Бір ғасыр бұрын Лениншіл коммунистер бір кездері большевиктер революциясының "абыройы мен мақтанышы" саналған теңізшілердің көтерілісін қалай басып жаншып еді?
Қызыл әскердің Кронштадт теңізшілеріне шабуылын бейнелейтін бұл сурет – большевиктер билігінің озбырлығын көрсетіп, бүкіл әлем социалистеріне ауыр әсер қалдырған көріністердің бірі.
Кронштадт бекініс-аралы Санкт-Петербург жағалауынан 23 шақырымда орналасқан. Бұл бекіністі астананы теңіз шабуылдарынан қорғау үшін Ұлы Петр салғызған.
Кронштадт әскери-теңіз қамалының тарихында солшыл радикализм, көтерілістер мен кек қайтару оқиғалары көп кездеседі. 1917 жылы Ресейде патша билігі құлағаннан кейін Кронштадттың наразы теңізшілері қамал командирін ұстап алып, темір істік қадап өлтірген.
Крондштадттың мыңдаған теңізшісі большевик Владимир Ленинді қолдап, оған 1917 жылғы революция кезінде билікті басып алуға көмектескеннен кейін "революцияның абыройы мен мақтанышы" деген атаққа ие болды.
1921 жылға қарай большевиктер революциясынан кейін басталып, төрт жылға созылған азаматтық соғыс пен жаңа коммунист басшылардың қатаң билігінің салдарынан өте көп адам зардап шекті.
Кронштадт теңізшілеріне үйге демалысқа қайтуға рұқсат берген кезде, олар туған ауылдарына барып, ондағы қорқынышты көрініс пен Ленин уәде еткен революциялық социализмнің арасында жер мен көктей айырмашылық барын түсінген.
Теңізшілердің бірі бұл туралы "Көп жыл бойы майданда не теңізде жүргенімізде большевиктер цензурасы туған ауылымызда болып жатқан оқиғаларды бізден жасырып келді. Үйге оралған кезде ата-анамыз "Неге халықты қанаған адамдардың жағында соғысып жүрсіңдер?" деп сұрады. Бұл бізді ойға қалдырды" деген.
Азаматтық соғыс аяқталуға жақын қалғанда халықтың басындағы қиындықтар мен қуғын-сүргінді ақтайтын ешқандай себеп қалмағандай көрінді.
28 ақпанда Петроградта мыңдаған жұмысшы ереуілге шыққан кезде Кронштадт теңізшілері билікке қоятын талаптар тізімін жариялап, большевиктерге қысымды күшейтті.
Теңізшілер ұсынған тізімде радикал солшыл әріптестеріне сөз бостандығын беру және демократиялық сайлау өткізу туралы талаптар да бар.
Көтеріліс басталғаны туралы хабар тараған кезде Петроград халқы тағы да жаппай саяси зорлық болады деп қорықты.
Большевик Виктор Серж өз естелігінде осы хабардан кейін қаланы тастап, көшіп бара жатқан қарт әжені көргенін айтады.
Ол әжеден қайда бара жатқанын сұрағанда, қарт әйел "Байғұс балаларым, олар сендерді бауыздап өлтіреді. Тағы да бәрін тонауға көшеді" деп жауап берген.
Большевиктер теңізшілердің талабына жауап ретінде халықтың төбе шашын тік тұрғызатын ультиматум қойып, "Тез арада берілмесеңдер, сендерді кекілік сияқты атып тастаймыз" деген мәлімдеме жасаған.
Осыдан кейін көп теңізшінің отбасы мүшелері кепілге алынған.
Көктем жақындаған сайын большевиктер "Кронштадттың айналасындағы мұз еріп, көтерілісшілер теңізден қор жинап алса, коммунизмге қарсы қамалды бағындыра алмай қаламыз" деп қорыққан.
Кейінірек Лев Троцкий өз естелігінде "Біз мұз еріп кетеді деп қорықтық. Сондықтан соққы жасауға мәжбүр болдық" деп жазған.
7 наурыз күні кешкісін жазушы және радикал "коммунист-анархист" Александр Беркман Петроградтың бас көшесімен серуендеп келе жатып алыстан артиллерия дауысын естіген. Анархиялық утопияға деген үміті сөнуге айналып, Кронштадт көтерілісінен кейін қайта оянған ресейлік-америкалық азамат өз күнделігіне: "Шарасыздықтан жүрегімнен жан кетіп, ішімде бірнәрсе өліп қалғандай күй кештім. Көшедегі адамдардың қайғыдан еңсесі түсіп кеткендей көрінді. Ауыр қарудың дауысынан күн күркірегендей болды" деп жазған.
Кронштадтқа 20 мыңға жуық құрлық әскерімен жасалған бірінші шабуыл кезінде мыңдаған коммунист жауынгер мерт болды. Олардың көбі Кронштадт артиллериясы мұзды жарғаннан кейін суға батып өлді.
Бірақ коммунистер топтарға бөлініп, әскерді екінші шабуылға дайындай бастады. Кронштадттың айналасындағы мұз құрсауында жатқан бос территорияда келе жатып, жауынгерлердің кейбірі советтік интернационал әнұранын айтты. Оларға қарағанда әлдеқайда құлшынысы аз басқа жауынгерлер әскердің кері шегінбеуіне жауапты қару асынған большевиктердің құпия полициясының айдауымен жүріп келе жатты.
17 наурызға қараған түні 50 мың адамнан тұратын әскер дыбыс шығармай жан-жақтан мұздың үстімен алға жылжып отырды. Крондштадттағы 15 мың көтерілісшіге қарсы шабуылға бара жатқан жауынгерлерге жолда бір-бірімен сөйлесуге және шылым шегуге тыйым салынды.
Крондштадт үшін болған соңғы шайқас таңда басталып, күні бойы жалғасты. Әсіресе, еш қорғанбай, мұздың үстімен алға жылжып отырған большевиктер көп жауынгерін жоғалтты.
Кейінірек Финляндия үкіметі мұз қатқан бұғазда жатқан мыңдаған мүрде көктемде жағаға шығып, індеттің өршуіне себеп болуы мүмкін деп, большевиктерден жауынгерлер денесін алып кетуді сұрады.
Большевиктердің қолына түскен теңізшілер бірден атылған немесе кейінірек ГУЛАГ жүйесіне айналған еңбекпен түзету лагерьлеріне жіберілген. Қолда бар деректер бойынша, 2 мыңға жуық теңізші өлім жазасына кесілген, олардың көбіне сотсыз үкім шығарылған.
Көтерілісті басуға қатысқан коммунист командирлердің көбі теңізшілердің тағдырын қайталаған. Кронштадтқа әскер алып кірген үш командир Сталиндік қуғын-сүргін кезінде атылған. Төртінші командир Лев Троцкий қуғында жүріп, мұз тесетін құралмен қаруланған жалдамалы кісі өлтірушінің қолынан қаза тапқан.
8 мыңға жуық теңізші мұздың үстімен көрші Финляндияға қашып құтылған. Көп жылдан кейін Сталиннің тұсында Совет одағы елден қашқан теңізшілерге амнистия жариялаған. Бұл уәдеге сеніп, туған жеріне оралған азаматтарды лагерьлерге жіберген немесе атып тастаған.
ПІКІРЛЕР