Accessibility links

Белсенді Санавар Закирова түрмеден босатылды


 Санавар Закирова Тараздағы вокзал маңындағы қонақүйде. Жамбыл облысы, 22 қаңтар, 2021 жыл.
 Санавар Закирова Тараздағы вокзал маңындағы қонақүйде. Жамбыл облысы, 22 қаңтар, 2021 жыл.

52 жастағы белсенді Санавар Закирова 22 қаңтарда Жамбыл облысының орталығы – Тараздағы түрмеден босатылды.

Сол күні түске дейін Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер алқасы түрме жазасының қалған бөлігін 56 мың теңге көлеміндегі айыппұлмен (135 доллар шамасында) алмастыру туралы шешім шығарған. Сөйтіп, сот алқасы Закированың бірінші инстанциядағы сот шешіміне шағымын қанағаттандырды. Сот шешімі 22 қаңтарда сағат 11:30 шамасында жарияланды, Санават Закирова сағат 17-де түрмеден бостандыққа шықты.

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2020 жылғы 15 шілдедегі үкімі бойынша, Санавар Закирова түрмеде бір жыл отыруы керек болған. Тараздағы вокзал маңындағы қонақүйден Азаттық тілшісіне сұхбат берген Закирова 23 қаңтарда кешкісін пойызбен Алматыға баратынын айтты.

Закирова апелляциялық соттан «ерекше үміт күтпегенін», бірақ өзін босатқанына «қатты таңқалмағанын» айтты.

— Менің ісім әу баста-ақ саяси астары бар іс болды, себебі мен биліктегі «Нұр Отан» партиясын сынадым. Партия съезі де, парламент сайлауы да өтіп кетті. Сондықтан мені әрі қарай түрмеде ұстап отыру биліктің өзі үшін тиімсіз болды, — деп топшылайды Санавар Закирова.

Закирова мен жақтастары оны қылмыстық жауапқа тартудың саяси астары бар деп санайды және мұны былтыр өткен басқа сот ісімен байланыстырады. Ол сот шешімі бойынша, Закирова мен оның екі әріптесі биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің, соның ішінде Т.Ш.-ның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді деп танылып, оларға өтемақы төлеуге міндеттелген еді.

Санавар Закирова өздері әділетсіз деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюды талап етіп, наразылық акцияларына шығып жүрген топтың жетекшісі. Закирова Facebook-те "Нұр Отан" партиясын жиі сынайды. Қыркүйектің басында қазақстандық құқық қорғаушы мамандар Санавар Закированы саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG