Accessibility links

Бердімұхамедов ұлын вице-премьер етті, Қауіпсіздік кеңесіне кіргізді


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 39 жастағы ұлы Сердарды вице-премьер әрі жоғары бақылау палатасының (қаржы-экономикалық мәселелерге жауапты орган) төрағасы етіп тағайындады, бұған қоса Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің құрамына кіргізді.

Мемлекет басшысы сол үшін үкімет жетекшісі орынбасарларының санын көбейткен. Қаулыға сүйенген Turkmenportal агенттігінің жазуынша, "министрлер кабинеті мен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жұмысын әрі қарай да жетілдіру үшін" және мемлекеттік меншікті бақылауды күшейту" мақсатында жаңа қызмет пайда болып отыр.

Гурбангулы Бердімұхамедов сонымен бірге жаңа вице-премьердің міндетіне цифрлау және инновациялық технологияларды енгізу міндеті кіретінін атап өткен.

Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, Сердар Бердімұхамедовті тағайындау алдында Ашғабаттағы жоғары бақылау палатасының ғимараты жөндеуден өткізілген. Азаттық тілшісі сонымен бірге президенттің ұлына демалатын терраса салынып, жақын маңдағы тұрғын үйлердің сырланғанын да анықтады. Сол маңда тұратын тұрғындарға бұдан былай ауладағы тұраққа көліктерін қоя алмайтыны жайлы ескерту келген.

2020 жылдың 7 ақпанынан бері Сердар Бердімұхамедов Түркіменстан өнеркәсіп және құрылыс өндірісі министрі қызметін атқарған. Қазір бұл қызметке ведомство жетекшісінің орынбасары болған Баймырат Аннамаммедов тағайындалған.

Түркіменстан президентінің ұлы Сердар Бердімұхамедовтің саяси карьерасы 2016 жылдың соңында басталған. Ол қосымша парламент сайлауының нәтижесі бойынша парламент мүшесі болып сайланған. Содан бері президент ұлының қоғамдық-саяси белсенділігі едәуір артқан.

Түркіменстандағы ресми БАҚ оны "халық ұлы" деп атайды. Ал оның әкесімен бірге көп алдына шығуын "буындар алмастығының символы" ретінде сипаттайды. Сердар Түркіменстан атынан көптеген халықаралық кездесулерге қатысқан. Түркіменстан президентінің жалғыз ұлының саяси мансабының тез өсуін тәуелсіз бақылаушылар 63 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов билікті тапсыратын мұрагерін дайындап жатыр деп түсіндіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG