Accessibility links

Таразда азаншы "Ақ жолды" қолдаған парақшалар ілгені" үшін жазаланды


Судья сот процесі кезінде белсенді Елдос Қырықбаев ілген парақшаны көрсетіп отыр. Тараз, 19 қаңтар 2021 жыл.
Судья сот процесі кезінде белсенді Елдос Қырықбаев ілген парақшаны көрсетіп отыр. Тараз, 19 қаңтар 2021 жыл.

Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қала тұрғыны Елдос Қырықбаевты "анонимді үгіт-насихат жүргізді" (Әкімшілік кодекстің 113-бабы) деп айыптап, оған екінші рет 69450 теңге көлемінде (25 АЕК) айыппұл салды. Бұл туралы сотқа қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Тараздағы қалалық мешітте азаншы болған Қырықбаев 10 қаңтардағы мәжіліс және мәслихат сайлауы алдында "Ақ жол" партиясы қолдайтын парақша таратқаны үшін жазаланған. Сот процесі кезінде Қырықбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, заңсыз әрекетке барғаны үшін өкінетінін де айтты.

- Иә, таратқаным рас. Парақшаларды ешкімнің көмегінсіз, қаражатынсыз шығарып, желтоқсан айында бағаналарға ілдім. "Ақ жолға" дауыс берсе деген ой ғана болды, ешкімді үгіттеп, митингіге шақырмадым, - деді ол сот кезінде.

Сот процесінде судья Данияр Мадимаров 31 дана парақша тәркіленгенін айтып, бір данасын көрсетті. Қырықбаев былтыр 22 желтоқсанда "Ақ жол" партиясының парақшаларын таратқаны үшін "анонимді үгіт-насихат жүргізді" деп айыпталып, 69450 теңге айыппұл алған еді. Тұрғынның сөзінше, ол айыппұлын әлі төлеп үлгермеген.

Қырықбаев бұрын Тараздағы қалалық мешітте азан шақыруы болғанын, саяси белсенділігіне байланысты жұмыстан шығып қалғанын айтады. Ал Тараздағы қалалық мешіттің имамы Ақмамбетов Асхат "ешкім оны жұмыстан шығармағанын" жеткізді.

- Оны ешкім жұмысынан босата алмайды ғой. Отбасылық жағдайыма байланысты деп өз еркімен кету туралы өтініш жазып әкелді, - деді ол Азаттық тілшісіне.

10 қаңтардағы сайлау алдында шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билік сыншысы Мұхтар Әблязов өз жақтастарын биліктегі "Нұр Отан" "көп дауыс алып кетпес үшін" "Ақ жол" партиясына дауыс беріп, осы партияны қолдауға шақырған. Әблязовтың үндеуінен кейін аймақтағы белсенділер ол ұсынған "Ақ жолды" қолдайтын парақшаларды тарата бастаған.

Полиция Әблязов ұсынған "Ақ жолды" қолдау парақшасын таратуды заңсыз деп тауып, белсенділерді қудалай бастады. Ал билікшіл "Ақ жол" партиясы Әблязовтың үндеуінен соң "Ақ жол" партиясы мүшелікке адам қабылдауды тоқтатқан.

  • Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы елде "экстремистік ұйым" деп танылған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысының жақтастарын жиі қудалайды.
  • 10 қаңтар Қазақстанда парламент мәжілісі және мәслихат сайлауы өтіп, оған биліктегі "Нұр Отан" мен билікшіл "Ақжол", "Адал", "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы Қазақстанның коммунистік халық партиясы), "Ауыл" партиясы қатысты. Мәжіліске бұрын өтіп жүрген "Нұр Отан", "Ақ жол", "Қазақстан халық партиясы" парламенттен орын алды.
  • Кейбір сарапшылар бұл сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді, оппозициялық топтар қатыса алмады деп санады. Ал ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады.
  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG