Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы Қазақстан басшылығының жылу-энергетика кешені жұмысшылары салалық кәсіподағының қызметін тоқтату әрекетін сынға алып, сотқа берген арызын қайтып алуға шақырды.
Осы айдың басында ақпарат құралдары Шымкент қаласы әкімдігінің қаладағы ауданаралық экономикалық сотқа Жылу-энергетика кешені жұмысшылары салалық кәсіподағының қызметін күшпен тоқтату туралы талап-араз бергенін хабарлаған.
Арызда кәсіподақтың мемлекеттік тіркеу заңдарын бұзғаны, құрылтай құжаттарына тиісті өзгеріс енгізбегені атап көрсетілген.
Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан құқық қорғау ұйымының 27 қаңтарда жарияланған мәлімдемесінде Шымкент әкімдігі берген арызда айтылған талаптардың негізсіздігі не "күшін жойған" заңдарға негізделгені айтылады.
Кәсіподақ туралы заңның 2014 жылғы редакциясында салалық кәсіподақ республикалық бірлестік құрамына кіруі керек деген талап қойылған. 2020 жылғы мамырда заңның бұл бабы өзгеріп, мұндай ұйымдар "кәсіподақтардың республикалық бірлестіктеріне кіруге хақылы" екені жазылған.
"Тәуелсіз кәсіподақ жұмысын тоқтатуға бағытталған бұл көзсіз әрекеттің еш негізі жоқ, сондықтан ол осы сәтте доғарылуы керек" деді HRW-дің Еуропа және Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман.
Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін 2014 жылы қабылданған кәсіподақ туралы заңды тәуелсіз кәсіподақтар мен белсенділерге қысым жасау үшін пайдаланды деп жиі айыптайды. 2020 жылғы мамырда заңға енгізілген өзгерістер саладағы жағдайды өзгерте алмады дейді тәуелсіз сарапшылар.
Тіркеуге алудан бірнеше мәрте бас тартқан соң сот 2017 жылғы қаңтарда Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын күштеп жабу туралы шешім шығарды. Содан соң оның құрамына кірген бірнеше кәсіподақтың басшысы құқық қорғаушылар мен қоғам "саяси астары бар" деп тапқан қылмыстық істер бойынша сотталған. Солардың арасында жылу-энергетика кешені жұмысшылары салалық кәсіподағының басшысы болған Ерлан Балтабай бар. 2019 жылғы шілдеде Шымкент соты оны жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Кейін ол президенттің "рақымшылық туралы" жарлығының арқасында бостандыққа шықты. Сол жылы қазанда белсенді тағы да сотқа шақырып, 5 ай, 8 тәулікке түрме жазасына кесті. Ерлан Балтабай былтыр наурыз айында қамаудан шықты.
ПІКІРЛЕР