Ақтөбе облысының Көкжиде мен Бәшенкөл кеніштеріндегі мұнайшылар ереуілі әлі тоқтаған жоқ. 30 қаңтарда Көкжиде мұнайшыларының ереуіл бастағанына 6 күн, Бәшенкөлдегі ереуілге 2 күн болды. Екі компания мұнайшылары да жалақыны көбейтуді талап етіп тұр. Ақтөбенің Темір ауданындағы бұл екі кеніште тараптар әлі мәмілеге келген жоқ.
– Алты күннен бері жұмысшылар ереуілдетіп тұрған алаңқайға "КМК Мұнай" басшылары жұманың кешінде ақпарат тақтасын орнатып қойды. Тақтада жұмысшы құқы туралы бір ауыз сөз жоқ! Бірақ Қылмыстық кодекстегі "Ереуілге қатысуға немесе ереуілге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу" (157-бап) бабы бойынша айыпталғандар үш жылға дейін сотталатынын қазақ және орыс тілінде жазып қойған. Одан бөлек Еңбек кодексіндегі 175-бапты да ұмытпаған. Ол бап бойынша ереуіл кезінде жұмысшыға жалақы төленбейді екен. Пандемияға байланысты қашықтық сақтау талабы да ескертілген. Сол тақтаға ілінген тағы бір құжатқа компания басшысы Ван Цзиньбао қол қойған. Онда 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақының 20 пайыз көбейетіні, жұмысшы аттестациядан өткен жағдайда разряды өсіп, ол үшін 20-25 мың [теңге] төленетіні жазылған. Біз бұған келіспейміз! Жалақымызды 100 пайыз көбейтсін! – дейді аты-жөнін атамауды өтінген ереуілші.
"КМК Мұнай" жұмысшыларының хабарлауынша, Көкжиде кенішінде мұнай өндірісі тоқтап тұр. Көкжидеде жүзден астам жұмысшының ереуілге қатысып жатыр.
Ал екінші кеніш Бәшенкөлдің 62 мұнайшысы кешелі бері жұмысқа шықпаған. Бәшенкөлдегі "АМК Мұнай" компаниясының жұмысшылары мұнай өндірісі тоқтаған жоқ дейді.
– Біз ереуіл бастағаннан кейін жұмыс беруші көрші кеніштің операторларын әкеліп, өндірісті тоқтатпаудың амалын жасап жатыр. Басшыларымыз жан-жақты келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Күтіп отырмыз. Мұнайшылар талабы өзгерген жоқ, – дейді "АМК Мұнай" компаниясының супервайзері Амантұр Шүкіров.
Оның мәліметінше, кен орнына келіп, ереуілшілердің орнына жұмыс істеп жатқан операторлар Бәшенкөлдегі "Алтиес петролеум интернэшнл Б.В." компаниясынан. Екеуі де ADA Oil деп аталатын қазақ-кәріс бірлескен кәсіпорнының тапсырысын орындаушы мердігер компания.
Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, Бәшенкөл кенішін игеруші "АМК Мұнай" жұмысшыларының мәселесі бір тәулік аралығында шешіліп қалуы мүмкін.
Әкімдік хабарламасында "Сенбі күні облыс әкімдігінде арнайы штаб жиыны өтті. Осы жиын кезінде Бәшенкөлге иелік ететін ADA Oil компаниясы мен оның тапсырысын орындаушы мердігер "АМК Мұнай" компаниясына жұмысшылар жалақысын көтеру туралы талап қойылды. Компания ереуілшілерді қудаламайды" делінген.
Әкімдік ереуілді осыдан алты күн бұрын бастаған Көкжиде кенішіндегі "КМК Мұнай" компаниясы жұмысшыларымен әлі де келіссөз жүріп жатқанын хабарлады.
Көкжидедегі кеніш "КМК Мұнай" компаниясына тиесілі. Бұл компанияға Қытайдың CNPC деп аталатын ірі мемлекеттік компаниясының еншіліс кәсіпорны – "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамы тең иелік етеді.
Бәшенкөлдегі кеніш Оңтүстік Кореяның мемлекеттік ұлттық (Korea National Oil Corporation, KNOC) корпорациясына қарасты ADA Oil қазақ-кәріс бірлескен кәсіпорнына тиесілі. ADA Oil Бәшенкөлдегі мұнай өндірісін мердігер компания "АМК Мұнайға" тапсырған.
ПІКІРЛЕР