АҚШ сенаты бұрынғы президент Дональд Трампқа екінші рет импичмент жариялау процесін заңға қайшы емес деп таныды. 9 ақпанда төрт сағатқа созылған дебат кезінде тараптар өздерінің аргументтерін алға тартып, қызметінен кеткен президентке импичмент жариялау процесінің заңдылық мәселесі дауысқа салынды. Ақыры 56 сенатор (50 демократ және 6 республикашыл) импичментті заңды деп таныған. 44 сенатор-республикашыл аталған тұжырыммен келіспеген.
Бұрынғы президент Дональд Трамп жақтастарын 6 қаңтар күні Капитолий ғимаратына шабуыл жасауға итермеледі деп айыпталып отыр. Сарапшылар дегенмен Трампты кінәлі деп тану үшін республикашылдардың басым бөлігінің қолдауы қажет, бұлай болуы екіталай деп болжайды.
Бұған дейін Трамп адвокаттары сенаттың бұрынғы президентке импичмент жариялау ісін талқылауға заңнамалық өкілеті жоқ деп мәлімдеген.
CNN арнасының жазуынша, сенаттағы алты республикашыл - Билл Кэссиди, Сьюзан Коллинз, Лиза Мурковски, Митт Ромни, Бен Сассе және Пэт Туми импичмент процесін қолдаған. Дауыс беруден кейін сессия бірден аяқталған. Сенаторлар сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша күндізгі сағат 12-де отырысты жалғастырады.
АҚШ ақпарат құралдары Трамп процедураға Мар-а-Лагодағы (Флорида штаты) үйінен онлайн қатысып, қорғау тарабының "құрғақ әрі сырғанақ аргументтерін" алға тартты деп жазды.
ПІКІРЛЕР