Accessibility links

Мәскеудегі Внуково әуежайы Навальныйдың келген сәтінен хабар таратуға тыйым салды


Ресейдегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальный
Ресейдегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальный

Мәскеу маңындағы Внуково әуежайы әкімшілігі журналистерге Ресейдің оппозицияшыл саясаткері Алексей Навальныйдың ұшып келген сәтін түсіруге тыйым салды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Навальный 17 қаңтар, жексенбі күні Берлиннен Мәскеуге қайтып оралмақ.

Әуежайдың баспасөз қызметі коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін және "Внуково халықаралық әуежайына келетін жолаушылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін" осындай шектеу енгізетінін хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарламасында "Аэровокзал кешені аумағында бұқаралар шараларға, соның ішінде ақпарат құралдарының жұмыс істеуіне уақытша шектеу қойылады" делінген.

Sota Vision ақпарат-сараптама басылымы "баспасөз қызметінің журналистермен ынтымақтасуға дайын я дайын еместігіне қарамастан, әуежайдан эфир жүргізілетінін" хабарлады.

Мәскеу прокуратурасы Внуково әуежайында бұқаралық шара ұйымдастыру заңсыз деп, бұл туралы хабарлама таратып жатқандарға ескерту жасады. Алексей Навальныйды қарсы алмақ болып жатқандар арасында оның жақтастары да, билікшіл ұйымдар да бар.

Ресейдің жазаны орындату жөніндегі федералдық қызметі Навальныйды белгіленген шартты жазаны түрмеге қамаумен алмастыру мәселесін қарайтын сот отырысы басталғанға дейін қамау үшін "қолда бар барлық шараны қолданатынын" мәлімдеді. Мекеменің хабарлауынша, олар Алексей Навальныйдың былтырғы 24 қыркүйектен бері қайда жүргенінен бейхабар.

Ресей басшылығындағы сыбайлас жемқорлықты әшкерелеп жүрген белсенді саясаткер Алексей Навальный былтыр тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқан ұшақта есінен танып қалған. Кейіннен Еуропадағы бірнеше зертхана оның "Новичок" деген умен уланғанын айтты. Батыс елдері Кремльден бұл істің ақ-қарасын анықтауды талап етті. Ресей президенті Владимир Путин ресми Мәскеудің бұл оқиғаға қатысы жоғын айтумен келеді.

Германияда ем қабылдап, сауығып жатқан Навальный 17 қаңтарда еліне қайтатынын хабарлаған күні оның 2020 жылғы 29 желтоқсаннан бері федералдық іздеуде екені белгілі болды.

2014 жылы сот Алексей Навальный мен бауыры Олег Навальный "Ив Роше Восток" компаниясына негізсіз қымбат бағаға қызмет көрсетті деп тауып, саясаткерді 3,5 жыл шартты жазаға, бауыры Олегті 3,5 жыл бас бостандығын айыру жазасына кескен. Жазаны орындату қызметі Навальныйдың шартты жазасын түрмеге қамауға ауыстыруды сұрап, сотқа талап арыз берді. Саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш мұны "Навальныйды елге келтірмеу үшін жасап жатқан далбаса әрекет" деп бағалаған.

Мұның үстіне, Ресейдің тергеу комитеті 2020 жылғы 29 желтоқсанда оппозициялық саясаткерге қарасты бірнеше ұйымға бөлінген 356 миллион рубль қайырымдылық қаражатын жымқырды деп айыптап, Навальныйдың үстінен қылмыстық іс қозғаған. Саясаткердің өзі болса мұны өзін "Новичокпен" улағандардың ізіне түскен зерттеуі үшін "кек алу" шарасы деп сипаттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG