Accessibility links

Атырауда арнайы жасақ Боқаев шақырған шараға жиналғандарды кеттлингке алмақ болды


Макс Боқаев (ортада) Атыраудағы алаңда тұр. 28 ақпан 2021 жыл.
Макс Боқаев (ортада) Атыраудағы алаңда тұр. 28 ақпан 2021 жыл.

28 ақпанда Атырау қаласындағы Исатай мен Махамбет алаңына белсенді Макс Боқаев бастаған он шақты адам жиналып, билікке талап айтты. Митингіге келгендерден гөрі қатысушыларды таратуға тырысқан шенеуніктер, полицейлер мен арнайы жасақ көп болды. Жиналғандарды арнайы қоршауға тырысқан соң алаңға келгендер тарқап кетті. Бұл туралы Азаттыққа шараны ұйымдастырған белсенді Макс Боқаев өзі айтып берді.

- Осыдан бес жыл бұрын 24 сәуірде жер митингісі өткен кезде ағаштың бір бұтағы да сынған жоқ. Бұл халықтың бейбіт жинала алатынын көрсетті. Сондықтан біз биліктен ұлттық ымыраға келіп, [басқа] Конституция қабылдап, сайлаудың қайта өтуін талап етуіміз керек, - дейді ол.

Боқаевтың айтуынша, әкімдік өкілдері мен прокуратура қызметкерлері оған толық сөйлеуге мүмкіндік бермеген. Атырау қаласы әкімнің орынбасары Самат Емберген, Атырау облыстық прокуроры орынбасары Бауыржан Жұмаханов дауыс күшейткіш арқылы жиналғандардың тез тарауын талап еткен.

Макс Боқаевтың сөзінше, алаңға арнайы жасақ қаптап келіп, “кеттлинг” жасауға тырысқан соң ол адамдардан тарауды өтініп, үйге қайтқандарын айтады.

Боқаев 2016 жылғы жер митингісінен кейін “араздық қоздырды”, “бейбіт митинг заңын бұзды” деген айыптармен бес жылға сотталып, биыл 4 ақпанда түрмеден шыққан еді. Ол сол күні Атыраудағы Исатаймен Махамбет алаңына келіп, өзінің 28 ақпан - 28 наурыз аралығында апта сайын билікке талаппен митингіге шығатынын айтқан. Осыдан соң Қазақстандағы басқа да оппозициялық топтар мен белсенділер 28 ақпанда наразылыққа шығатынын жариялаған.

28 ақпанда полиция мен арнайы жасақ Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Семейде наразылық орны деп белгіленген жерге келгендерді бірнеше сағат кеттлингке алып, кейбірін ұстап әкетті.

Наразылыққа келгендер биліктен саяси тұтқындарды босатуды, Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қабылдаған қарарындағы талаптарды орындауды, президенттіктен кетсе де билікке әсер етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнынан толық кетуді талап етті.

  • Боқаев 28 ақпанда алаңға барамын деген соң шетелге қашып кеткен экс-банкир, оппозициялық саясаткер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов пен "Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай жұртты 28 ақпанға билікке талап айтатын митингіге шақырған.
  • Қазақстан билігі ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • Қазақстандағы бейбіт митинг туралы жаңа заң бойынша, жұрт қандай да бір наразылық жиынын өткізуі үшін әкімдікке ескертуі тиіс. Бірақ жергілікті әкімдіктер көбіне түрлі себеппен митингіге рұқсат бермейді. Ал билік рұқсат етпеген митингіге қатысушыларды полиция күштеп ұстап, жазаға тартады.
  • Еуропарламент ақпанда Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған қарарында "Нұр-Сұлтан бейбіт митингіге шыққандарды қудалап, қысым жасайтынын", "саяси белсенділерді қамайтынын" сынаған. Билік қарарды "теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" дегенімен, "теріс ұстанымдағы саясаткерлердің" атын атамаған.
  • Атырау соты түрмеден шыққан белсенді Макс Боқаевқа үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындап, оған алаңға баруға тыйым салған. Белсенді бұл шектеумен келіспей, айтқанынан қайтпайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG