Accessibility links

Қазақстандық профессор "Спутник V" вакцинасының екі кемшілігіне назар аударды


Медицина қызметкері "Спутник V" вакцинасын егуге әзірлеп жатыр. Көрнекі сурет
Медицина қызметкері "Спутник V" вакцинасын егуге әзірлеп жатыр. Көрнекі сурет

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу науқаны басталатын Қазақстанда екпенің жасқа қатысты талаптары нақты түсіндірілмейді. Бұл жөнінде 29 қаңтарда өткен брифингте Санитарлық-эпидемиологиялық экспертиза және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының профессоры Әлім Әкімбаев мәлімдеді. Ғалымның айтуынша, тұрғындарға салынатын вакцинаның нұсқаулығында өндіруші вакцинаның жасқа байланысты шектеулерінің себебін нақтыламаған.

— Вакцинаны кімге салуға болатыны жөнінде нақты нұсқау материалы жоқ. "65 жасқа дейін" дейді. Неге 65 жасқа дейін екенін мүлде түсіндірмейді. Әсері болмай ма, әлде денсаулығын нашарлатып жібере ме? Ештеңе айтылмаған. Тым құрығанда қазіргі кезеңде [екпеден] не күтуге болатыны жайында нақты ұсыныстар болуы керек. Жасы келіп тұрса, екпе салдыра ала ма, әлде объективті қарсы көрсетілімдері бар ма? Қазақстандық, ресейлік [екпелер] бойынша бізге нақты критерийлер керек. Кей жерлерде "60 жасқа дейін" дейді. Нақтылық жоқ. "Мына жасқа дейін болмайды" деп жазса, оның себебін толық айтуы керек, — деді профессор Әкімбаев.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі 18 бен 65 жас арасындағы азаматтарға коронавирусқа қарсы екпе салатынын хабарлаған.

Қазақстандық "QazCovid-in" вакцинасы әлі толық сынақтан өтіп біткен жоқ. Дегенмен ел үкіметі екпе ресми тіркеуден өткен соң оны қолданудан үмітті.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда Covid індетіне қарсы жаппай вакцина салу науқаны 1 ақпанда басталады. Азаматтарға сапасы мен қауіпсіздігі Батыс ғалымдарының күмәнін туғызған ресейлік "Спутник V" вакцинасы салынбақ. Шетел зерттеушілері екпенің клиникалық сынағының нәтижелері ашық жарияланбағандықтан, оның қорытындысына күдікпен қарайды. Вакцинаны тамыздың аяғында ресми түрде тіркеген Ресей басшылығы препарат қауіпсіз әрі тиімді деп отыр.

Профессор Әкімбаевтың айтуынша, нұсқаулығына сенсек, Ресей вакцинасына қарағанда, қазақстандық "QazCovid-in" екпесін сақтау шарттары жеңілірек.

— ["QazCovid-in"екпесін] сақтау режимі – 2-8 градус аралығында. Демек, оны кәдімгі тұрмыстық тоңазытқышта да сақтауға болады. Қазақстанда мұндай салқындату желісі бар, яғни, вакцинаны рефрижератор мен термоконтейнерге салып, орталықтан түкпір-түкпірдегі ауылдарға дейін жеткізуге болады. Сондықтан оның ресейлік вакцинадан артықшылығы бар, ал оны тек минус 20 градуста сақтау керек. Температура сақталмаса, оның сапасы бұзылады, вакцинаның бір бөлігі жарамсыз болып қалады. Жаппай қолданғанда Ресей вакцинасының технологиялық мүмкіндігі төмен, себебі тоңазыту желісін ұйымдастыру қиын, — деді Әкімбаев.

Мұның алдында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің "Спутник V" вакцинасын сатып алуға 16,8 миллиард теңге (40 миллион долларға жуық) жұмсайтынын хабарлаған.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, халыққа Ресей вацинасын салу 1 ақпанда басталады. Наурызда мектеп мұғалімдері мен университет оқытушыларына, ведомстволық медицина мекемелері өкілдеріне; сәуірден бастап мектеп-интернат, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, студенттер мен созылмалы ауруы бар азаматтарға вакцина салынбақ.

Цойдың айтуынша, жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланған. Соның ішінде жылдың бірінші жартысында 2 миллион кісіге екпе салынбақ. Айларға бөлгенде: ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың, сәуірде – 600 мың адамды қамту жоспарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG