Accessibility links

АҚШ сенаты Трампты бүлікке арандатты деген айыптан ақтап шықты


АҚШ сенаторлары импичмент процесінің соңғы бөлімін бастамас бұрын дұға оқып тұр. Вашингтон, 13 ақпан 2021 жыл.
АҚШ сенаторлары импичмент процесінің соңғы бөлімін бастамас бұрын дұға оқып тұр. Вашингтон, 13 ақпан 2021 жыл.

13 ақпан күні АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесін тергеген АҚШ сенаты дауыс берді. 57 сенатор Трампты бүлікке арандату айыбы бойынша айыпты деп тапса, 43 сенатор экс-президенттің кінәсі жоқ деді.

Дональд Трампқа тағылған айып 6 қаңтар күнгі Капитолийдегі оқиғаға байланысты тағылған. Сол күні АҚШ Конгресінің қос палатасы ортақ жиын өткізіп, былтырғы қарашада өткен президент сайлауының нәтижесін бекітуі керек болған. Жиын басталғанда президенттік мерзімі аяқтауға таяған Трамптың жақтастары жиын өтіп Капитолийге басып кіріп, полициямен қақтығысып қалды. Салдарынан 5 адам қайтыс болды, оның бірі – полиция қызметкері. Жақтастары Капитолийге Трамптың Ақ үй жанындағы митингісінен келген. Митингіде ол сайлау нәтижесін мойындамайтынын, "аяғына дейін" күресуге шақырған.

АҚШ-та импичмент жариялау тәртібі бойынша, іс алдымен Конгрестің Өкілдер палатасында қаралады. Егер бұл палата көпшілік дауыспен президентке импичмен жарияласа, іс жоғарғы палата саналатын сенатқа өтеді.

Сенат президентті тағылған айып бойынша кінәлі деп тануы депутаттардың кемі үштен екісінің дауысы (67 дауыс) керек. Қазір сенатта 48 демократ пен ылғи демократтарды қолдайтын екі тәуелсіз өкіл бар. Трампты айыпты деп табу үшін кемі 17 республикашыл сенатордың дауысы керек болған. Бірақ демократтар таққан айыпты бар болғаны 7 республикашыл сенатор қолдады.

Республикашылдардың сенаттағы лидері Митч Макконнелл Трампты ақтап дауыс бергенімен, экс-президентті айыптай сөйледі.

"Президент Трамптың сол күнгі оқиғаны арандатуға іс-жүзінде де, моральдық тұрғыдан да жауапты екені даусыз. Ғимаратқа басып кіргендер президентінің қалауы мен нұсқауы бойынша әрекет еткеніне сенді" деді ол.

Макконнелл ақтап дауыс беруіне түсініктеме берді. Ол АҚШ конституциясының сенатқа бұрынғы президенттке импичмен жариялайтын құзырет бермегенін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG