Accessibility links

Навальныйдың серігі Байденге Кремльге жақын ресейліктердің тізімін жолдап, санкция салуды сұрады


Владимир Ашурков.
Владимир Ашурков.

Кремль сыншысы Алексей Навальный құрған Жемқорлықпен күрес қорының Лондонда тұратын атқарушы директоры Владимир Ашурков АҚШ президенті Джо Байденге 35 ресейліктің тізімін жолдап, оларға қарсы санкция салуды сұрады. Хатта бұл азаматтардың адам құқығын бұзуға, Навальныйды қудалауға қатысы бар екенін жазылған. Хаттың мәтіні Ашурковтың Facebook-парақшасында жарияланды.

Осының алдында Ашурков санкция салынуы тиіс деп тапқан 8 адамның тізімін жариялаған.

Кеңейтілген тізім үш топқа бөлінген. Біріншісінде Алексей Навальныйды қудалауға қатысы бар деген адамдардың есімі жазылған. Олардың қатарында Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин, ФСБ директоры Александр Бортников, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Сергей Кириенко, "Бірінші арна" директоры Константин Эрнст пен Russia Today телеарнасының басшысы Маргарита Симоньян бар.

Екінші топта Ресей президентінің "сыбайластары" деген ірі бизнесмендер келтірілген. Оған Олег Дерипаска, Алексей Миллер және Игорь Сечин кірген.

Үшінші топта адам құқығы мен еркіндігін бұзды деген шенеуніктер бар. Онда үкімет басшысы Михаил Мишустиннің, Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің, ОСК басшысы Элла Памфилованың аты-жөні аталған.

Ашурков тізіміндегі кейбір азаматтар АҚШ санкция тізімінде онсыз да бар. Олар: Александр Бастрыкин, Олег Дерипаска, Андрей Костин, Алексей Миллер, Игорь Сечин, Геннадий Тимченко және Виктор Золотов.

Ақ үй хатты алғанын растады.

Байден осыған дейін Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Навальныйдың қамалуын, Ресейдегі адам құқығын мәселесін көтерген. АҚШ үкіметі санкцияның кеңейтінін жоққа шығармады, бірақ қандай қара қабылданатынын нақтыламады да.

Ресейге қарсы қосымша санкция салу мәселесін Еуроодақ та талқылады, бірақ әзірге қорытынды шешімге келмеді.

Алексей Навальный былтыр тамызда уланған. Оның ағзасынан жүйке жүйесін зақымдайтын "Новичок" уын тапқан. Ресей билігі қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Навальный қыркүйектен бері Германияда емделіп, 17 қаңтар күні Мәскеуге оралғанда қамауға алынды. Навальныйдың өзі де, жақтастары да мұны саяси қудалау да бағалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG