Accessibility links

"Бұл сыйлық - күресімнің жемісі". Сайрагүл Сауытбай Нюрнберг адам құқығы сыйлығымен марапатталды


Сайрагүл Сауытбай.
Сайрагүл Сауытбай.

Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы алғашқылардың бірі болып әлемге жеткізген қазақ Сайрагүл Сауытбай халықаралық Нюрнберг адам құқығы сыйлығымен марапатталды. Бұл туралы сыйлықты тағайындаған Нюрнберг қаласының адам құқығы кеңсесі хабарлады.

Сауытбайға сыйлықты табыстау рәсімі 15 мамырда Нюрнбергтегі Опера үйінде өтуі тиіс.

Сайрагүл Сауытбай "бұл - марапат тоқтамай Қытайдың қылмысымен күрес жүргізуімнің нәтижесі, Еуропадағы, Түркиядағы, Қазақстанда күрес жүргізіп жатқан ақиқат сүйгіш адамдардың ортақ жеңісі" деп біледі.

- Нюрнберг адам құқығы сыйлығын табыстаушылар зерттеп, зерделеп бұл марапатты маған табыстағандары жайлы хабар жеткізді. Хабарды естігенде қатты қуандым. Бұл марапатты маған сыйлығын Нюрнберг қаласының басшысы Маркус Кенигке, қала билігіне, бағалау комиссиясына алғыс айтамын. Бұл сыйлық басын қауіп-қатерге тігіп, адам құқығы үшін күрескен адамдарға беріледі. Сый екі жылда бір рет табысталады. Біздің күресіміз енді басталды. Батыс елдерінің қолдауының арқасында Қытайдың қылмысына ауыр соққы береміз деп ойлаймын, - деді Сайрагүл Сауытбай Азаттыққа.

Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай Шыңжаңдағы лагерьде оқытушы болып жұмыс істеп, кейін Қазақстанға шекара бұзып қашып келген. Тарихи отаны Қазақстан Сауытбайды шекара кесіп өткені үшін айыптаған. Бұл елден босқын мәртебесін де ала алмады. Осыдан соң, 2019 жылы Швеция Сайрагүл Сауытбайға саяси баспана мен азаматтық берген. Қазір ол отбасымен осы елде тұрып жатыр.

"Швеция билігі Сайрагүлге саяси баспана берген соң ол лагерьлердің ішкі құпиясын, Пекиннің батыс демократиясына төндірген қаупі мен жаулап алу жоспарын жайып салды. Қытайдың коммунистік партиясының қорқытып үркітуіне қарамастан ол "лагерьде не болып жатқанын және партияның жоспарын бүкіл әлем білу керек" деп санайды" делінген Нюрнберг қаласының адам құқығы кеңсесінің мәлімдемесінде.

Сыйлықты тағайындағандар Сауытбайдың Александра Кавелиуспен бірге жазған Шыңжаң жайлы "Басты куәгер" кітабында лагерьлерде ақылға сыймайтын қылмыстар жайлы деректер ұсынғанын да атап өткен.

Сыйлықты берген қазылар бұл марапат Сайрагүл Сауытбайға ісін жалғастыруға қолдау әрі қорғау болады деп үміттенеді.

"Диктатура мен демократия арасы". Сайрагүл Сауытбайдың Швециядағы өмірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:27:57 0:00

Бұл – Сайрагүл Сауытбайдың халықаралық деңгейдегі алғашқы сыйлығы емес. Ол былтыр наурызда Шыңжаңдағы репрессия туралы берген батыл түсініктемелері үшін АҚШ мемлекеттік департаментінің "Халықаралық батыл әйел" (Annual International Women of Courage) сыйлығына ие болған.

  • Қытайда туған қазақ Сайрагүл Сауытбай Шыңжаңдағы лагерьлердің бірінде оқытушы болып жұмыс істеп, кейін тарихи отанына қашып келген. Ол Шыңжаңда өзіне лагерьге қамалу қаупі төнгенін де айтты.
  • Қазақстан билігі оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін айыптап, үстінен іс қозғады. Ал Пекин оны Қытайға қайтаруды талап етті. Сайрагүл Қытайға қайтса, лагерьдегі жағдайды ашық баяндағаны үшін Пекин өзін "мемлекеттік құпияны ашу" бабымен өлім жазасына кесетінін айтты.
  • Қазақстан қоғамы мен әлем қауымдастығы Сайрагүлдің ісіне жіті назар аударуының арқасында, ол депортациядан құтылып, елде қалды. Сауытбай жарты жыл пробациялық бақылауға алынып, босап шықты. Бірақ ол Қазақстанда не азаматтыққа, не саяси баспанаға қол жеткізе алмады. Бірнеше айға созылған талпыныс пен сарыла күтуден соң ол Швецияға кетті.
  • БҰҰ есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық мұсылман лагерьге қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атайды.
  • Қытай Шыңжаңдағы лагерьлерді "кәсіп үйрететін, жұртты терроризмнен құтқаратын орталық, мұнда оқып шыққандар кәсіп меңгеріп, жұмыс табады" деп мәлімдеген.
  • АҚШ мемлекеттік департаменті мен Канада парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп атаған.
  • Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG