Accessibility links

Шыңжаңдағы тұтқындар лагерьде "жиі кездесетін" зорлық-зомбылық туралы айтты


Қытайға қарсы акция өткізіп жатқан әйелдер. Стамбул, 1 қазан 2020 жыл.
Қытайға қарсы акция өткізіп жатқан әйелдер. Стамбул, 1 қазан 2020 жыл.

Қытайдың "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" тұтқында болған әйелдер қамау кезінде тұрақты түрде зорлық-зомбылық, азаптауға ұшырағандарын айтты. Бұрынғы тұтқындар британдық BBC сайтына лагерьдегі адам шошырлық қатыгездіктер туралы баяндаған.

Лагерьде тұтқында болған, қазір АҚШ-та тұрып жатқан әйелдердің бірі азаматтық киім киген зәбірлеушінің түнде келіп, тұтқындарды видеобақылауы жоқ бөлмеге алып кететінін айтқан. Оның өзі де бірнеше рет ауыр соққыға жығылып, топтық зорлаудың құрбаны болған.

18 ай лагерьде болған тағы бір әйел зорлық-зомбылыққа еріксіз куә болғанын айтқан. Түрме қызметкерлері оны тұтқындарды шешіндіріп, қол-аяғына кісен салатын "қызметші" болуға мәжбүрлеген. Ер адамдар камерадан шыққан соң ол зорлық құрбандарын жуындыру бөлмесіне апарып, камераны жинап отырған.

Лагерьде жүйелі түрде зорлық-зомбылық бар екенін тағы бір әйел де растаған. Ол лагерьде қамаудағыларға қытай тілін үйреткен. Ол тұтқындарды электрошокпен азаптайтынын айтқан. Тағы бір мұғалім полицейлердің кезекпен-кезек 20 жастағы қызды зорлағанын көрген.

Әйелдер сонымен бірге Кунес елді мекеніндегі лагерьде әйелдерге стерилизация жасап, медициналық сынақтар жүргізгенін де баяндаған. Ақпарат бойынша, оларға дәрі-дәрмек ішкізіп, сынаққа биоматериал тапсыруға мәжбүрлеген. 15 күн сайын белгісіз "вакцина" алған әйелдер өздерін нашар сезініп, жүректері айнитын болған.

BBC-ге сұхбат бергендердің арасында Қытайдан қашып, Швециядан саяси баспана алған Сайрагүл Сауытбай да бар.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Кей ақпаратқа қарағанда, лагерьлерде тұтқындарға идеологиялық үгіт-насихат жүргізіліп, дін, мәдениет, тілінен бас тартуға мәжбүрлейді. Одан бөлек, мұсылмандар "еңбек лагерьлерінде" жұмысқа жегіледі. Аңдуға ұшырап, қудаланады. Аймақта тууды күшпен бақылау, ата-аналарды балаларынан айыру сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері бары хабарланған.

Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG