8 ақпанда Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының бір топ тұрғыны облыс әкімдігіне келіп, үш жыл бұрын сүруге кетеді делінген тұрғын үйлерінің орнына басқа баспана талап етті.
Наразылық білдіріп келген жұртты әкімдік өкілдері ішке кіргізіп алды. Арасында баласын ерткендер мен таяққа сүйенген қариялар бар.
Наразылар үйлерінің апатты жағдайда тұрған үйде паналау мүмкін емес дейді.
Тұрғын Жадыра Сұлтанғалиеваның айтуынша, Құлсары қаласындағы 1-шағын аудан мен вокзал маңындағы жалпы жиыны 74 пәтерлік екі үй 2018 жылы әкімдік шешімімен апатты деп танылып, әкімдік тұрғындарға өз беттерімен басқа үй табуды ұсынған.
Құлсарылықтар 1988 салынған бұл екі үйдің фундаменті үгіліп, жерге бір метрдей шөккенін, қабырғасы жарылып, үйдің ішін көк басып, тұруға мүлде мүмкін болмай қалғанын айтады. Олардың сөзінше, бұл мәселе сегіз жылдан бері талқыланып келеді. Билік тұрғындарға бір бөлмелі пәтер үшін 4 миллион теңге, екі бөлме үшін 6 миллион, үш бөлмеге 8 миллион теңге, төрт бөлмелі пәтерге 10 миллион теңге ұсынып, қалған рәсімдеу құжаттарын өз күштерімен дайындауды тапсырған.
- [Нұрлан] Ноғаев (Атырау облысының бұрынғы әкімі – ред.) астанаға көпір, Түркістанға сауда үйін салып берді. Сонда біз Жылыой ауданы уды жұтып отырып, топырақ шаңның арасында отырып, неге бір болмашы 4-6 миллион теңгеге үй ала алмаймыз? Бюджетке ақша түсіп, салық төленіп жатыр. Пандемия кезінде жұмыс та жоқ. Несие де бермейді, зейнетақы қорында ақшамыз да жоқ, - дейді Жадыра Сұлтанғалиева.
Оның сөзін қоштаған тұрғындар Құлсарыда жаңадан салынған үйлер жоқтығын, ал 2015 жылғы үйлердің бір бөлмесінің бағасы 13 миллион теңгеден басталатынын, оған биліктің келіспегенін айтты.
- Бізге ұсынған ақшаға лайықтап пәтер тауып, оның бағалауды жүзеге асырып, құжаттарын өткізсек жергілікті жемқорлыққа қарсы департамент «бағаны көтеріп жіберіпсіңдер, бюджет 74 миллион теңге үнемдеуі тиіс» деп тыйым салып отыр. Бұл баға бізге 2019 жылы ұсынылған, ал қазір 2021 жыл, қаншама инфляция болды, доллар өсті, - дейді Жадыра Сұлтанғалиева.
Наразы құлсарылықтармен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова кездесті. Ол жиналған топқа кешке дейін уақыт беруді, мәселені шешуге тырысатынын айтты. Ал жиынға қатысқан Атырау облысы жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі департаментінің басшысы Жәнібек Қаражанов департамент тарапынан қарсылық болмайтынын айтып, тұрғындарды тыныштандыруға тырысты.
Құлсары қаласы - Атырау облысы Жылыой ауданының әкімшілік орталығы. Атыраудан Құлсарыға дейін 220 шақырым. Құлсарыда жүз мыңға тарта адам тұрады. Аудан территориясында Қазақстанның ең ірі кеніші Теңіз орналасқан.
ПІКІРЛЕР