АҚШ барлауы жұма күні жариялаған есебінде 2018 жылы журналист Жамал Хашоггиді қолға түсіру немесе көзін жою жоспарын Сауд Арабиясының тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бин-Салманның өзі мақұлдағаны айтылған.
Британдық ВВС АҚШ билігі бұл атышулы іске байланысты АҚШ билігі Сауд Арабиясының тақ мұрагері ханзадасын алғаш рет атап отырғанын жазды. Мұхаммед бин-Салманның өзі бұл іске қатысы жоғын мәлімдеген.
Вашингтон Хашогги мен өзге де диссиденттерді шетелде қудалауға қатысы бар деген күдікке ілінген Сауд Арабиясының 76 азаматына виза беруге тыйым салуды ұйғарғанын АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мәлімдеді. АҚШ қаржы министрлігі Сауд Арабиясының жалпы барлау қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Ахмед Асири мен мен ханзада Мұхаммед бин Салманға бағынышты жедел іс-қимыл күштері элиталық бөлімшесіне қарсы санкция салынатынын хабарлады. Осы құрылым мен генерал Асириды АҚШ барлауы есебінде Жамал Хашоггидің қазасына қатысы бар деп атаған.
Сауд Арабиясы билігін, ең алдымен тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бин-Салманды қатты сынайтын мақалалармен танымал, өмірінің соңғы жылдары АҚШ-та тұрған журналист Жамал Хашоггиді Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында өлтірген. "Түркиядағы журналисті қолға түсіру немесе көзін құрту операциясын тақ мұрагері ханзада мақұлдаған деп пайымдаймыз" делінген АҚШ ұлттық барлау директоры басқармасының хабарламасында. Бұған дейін Вашингтон ханзада бин Салманды Хашоггидің қазасына байланысты көптің көзінше айыптаған емес, әйткенмен АҚШ Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) Сауд Арабиясындағы король отбасының мүшесі адам өлтіруге тапсырыс беруі мүмкін бе деген жорамалды зерттеген деген хабарлар болған.
АҚШ президенті Джо Байден Сауд Арабиясындағы адам құқығы мен заң үстемдігі мәселесіне келгенде өзіне дейін Ақ үйді басқарған Дональд Трамптай емес, қатаң позиция ұстанатын сияқты. Бұл ел Вашигтонның Таяу Шығыстағы негізгі одақтасы саналады. Бейсенбі күні Сауд Арабиясы королі Салманмен телефонмен сөйлескен Байден АҚШ адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау маңызды екеніне мән беретінін атап айтқан.
Reuters агенттігі дерек көздерінің ақпаратына қарағанда, қазір Байден әкімшілігі Эр-Риядқа қару-жарақ сату жөніндегі бұған дейін жасалған бірқатар келісімнің күшін жою және болашақта король отбасына қорғанатын әскери техниканы ғана сатуды қарастыратын шектеу енгізу мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Сауд Арабиясы билігі сүйегі сол қалпы табылмаған Жамал Хашоггидің қазасын журналисті елге қайтармақ болған арнайы агенттер өрескел жүргізген операцияның салдары деп түсіндірген. Сауд Арабиясы соты бес адамға айып тағып, былтыр желтоқсанда оларды әуелі өлім жазасына кесіп, кейін үкімді 20 жыл түрме жазасына ауыстырған.
2019 жылы ББҰ-ның арнайы өкілі Агнес Калламар журналистің қазасына Сауд Арабиясы басшылығын айыптап, "Хашогги Сауд Арабиясының лауазымды тұлғалары ұйымдастырған аяусыз қастандық құрбаны болған" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР