Accessibility links

Азат Еуропа/Азаттық радиосының жақында тағайындалған президенті қызметінен кетті 


Тед Липиен.
Тед Липиен.

АҚШ-тың халықаралық деңгейдегі ақпарат құралдарына басшылық жасайтын Ғаламдық медиа агенттігі (USAGM)Азат Еуропа/Азаттық радиосының жақында тағайындалған басшысы Тед Липиенді қызметінен алып тастады. Онымен бірге 22 қаңтарда АҚШ бюджетінен қаржыландырылатын тағы екі ақпарат құралы - "Азат Азия радиосының" (Radio Free Asia) және "Таяу Шығысқа хабар тарату желісінің" (Middle East Broadcasting Networks)басшылары да жұмыстан кетті.

USAGM-ның бұрынғы басшысы оларды бұл қызметке бір ай бұрын ғана тағайындаған.

Джо Байден АҚШ президенті қызметіне кіріскен екі сағаттың ішінде USAGM-ның Дональд Трамп тағайындаған басшысы Майкл Пэкті қызметінен алып, орнына "Америка дауысында" отыз жылға жуық жұмыс істеген тәжірибелі журналист Келу Чаоны ұйымның уақытша басшысы етіп тағайындаған.

Былтыр маусым айында АҚШ конгресі қызметіне бекіткелі Пэктің шешімдері мен кадрлық саясатын демократтар да, республикашылар да, тіпті Азат Еуропа/Азаттық радиосының редакциялық алқасы да сынға алып келген.

Пэкке ақпарат құралдарының редакциялық саясатына араласты деген де айып тағылып, сот шешімі шыққан.

"Америка дауысы" радиосында ұзақ жыл жұмыс істеген кәсіби журналист әрі медиаменеджер Тед Липиен "осындай тарихы терең ұйымның жұмысын маған сеніп тапсырғаны - үлкен мәртебе" деп, жақында ғана қызметіне кіріскен еді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы баспасөз бостандығына үкімет шектеу қойған 23 елге 27 тілде хабар таратады. Радио журналистиканың жоғары объективтілік стандарттарын ұстанып, цензурасыз ақпарат беруді мақсат тұтады. Ұйымның бас кеңсесі Чехия астанасы - Прагада орналасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG