Сабинелла мен Айдана Сириядан Қазақстанға екі жыл бұрын оралған. Олар елге Таяу Шығыстағы соғыс аймағындағы Қазақстан азаматтарын шығаруға арналған “Жусан” арнайы операциясы аясында келді. Екеуі де соғыс ошағына балаларымен бірге күйеулері әкеткенін айтады. Күйеулері “Ислам мемлекеті” террорлық тобының құрамына кіріп, Сирияда қаза болған. Ал екі әйел балаларын құтқару үшін қақтығыс ошағында қалған. Сириядан оралған екі әйелдің хикаясы.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанға Сириядан 600 қазақстандық оралған. Билік 4 ақпанда тағы 12 адамның эвакуацияланғанын хабарлады. Елге оралғандардың басым бөлігі – балалар. Олардың ата-аналары Таяу Шығыстағы соғыс ошағына 2011 және 2012 жылдары кетіп, “Ислам мемлекеті” террорлық тобына қосылған.
Қазіргі бар есеп бойынша, Сирияда ИМ содырларының ондаған мың баласы мен әйелі қалған. Олардың басым бөлігі – шетелдіктер. 2019 жылы ҰҚК Азаттықтың ресми хатына Сирия мен Иракта кем дегенде 90 қазақстандық бар деп мәлімдеген. Ол жақта қалған қазақстандық балалардың нақты саны белгісіз.
Иллюстрация авторы - Жанара Қаңтарбай