Accessibility links

Лавров санкция күшейсе, Ресей Еуроодақпен қарым-қатынасты үзуге даяр дейді


Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Санкция күшейсе, Ресей Еуроодақпен қарым-қатынасты үзуге даяр. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров журналист Владимир Соловьевке берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Ресей билігі татулықтан ажырағысы келмейді, бірақ қажет болса солай істеуге әзір.

Ресейде оппозициялық саясаткер Алексей Навальный уланғаннан кейін ЕО басшыларының Мәскеуге жаңадан санкция салуға дайындалып жатқаны хабарланған еді.

Еуроодақтың сыртқы істер ведомствосының басшысы Жозеп Боррельдің Мәскеуге сапары мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуінен кейін Еуропарламент сессияларында санкция салу мәселесі талқыланған. Отырыс барысында депутаттар Боррельді Ресейге "тым жұмсақтық танытқаны үшін" өткір сынаған.

Ал дипломат Ресейге сапары кезінде Мәскеудің Брюссельмен қатынасты жақсартуды жоспарлап отырмағанына көзі жеткенін айтқан. Оның бағалауынша, Ресей демократияға бағыт түзеу және заң үстемдігін орнату жөнінен Еуропаның үмітін ақтамаған.

Бұған дейін құпия дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі Ресей соты Навальныйды түрмеге жібергеннен кейін ЕО-ның Ресей президенті Владимир Путин төңірегіндегі адамдарға да санкция салуы мүмкін екенін хабарлаған. Путин айналасындағы адамдардың активтері бұғатталып, оларға ЕО елдеріне сапарлауға тыйым салынуы мүмкін. Навальный жақтастары да Еуропа дипломаттарынан сондай қадамды күтіп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG