Қазақстанда 2021 жылдың қаңтарында барлығы 7,01 миллион тонна мұнай өндірілген. Бұл белгіленген жоспардың 98,3 пайызын құрайды. Жоспардың толық орындалмауы "Теңізшевройл" мұнай компаниясының өндіріс орындарындағы апатқа байланысты. Бұл туралы сейсенбі, 16 ақпан күні өткен үкімет отырысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев хабарлады.
Министр қаңтар айында "Теңіз" жобасында 2 миллион тонна мұнай өндірілгенін, оның жоспардың 95,8 пайызын құрайтынын айтты, жоспардың орындалмау себебін түсіндірді.
"2021 жылдың қаңтарында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, яғни тұман, жаңбыр, ылғалдылық, мұздақ себебінен электр желілеріндегі жоғары вольтті коммутациялық құрылғыларда кернеу ұшқындауы туды. Аталған технологиялық бұзушылықтардың салдарынан "Теңізшевройл" және "Атырау мұнай өңдеу зауыты" нысандарында апаттық тоқтаулар болды. Электр энергиясын жеткізудегі іркіліс салдарынан электр қуаты төмендеп, екінші буын зауытының тоқтауына, шикізатты жер қойнауына кері айдау және кешенді технологиялық тізбек өндірісінің ішінара қысқаруына әкелді" деді Нұрлан Ноғаев.
Энергетика министрі көрсеткен слайдта қаңтар айында "Қашаған" кен орнында 1,23 миллион тонна, "Қарашығанақта" 1,09 миллион тонна мұнай өндірілгені көрсетілген. Бұл екі кен орнында жоспар толық орындалған.
Ноғаев 2021 жылдың бірінші айына 5,5 миллион тонна мұнай экспорттау жоспарланғанын, жоспардың 100 пайызға орындалғанын айтты.
Энергетика министрі 12 қаңтарда өткен үкімет отырысында 2020 жылы Қазақстанда мұнай өндірісі 90 миллион тоннадан 85,7 миллион тоннаға төмендегінін айтып, оның себебін коронавирус пандемиясымен түсіндірген.
"Теңізшевройл" компаниясы Қазақстандағы ең ірі салық төлеуші саналады. Forbes.kz басылымының жазуынша, компания 2020 жылдың алғашқы 10 айында 832,1 миллиард теңге салық төлеген.
Былтыр көктемде, коронавирус індеті Қазақстанға енді келгенде "Теңізшевройл" кәсіпорны Covid инфекциясы ошақтарының біріне айналған.
Қазақстан бюджетінің маңызды бөлігі мұнай ақшасынан құралатын елдердің қатарына жатады.
ПІКІРЛЕР