Accessibility links

Полиция Мұрагер Әлімұлына жасалған шабуылды "Бұзақылық" бабы бойынша тергеп жатыр. Күдікті ұсталмаған


"Пышақ жұмсап, тепкіледі". Қытайдан қашқан екі қазақ шабуылға ұшырады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Ақмола облысы Целиноград аудандық ішкі істер басқармасы 21 қаңтарда түнде Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қоянды ауылында соққыға жығылған Мұрагер Әлімұлына жасалған шабуылды "Бұзақылық" бабы бойынша тергеп жатыр. Бұл туралы полиция басқармасының өкілдері хабарлады.

- 293-бап 2-тармақ 1-бөлігі бойынша ("Бұзақылық") қылмыстық іс қозғалды. Әлі ешкім ұсталмады. Іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір тергеушілер тобы оқиға орнында, - деді кезекші бөлім қызметкері Абылайхан Шалғынбаев 22 қаңтар түстен кейін Азаттық тілшісіне.

Полиция сұрақтарына жауап берген Мұрагер Әлімұлы. Ақмола облысы, Қоянды ауылы, 22 қаңтар 2021 жыл.
Полиция сұрақтарына жауап берген Мұрагер Әлімұлы. Ақмола облысы, Қоянды ауылы, 22 қаңтар 2021 жыл.

Қытайдағы қысымға байланысты 2019 жылы күзде Қазақстанға қашып келген Мұрагер Әлімұлына шабуыл 21 қаңтарда түнгі сағат 11-лер шамасында Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қоянды ауылында жасалған. Өзінің айтуынша, бұрын өзі көрмеген белгісіз екі адам тұтқиылдан шабуылдап, пышақ ұрған. Соққы Әлімұлының курткасындағы телефон зарядтайтын қатты құрылғыға тиіп, денесін жеңіл жарақаттап өткен. Әлімұлының сөзіне қарағанда екі адам қолындағы темір затпен басы мен белін де ұрған. Бұдан соң қашып кеткен. Әлімұлы әпкесінің үйіне әрең жетіп, сол жақта жедел жәрдем көлігі шақыртылған. Жұма күні ол Нұр-Сұлтандағы ауруханаға барып, медициналық тексерістен өтуге оқталғанмен кейінірек ойынан айнып қалды.

Әлімұлы шабуылды "кездейсоқ оқиға" ретінде санамайтынын айтты.

- Жалғыз мен емес. Қытайдан қашып келген Қайша Ақанға да дәл сол уақытта шабуыл жасалыпты. Сол Қытайдың сатқындары. Басқа ешкім емес. Өзім солай ойлаймын. Өйткені Қазақстанға келіп, ешкіммен өштескен жоқпын. Түрмеден шыққанныма да көп уақыт болған жоқ. Ешкімді танымаймын, - деді Мұрагер Әлімұлы Азаттық тілшісіне.

Ол жақында Талдықорған қаласындағы туысына барған кезде бір көліктің екі күн соңынан аңдығанын да айтады. "Ол кезде ештеңе істеген жоқ, бірақ нақты аңдыды. Жоғарыдан ба, төменнен де, білмеймін" деді ол.

21 қаңтар түнде Алматыда Қытайдан келген Қайша Ақан да үйінің маңында соққыға жығылды. Заңгер мен белсенділердің айтуынша, түнгі сағат 9 жарым шамасында белгісіз бір адам дүкеннен қайтқан Қайшаны басынан қатты затпен ұрып, қылқындырып сүйреген. Есінен танып қалған Қайша әрі қарай қалай болғанын есіне түсіре алмаған. Соққының нәтижесінде оның беті мен басында ісік пайда болған. Ол өзінің қауіпсіздігіне алаңдап, ауруханаға жатудан бас тартқан.

Полиция екі оқиғаны да "Бұзақылық" бабы бойынша зерттеп жатыр. Заңгер Гүлмира Қуатбекқызының айтуынша, Қайша Ақан осыған дейін бөтен адамдардың өзі жайлы сұрастырып жүргенін байқаған. Қытайда қалған туыстарына "адам құқығының тапталуы жайлы тіс жармау туралы" ескертілген.

Халықаралық сарапшылар Қазақстан билігін шабуылдарды "тез арада зерттеуге" шақырды. 22 қаңтарда Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман "Қазақстан билігі екі этникалық қазақ босқынына жасалған жексұрын шабуылды дереу зерттеуі тиіс және қылмыскерлерді жауапқа тартуы қажет" деп мәлімдеді.

Қайша Ақан Қытайда қысым көргенін айтып 2018 жылы мамыр айында Қазақстанға өткен. 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Панфилов аудандық соты Қайша Ақанды "шекара бұзғаны" үшін шартты түрде жарты жылға бостандығынан айырған. Сот оны 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өткені үшін айыпты деп таныған. Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне "лагерьге қамалу қаупі төнген соң" Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын мәлімдеген. Былтыр қазан айында Қазақстан оған бір жылға босқын мәртебесін берді.

Қазақстан 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы арқылы қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен Мұрагер Әлімұлына да босқын мәртебесін берген. Ол Шыңжаңдағы қысымнан құтылу үшін шекарадан өтуге мәжбүр болғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG