Accessibility links

Ақордаға беттеген наразы әйелдерді арнайы жасақ бөгеді, полиция мен әйелдер жанжалдасып қалды


Әйелдер "Отбасындағы зорлық" заңына қарсы шықты. Олардың жолын арнайы жасақ бөгеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

Дүйсенбі күні таңертең Нұр-Сұлтанда бір топ әйел министрліктер үйі алдында "отбасындағы зорлық-зомбылық" туралы заңды түсіндіруді талап етіп, шенеуніктермен кездеспек болған. Еңбек министрлігінен кейін әділет министрлігіне барып, ол жақта да биліктің жауабына қанағаттанбаған наразы әйелдер парламентке баруға оқталған еді. Бірақ арнайы жасақ парламентке баратын жолды бекітіп, наразылардың жылжуына мүмкіндік бермеді. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ол жақта 50 шақты - СОБР, 2-3 автобус тұрған.

Бір сәт бірнеше әйел мен полиция жасағы жұлқыласып та қалған. Кей куәгерлердің сөзіне қарағанда, полиция әйелдерді алып кетпек болған кезде кішігірім жанжал туындаған.

Билік өкілдері әйелдерді "Жанұя" орталығына барып, "мәселені талқылауға" көндіруге тырысқан. Ал әйелдер жаңа сайланған мәжіліс депутаттарының шығуын талап еткен.

Түстен кейін наразылармен сөйлесуге Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ішкі саясат басқармасының жетекшісі Дәурен Бабамұратов келді.

- Негізінен екі мәселеге наразы болып тұрсыздар ғой. Бірі тұрғын үй жағдайы сәйкес келмесе, онда балаларды тартып алады-мыс деген жорамал. Заңда ондай талап жоқ. Бала белгілі бір жасқа келген кезде жынысына қатысты ой-пікірін айтады-мыс деген нәрсе де заңда қарастырылмаған. Ондай нәрсе жоқ, - деп еді әйелдер "ондай нәрсе бар!" деп айқайлап, шулап кетті.

18 қаңтар сағат 14:30-дегі жағдай бойынша, әйелдердің біраз бөлігі тарқаған, біраз бөлігі депутаттармен кездесеміз деп министрліктер үйі маңында қалған.

Былтыр қыркүйекте мәжіліс "Тұрмыстық әлімжеттікке қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. 18 қаңтарда министрліктер үйіне келген наразы әйелдер заң жобасында бұлыңғыр ұғымдар көп екенін айтып, оны мақұлдаған және әзірлеген шенеуніктермен кездескісі келетінін айтқан.

Осыған дейін түрлі аймақта заң жобасына қарсы қол жинала бастаған. Оған қол қойған белсенділер құжаттың шикі тұстары көп, отбасы құндылықтарына қатер төндіріп, мемлекеттік органның өкілетін негізсіз арттырып жібереді деп қауіптенген. Жобада "күш көрсету" ұғымының мағынасы кеңейгеніне алаңдаған белсенділер бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықты классификациялау ісіне теріс ықпал етуі мүмкін деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG