Accessibility links

СІМ "Жусан" операциясы аясында Сириядан тағы 12 азаматты эвакуациялағанын хабарлады


"Жусан" операциясы.
"Жусан" операциясы.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Жусан" операциясы аясында Сириядан тағы 12 қазақстандықты елге эвакуациялағанын хабарлады.

"Топ құрамында 4 ер адам, 1 әйел және 2 жетім баланы қосқанда барлығы 7 бала бар. Ұлттық заңнамаға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес, террористік іс-әрекетке қатысқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жетім балалар жақын туыстарының қамқорлығына беріледі және мемлекет тарапынан оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі" делінген министрлік хабарламасында.

Онда операцияға АҚШ және өзге халықаралық ұйымдар атсалысқаны жазылған.

Қазақстан 2019 жыл қаңтар айынан бастап "Жусан" операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағындағы азаматтарын қайтара бастады. Сирия мен Ирак аумағында террор топпен бірге ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер Қазақстанға оралған соң "террор топқа және шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты", "терроризмді насихаттады және қаржыландырды" деген айыппен сотқа тартылған.

Сириядағы соғысқа Қазақстанның қанша азаматы кеткенін дәл айту қиын. 2018 жылы шілдеде ҰҚК Азаттыққа берген жауабында Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Таяу Шығысқа 800-ге тарта Қазақстан азаматы кеткенін хабарлаған.

Комитеттің 2019 жылғы қарашадағы жауабында Сирия мен Ирактан Қазақстанға 277 ересек (57 ер адам, 220 әйел адам) мен 547 кәмелетке жасы толмаған баланың қайтарылғаны, Сирияда әлі 90-нан астам азаматтың бары айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG