Accessibility links

Нұр-Сұлтанда салық инспекциясы "Еркіндік қанаты" ұйымына айыппұл салды


"Еркіндік қанаты" ұйымының жетекшісі Елена Швецова, адвокат Ольга Эннс, заңгер Роман Раймер (солдан оңға қарай) Есіл ауданы кіріс басқармасы басшысының орынбасары Ерлік Мұқанов кабинетіне хаттамамен танысуға келіп отыр. Нұр-Сұлтан, 18 қаңтар 2021 жыл.
"Еркіндік қанаты" ұйымының жетекшісі Елена Швецова, адвокат Ольга Эннс, заңгер Роман Раймер (солдан оңға қарай) Есіл ауданы кіріс басқармасы басшысының орынбасары Ерлік Мұқанов кабинетіне хаттамамен танысуға келіп отыр. Нұр-Сұлтан, 18 қаңтар 2021 жыл.

18 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы кіріс басқармасы "Еркіндік қанаты" қоғамдық ұйымына "салық есебін уақытында өткізбеді" деп, 277 мың теңге (шамамен 660 доллар) айыппұл салды. Ұйым жетекшісі Елена Швецова айыппұлмен келіспейтінін, сотқа шағымданатынын айтты.

Швецованың сөзінше, салық инспекциясы ұйымды былтырғы қарашадан бері тексеріп келеді. Кірістер басқармасы қоғамдық ұйымға салық төлеу жөніндегі заңды бұзды деп үш хаттама толтырған.

- 15 қаңтар күні салық инспекциясы қызметкері кешке қарай "сізді үйіңізден алып кетейік" деп хабарласты. Одан соң түн ортасында тағы хабарлама жіберді. Екі хаттама бізді "Сорос" қоғамдық қорынан алған гранттарымызға қатысты үш айға жұмысын тоқтату туралы болса, үшіншісі Норвегияның Хельсинкий комитетінің бізге қате аударылып, біз кері қайтарған қаражатына айыппұл салу туралы болды, - деді ол.

Швецованың айтуынша, кірістер басқармасы екі хаттаманы жойып, Норвегияның Хельсинкий комитеті қате аударып, кері қайтарылған қаржы үшін "Еркіндік қанатына" 277 мың теңге жуық айыппұл салды.

Есіл аудандық кірістер басқармасының басшысының орынбасары Ерлік Мұқанов Азаттыққа қоғамдық ұйымның салық туралы есебін уақытында тапсырмағанын анықтағанын, олардың сотқа шағым түсіруге құқығы барын айтты. Бірақ ол ұйым шотына түскен, бірақ кері қайтқан қаржының кіріс ретінде көрсетудің заңдылығы туралы сұраққа жауап бере алмады.

"Еркіндік қанаты" ұйымының жетекшісі Швецова бұл жағдайды саяси қудалау деп санайды. Ол салық органының қызметкерлерінің жеке тұрғын үйі жайлы мәліметті біліп, үйіне келуге тырысқандарына алаңдап, жеке өмірі үшін қауіптенетінін айтты.

"Еркіндік қанаты" қоғамдық ұйымы Нұр-Сұлтан қаласында 2015 тіркелген. Ұйым адам құқығы жөніндегі мәселелерді түсіндіру, мониторинг жасау, зерттеу жұмыстарымен айналысады.

10 қаңтарда болған мәжілісі мен мәслихат сайлауы кезінде "Еркіндік қанаты" бақылаушылары көп кедергіге кездесті. Олардың кейбірін полиция қызметкерлері сайлау учаскелерінен алып кеткен.

Былтыр қараша соңында Қазақстандағы қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері салық органдары тарапынан негізсіз тексеріс болып жатқанын мәлімдеген. Салық органдары тарапынан тексеруге "Еркіндік қанаты", "Халықаралық құқықтық бастама", "MediaNet" халықаралық журналистика орталығы, "Құқықтық медиа орталық" ұйымдары, "Эхо", "Кадір қасиет", Қазақстандағы адам құқығы бюросы ұшыраған.

Салық органдары адам құқығы, тәуелсіз ақпарат берумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға салық заңын бұзды деп айыптаған.

Қоғамдық ұйымдар бұл тексерісті жұмыстарына қысым деп бағалаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG