Accessibility links

"Бақылаушыларды кіргізбеу, хаттама беруден бас тарту". ҮЕҰ сайлау күні 168 заңсыздық тіркеген


Сайлау учаскелерінің бірі. Көрнекі сурет.
Сайлау учаскелерінің бірі. Көрнекі сурет.

"Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" (МИСК) үкіметтік емес ұйымының "Жас сайлаушылар лигасы" жобасы мәжіліс және мәслихат сайлауында 168 заңсыздық тіркеген. Сайлау учаскесінен бақылаушыны шығару, сайлау комиссиясының дауыс беру қорытындысы туралы хаттама бермеуі жиі тіркелген. 13 қаңтар күні Алматыдағы брифинг кезінде ұйым өкілдері осындай 72 жайт болғанын мәлімдеді.

Лига өкілдерінің сөзіне қарағанда, 15 учаскеде бақылаушыны кіргізбеген: Бесеуінде ПТР-тест өткізген зертхана қорытындысын жарамсыз деп таныған. Сайлауға бір күн қалғанда Алматы қаласының санэпидстанциясы ондаған бақылаушыны коронавирус тестінен өткізген екі зертхананы "комиссияның рұқсатынсыз жұмыс істеді, ережелерді бұзды" деп айыптаған. Бақылаушылар мұны "кезекті кедергі" деп қабылдаған. Жарты жылдан бері тест өткізіп келе жатқан зертханалар санэпидстанция айыптауларын жоққа шығарған.

Тағы жеті жерде сайлау учаскесінде орын жоқ деп айтты. Мұндай жағдай Алматы (2), Қостанай (2), Қарағанды (2) және Петропавлда (1) тіркелді. Алматыда үш рет және Петропавлда бір рет "ұйымның жарғысы дұрыс емес" деп бақылаушыларды кіргізбеді. Алматыда бір учаскеде бақылаушыны кіргізбеудің себебін түсіндірмеді, - деді МИСК ақылдастар кеңесінің төрайымы Ирина Медникова.

Бақылаушылар сонымен бірге дауыс санауды уақытында бастамау (9 жағдай), сайлау комиссиясы мүшелерінің бақылаушыларға ақпарат беруден бас тартуы (7 жағдай), қозғалысты шектеу (6 жағдай) фактісін тіркеген.

Сайлауға 240 бақылаушы дайындаған МИСК бір бөлігі түрлі себеппен (кейбірі билік қысымымен) бақылаушы болудан бас тартқанын жеткізді. Сайлау күні учаскеге 137 бақылаушы барған. 181 учаскені (республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі бар) қамтып, 109 хаттама ала алған.

Бақылаушылар хаттамасына сүйене отырып, МИСК былайша қорытынды жасаған:

  • "Нұр Отан" - 48,3 (Ресми мәлімет бойынша - 71,09 пайыз)
  • "Ақ жол" - 20,2 (Ресми мәлімет бойынша - 10,95 пайыз)
  • "Адал" - 12,8 (Ресми мәлімет бойынша - 12,8 пайыз)
  • "Қазақстанның халық партиясы" - 8,9 (Ресми мәлімет бойынша - 9,1 пайыз)
  • "Ауыл" - 8,33 (Ресми мәлімет бойынша - 5,29 пайыз).

Тәуелсіз бақылаушы дайындаған өзге үкіметтік емес ұйымдар сияқты МИСК те сайлау қарсаңында және сайлау күні биліктің едәуір қысымына ұшырағанын айтып өтті. Бұған дейін бірнеше үкіметтік емес ұйым "салық органдарының негізсіз тексерулеріне" шағымданған. Бақылаушыларға белгісіз біреулердің хабарласып, қоқан-лоқы жасағанын да айтқан. Желтоқсан айында орталық сайлау комиссиясы қаулы шығарып, жарғысында бақылау туралы жазылған ұйымдарды ғана бақылауға жіберетінін ескерткен. Бірқатар ұйымдар мен белсенділер қаулыдағы сайлау учаскесінде фото-видео түсіруге қойылған шектеуге қарсы шығып, жоғарғы сот пен бас прокуратурадан күшін жоюды сұраған. Бірақ көптеген шағым кері қайтарылды.

Қазақстан билігі сайлауда "өрескел заңсыздық тіркелмеді" деді. Ал ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлау халықаралық стандарттарға сай өтпеді, шынайы бәсеке болмады деп мәлімдеді. "Сайлау күні жалпы тыныш өткенімен, сол күні адамдардың негізгі құқықтарын шектеумен, соның ішінде бейбіт демонстранттарды ұстаумен, есте қалды. Қолға алынған шаралар кей жергілікті бақылаушылардың тиімді бақылау жүргізуіне кедергі жасады" делінген ұйым мәлімдесінде.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы парламенттегі орындардың басым бөлігіне ие болды. 2012 және 2016 жылғы сайлаулар сияқты бұл жолы да мәжіліске "Нұр Отанмен" бірге тек билікшіл партиялар өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG