжілісте барлығы 107 мандат бар.

ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлау халықаралық стандарттарға сай өтпеді, шынайы бәсеке болмады деп мәлімдеді. "Сайлау күні жалпы тыныш өткенімен, сол күні адамдардың негізгі құқықтарын шектеумен, соның ішінде бейбіт демонстранттарды ұстаумен, есте қалды. Қолға алынған шаралар кей жергілікті бақылаушылардың тиімді бақылау жүргізуіне кедергі жасады" делінген ұйым мәлімдесінде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG