Accessibility links

Microsoft Ресей барлау қызметін "ірі кибершабуыл жасағаны" үшін айыптады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Microsoft корпорациясының басшысы Брэд Смит АҚШ тарихындағы ең қауіпті соққы деп бағаланған SolarWinds компаниясына жасалған хакерлік шабуылға Ресейдің қатысын дәлелдейтін айғақ барын мәлімдеді.

"Біз Ресей барлау қызметінің қатысын айғақтайтын едәуір дәлел таптық және одан басқа жаққа нұсқайтын тұжырымдар расталмады" деді Брэд Смит АҚШ сенатының барлау комитетінде өткен тыңдау кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, Техастағы SolarWinds компаниясының жүйесіне кіруге мүмкіндік беретін кодтың күрделігі сондай онымен кемінде мыңнан астам жоғары білікті программист айналысқан. "Бұл масштабтың өзі мемлекеттік құрылымның қатысы барын дәлелдей түседі" деді компания басшысы.

Сенатта сөйлеген FireEye компаниясының жетекшісі Кевин Мандиа шабуыл кезінде хакерлердің Ресейдікіне ұқсас құралдар пайдаланғанын айтты. Олар Қытай, Солтүстік Корея немесе Иран пайдаланатын құралдарға ұқсамайды.

Желтоқсан айының ортасында АҚШ-тың бірқатар мемлекеттік және жеке құрылымдарына хакерлік шабуыл жасалғаны белгілі болды. Шабуылдан Microsoft пен клиенттері де ішінара зардап шеккен. SolarWinds компаниясының программалық жабдықтауларын зақымдау арқылы жүйе бұзылған. АҚШ-тың кемінде 10 федералдық агенттігі шабуыл нысаны болғаны хабарланды. Арасында қорғаныс, сауда, энергетика, ішкі қауіпсіздік және қаржы министрліктері мен 100-ден астам жеке компания бар.

Америкалық БАҚ шабуылды Ресейдің арнайы қызметіне бағынатын хакерлер ұйымдастырды деп жазды.

Алайда АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп қарамағындағы шенеуніктердің басқа ұстанымына қарамастан Ресейді кінәлаудан бас тартты. Ақ үй Мәскеуді кінәлаған ресми мәлімдемесін соңғы сәтте таратпай қойды.

Жақында Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан алдағы бірнеше аптада АҚШ "көрінетін және көрінбейтін" бірнеше құралдың көмегімен SolarWinds компаниясына жасалған хакерлік шабуылға "жауап беретінін" мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG