Accessibility links

Мьянма полициясы наразыларды оқпен таратуға тырысты, қақтығыс кезінде кемінде 18 адам қаза болды


Янгонда Аун Сан Су Чжиды босатуды талап етіп тұрған наразылар. 22 ақпан 2021 жыл.
Янгонда Аун Сан Су Чжиды босатуды талап етіп тұрған наразылар. 22 ақпан 2021 жыл.

27-28 ақпан күндері Мьянма қалаларында тағы наразылық акциялары өтті. Янгон, Тавой, Мандалай қалаларында полициямен қақтығыста кемінде 18 адам қаза болды, 30-дан астам адам жараланды. Полиция наразыларды тарату үшін оқ, резеңке оқ пайдаланып, демонстранттарға жас ағызатын газ шашты. Бұл туралы БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы мәліметіне сүйенген Би-би-си агенттігі хабарлады.

Оппозиция әскерилердің биліктен кетуін талап етіп, тұрғындарды жалпыұлттық ереуілге шығуға шақырды. Олар Аун Сан Су Чжи мен Демократияшылардың ұлттық лигасы басшылығын дереу босатуды талап етті.

Әскери билікке бағынатын полиция елдің де-факто басшысы Аун Сан Су Чжи мен президент Вин Мьинді үйқамаққа отырғызған. Елде бір жылға төтенше жағдай жарияланған. Елдің ірі қалаларында кешкі сағат 8 бен таңғы сағат 4 аралығында коменданттық сағат орнатылған.

Қамауда отырған Аун Сан Су Чжиге рацияны заңсыз тасымалдау, сақтау және пайдалану, импорт заңын бұзу сияқты бірнеше бап бойынша айып тағылған.

Мьянма армиясы жаңадан парламент сайлауын өткізуге уәде берді, бірақ әзірге мерзімін айтпады. Әскери басшылар Демократияшылардың ұлттық лигасы жеңген соңғы сайлаудың нәтижесі бұрмаланғанын мәлімдеді.

Сенбі күні әскери билік БҰҰ-дағы Мьянма уәкілі Чжо Мо Тунды қызметінен босатты. Бұған дейін дипломат әскери билікке төтеп беру үшін "барлық қажетті амалдарды пайдалануға" шақырған. Мьянманың мемлекеттік телеарнасы Чжо Мо Тун "уәкіл қызметін асыра пайдаланып, елді сатып кетті" деп мәлімдеді.

  • 1962 жылдан бері билікте отырған әскерилер халықаралық қысымның нәтижесінде 2011 жылы демократияға біртіндеп көшуге келіскен. Есесіне парламенттегі орындардың 25 пайызын сақтап, күштік құрылымдарды бақылауында ұстап қалған.
  • Демократияны қолдайтын азаматтық қоғам жетекшісі Чжо Мо Тун партиясы одан кейінгі сайлаулардың бәрінде жеңген.
  • Аун Сан Су Чжидің Демократияшылардың ұлттық лигасы былтыр сайлауда басымдықпен жеңіп, әскерилердің араласуынсыз тәуелсіз үкімет құру мүмкіндігіне қол жеткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG